COVID-19: Қарағандыда 3 науқас реанимацияда жатыр

5 Сәуір 2020, 15:11
1430
Бөлісу:
COVID-19: Қарағандыда 3 науқас реанимацияда жатыр

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 5 сәуір 14 сағат 05 минуттағы ресми мәлімет бойынша Қарағанды облысында вирус жұқтырудың 4 жағдайы тіркелді. Осылайша аймақта COVID-19 індетімен сырқаттанғандардың саны 31 адамға жетті. 

Қарағанды облысы елімізде коронавирус індетін жұқтыру бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматыдан кейін үшінші орында. 1 сәуір күні Қарағанды қаласының тұрғыны 62 жастағы ер адам коронавирус індетінен қайтыс болды. 

Бүгін коронавирус инфекциясының тағы 4 жағдайы тіркелді. 3 науқас ауыр жағдайда реанимациялық бөлімде, 1 науқастың жағдайы орташа, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Айнұр Абдиева. 

Басқарма мәліметінше, бүгінгі күні Қарағанды облысында тәулік бойы бақылаумен 824 адам карантинде. Олар 1А санатындағы елдерден оралған немесе шартты жұқтырған тұлғалармен байланыста болған азаматтар. Сонымен қатар үй карантинінде 1 339 адам. Олардың барлығы өзін жақсы сезінеді, ауру белгілері жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, осы сағатта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 219 адам, Алматы қаласында – 115 адам, Қарағанды облысында - 31 адам, Ақмола облысында - 23 адам, Атырау облысы - 23 адам, Жамбыл облысында - 28 адам, Шымкент қаласында - 13 адам, Шығыс Қазақстан облысында - 5 адам, Алматы облысында - 10 адам, Ақтөбе облысында - 10 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 25 адам, Павлодар облысында - 1 адам, Маңғыстау облысында - 3 адам, Қызылорда облысында - 31 адам, Батыс Қазақстан облысында - 2 адам, Түркістан облысында - 29 адам, Қостанай облысында - 1 адам, жалпы 569 науқас тіркелді.






Өзгелердің жаңалығы