COVID-19: Қазақстан соңғы аптада «сары» аймаққа ауысты

14 Мамыр 2021, 16:40
2048
Бөлісу:
COVID-19: Қазақстан соңғы аптада «сары» аймаққа ауысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл айтты.

Ең алдымен маман елдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталып өтті.

Былтырғы жылдың 13 наурызынан бастап Қазақстанда COVID-19 вирусының 353 140 жағдайы тіркелді. Соңғы тәулікте 2 549 жағдай тіркелді. Олардың арасында 55%-ы осы жылы тіркеліп отыр. Яғни 1 қаңтардан бастап 197 765 жағдай, - деді маман.

Сондай-ақ ол COVID-19-дың ықтимал жағдайы туралы да айта кетті.

Былтырғы жылдан бастап 53 884 ықтимал жағдайы тіркелді. Ал соңғы тәулікте 127 жағдай. COVID-19 расталған жағдайдың ең көп саны Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, сондай-ақ Қарағанды және Алматы облыстарында, - дейді Манар Смағұл.

Оның сөзінше, эпидемиологиялық жағдайдың матрицасына сәйкес Қазақстан бір айдан астам уақыт «қызыл» аймақта болды. Тек соңғы аптада ел орташа тәуекел аймаққа, яғни «сары» аймаққа ауысты.

Бүгінгі күні әлі де 6 өңір «қызыл» аймақта тұр. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, БҚО, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстары.

Орташа тәуекел аймағына («сары» аймақ – Baq.kz) Шымкент қаласы, Атырау, ШҚО, СҚО, Алматы және Ақтөбе облыстары кіреді. 

«Жасыл» аймақта Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Қостанай облыстары тұр.

Өзгелердің жаңалығы