Бас жаңалықтар
COVID-19. Жазылып шыққандар не дейді?
EX PHOTO
29 Мамыр 2020, 15:23 1381

COVID-19. Жазылып шыққандар не дейді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустан жазылып шыққандар қазақстандықтарға денсаулықтарына бей-жай қарамауға кеңес береді. 

Елімізде коронавирустан құлантаза айығып жатқандар саны күн санап артып келеді. Ресми дерекке сүйенсек, 29 мамыр бойынша 4900 адам COVID-19-дан жазылып шыққан. Алайда вирус жұқтырғандар мен індеттен айыққандар арасында бұл мәселеге қатысты ашық мәлімдеме жасаудан бас тартатындар да баршылық. 

Коронавирустан емделіп шыққандардың бірі – Нұр-Сұлтандағы №2 қалалық емхананың арнайы мамандандырылған бөлімі және хирургия бөлімінің меңгерушісі Асылбек Әбенов. Жаһанды жайлаған індетпен күресіп жүріп, өзі де аурудың шырмауына түсіп қалғанын дәрігер дер кезінде анықтаған. Бірақ ол ауырып жүргенін еш сезбегенін айтады.
Мен обсерваториялық орталықта үшінші категория бойынша жұмыс істеп жүрген едім. Біз әр үш күн сайын вирусқа қарсы тест тапсыратынбыз. Бас дәрігер менде оң нәтиже екенін хабарлаған кезде, бірден дайындала бастадым. Жедел жәрдем тез арада алып кетті. Ауру мүлдем сезілмеді, симптомсыз болды. Тест нәтижесін білер алдында әкеммен кездескен едім. Содан кейін үйдегі жақындарымның барлығын ПЦР-тест тапсыруға шақырдым, - дейді ол.
WhatsApp Image 2020-05-29 at 15.23.03.jpeg

 Асылбек Әбеновтің айтуынша, палатадан сыртқа шығуға рұқсат жоқ. Палатаға дезинфекциялық жұмыстар мұқият жүргізіледі.
Бойымда вирус анықталғаннан бастап ауруханаға жаттым. Палатада екі адам болдық. "Aluvia" препаратын 14 күн бойы қабылдадық. Сонымен қатар, макролид тобына жататын "Азитромицин" дәрісін 6 күн іштік. Палатадан дәлізге шығуға рұқсат жоқ. Жуынатын бөлмесі, дәретханасы ішінде. Палатаға дезинфекциялық жұмыстар жиі жүргізіліп тұрды, бөлме үнемі желдетілді. Ем қабылдап жатқандардың жағдайын сұрап келушілерге аурухананың ауласына да кіруге рұқсат етілмейді, керек-жарақты шлагбаумдағы күзетші курьерге, курьер медбикелерге беріп, бізге жеткізіледі, - дейді Асылбек Әбенов.

Асылбек қазір үй карантинінде жатыр. Бір қиындықты еңсерген адам ретінде, дәрігер ретінде қазақстандықтарды сақтық шараларын барынша сақтауға шақырды.
Адам көп шоғырланатын жерлерге мүмкіндігінше бармай, қорғаныш киімдерін тастамауға кеңес беремін. Медициналық қолғаптар, маска тағу, дезинфекциялық құралдар қолдануды әдетке айналдырайық. Вирустан ешкім сақтандырылмаған, сол себепті сақтық шараларын барынша сақтауға шақырамын, - дейді ол.
Орал қаласындағы №4 емханада жалпы тәжірибе дәрігері болып қызмет ететін Әділбек Нұрымбет есімді азамат коронавирустан емделіп шыққанын айтты. Ол ауруханада ем қабылдап жатқан кезде қасындағылармен әңгіме барысында олардың бірқатары өздерінің ауырып қалғанын жақындарынан басқа ешкімнің білгенін қаламағанын байқаған.
Дені тек отбасына ғана хабарлағанын, басқа ешкімнің білмегенін айтты. Бұған себеп коронавирус жұқтырғанын өзге жұрт естісе, өзіне, отбасына деген өзгелердің көзқарасы өзгере ме, деп алаңдайды. Менің де ауырғанымды жазылып шыққанша әріптестерімнен басқа ешкім білмеді. Осы жерде емханадағы әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Себебі барлығы кезектесіп күн құрғатпай тамақ әкеліп беріп тұрды, - дейді ол.
Әділбек Нұрымбет ауырған әр науқас жайлы өзінен басқа ешкім айта алмас еді деген пікірде.

WhatsApp Image 2020-05-29 at 17.27.14.jpeg
Егер ауырып шыққан әр науқас өзінің бастан өткізгені жайлы айтып отырса, халық біртіндеп сене бастар еді. Қазір ауырған адам саны 9000-нан асып кетті. Ауру жайлы өздері және туғандары ғана біледі. Бірақ олар ешкімге айтпайды. Таныстары естімейді. Халық кез келген ақпаратқа зәру, - деді Әділбек.
Ал бейнеулік Ғалия Рахметова вирустың бұл түрін қарапайым тұмау деп қарау үлкен қателік екендігін естен шығармаған абзал екенін айтып отыр.
9 мамыр күні провизорлық стационарға қызуым көтеріліп түстім. Коронавирусқа тапсырған сынама оң нәтиже берді. 11 мамырдан бастап Бейнеу аудандық ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне жаттым, себебі барлық клиникалық белгілер болды. Дәрігерлер пневмония асқынып кеткенін айтты. Жағдайым жақсармаған соң 19 мамыр күні Ақтау облыстық провизорлық стационарға ауыстырды. Қазір көпшілік бұл індеттің барына сенбейді. Ауруға шалдыққандардың бірі мен. Мендегі ауру белгілері өте ауыр жүрді. Сондықтан аурудың алдын алу үшін сақтық шараларына көбірек көңіл бөлуге кеңес беремін. Вирустың бұл түрін жай тұмау деп қарау үлкен қателік екендігін естен шығармаған абзал, - дейді ол.
Әлі де ем-дом шараларын қабылдап жатқан науқас, қазақстандықтарды алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге үндеді. Сонымен қатар, ол COVID-19 індетін жұқтырған науқастардың және ауырып қалған кейбір медицина қызметкерлерінің тездетіп сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...