COVID-19 қарсы вакцина: Елімізде қазанда 200 ерікті сынамадан өтеді

6 Тамыз 2020, 14:49
2156
Бөлісу:
 COVID-19 қарсы вакцина: Елімізде қазанда 200 ерікті сынамадан өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қауіпті індет әлемнің бірнеше континентін шарпи бастағанда жаһан елдерінің көбі жергілікті вакцина өндіру ісін қолға алған болатын. Олардың қатарында Қазақстан да бар. 

Отандық вакцинаның келешегі бар ма? Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының COVID-19-ға қарсы вакцинасы қазір зерттеудің қай деңгейінде? Бұл сұрақтарға жауапты төмендегі хронологиядан алатын боласыздар. 

2020 жыл 23 наурыз. Елімізде дертке шалдыққан алғашқы пациенттерден патологиялық материалдар алынып, бір аптадан кейін институт ғалымдары SARS-CoV-2 вирусын бөліп алды. 

2020 жыл 9 мамыр. COVID-19-ға қарсы белсендендірілмеген кандидаттық вакцина жасалып, оның хаттамасы ДДСҰ-на жіберілді. 

2020 жыл 15 мамыр. Хаттамамен танысқан ДДСҰ оны клиника алды тексеруден өткен кандидаттық вакциналар қатарына қосып, вакцина және оны өндіруші туралы ақпаратты сайттарында (www.who.int) жариялады.

2020 жыл 15 мамыр. Клиника алды тексеруден өткен қазақстандық кандидаттық вакцина тышқан, сириялық атжалман, теңіз шошқасы, күзен, егеукұйрық, қоян сынды зертханалық жануарлардың ағзасында сынала бастады. Клиника алды тексерулер нәтижесінде вакцина ДДСҰ талап еткен токсиндік, пирогендік, аллергиялық, иммуногендік талаптар мен Қазақстан Республикасының фармацевтикалық тізіміне сай екені анықталды.

2020 жыл 6 шілде. Вакцина Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық сараптама орталығына жіберілді. Мұнда вакцинаның клиника алды нәтижелері бар екендігі расталды.

2020 жыл 10 шілде. Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты вакцинаны приматтарда сынай бастады. Антидене титрі – IgM, IgG, 7-күні 3,5 log (жоғары көрсеткіш) көрсеткен.

ДДСҰ талаптары бойынша осы жылдың 13 тамызында приматтардың соңғы антидене титрі анықталмақ. Ол кемінде 7 log құрау керек, бұл иммуногендіктің жоғары көрсеткіші.

2020 жыл 26 шілде. Вакцинаны жасаушы 5 ғалым тірі вируспен жұмыс істеу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ерікті түрде оны өздерінің ағзасында сынап көрді. 3 тәулік аралығында олардың денсаулық жағдайы қалыпты болды, дене қызуы көтеріліп, аллергиялық реакция туындаған жоқ. Клиника алды сынама мерзімі 20 тамызда аяқталады. Оның нәтижесі туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлауы тиіс. 

Аталмыш ведомство рұқсат берсе осы жылдың қыркүйек айынан бастап вакцина Алматы қаласының клиникасында COVID-19-ға қарсы антидене қалыптаспаған 44 еріктіге егілмек. 

Осы жылдың қазан айының ортасында клиникалық сынаманың ІІ фазасы іске қосылмақ. ДДСҰ талаптарына сәйкес келетін 200 ерікті сынамадан өтеді. Бұл кезең желтоқсан айында аяқталады. 

АҚШ, Қытай, Ресей сынды елдердің тәжірибесі мен халықты вакцинациялаудың қажеттілігін ескере отырып, 4 кезеңнен тұратын сынаманы 2 кезеңмен аяқтау жоспарланған. Бұл ДДСҰ талаптарына қайшы келмейді. 

ДДСҰ кандидаттық вакцинаның клиникалық сынамаларының нәтижесін растаса, Қазақстан Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының жанынан салынып жатқан иммунобиологиялық препараттарды өндіру зауытының базасында өз вакцинасын өндіретін болады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 60 млн доза өндіруге қауқарлы. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ, - делінген Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК таратқан хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы