Бас жаңалықтар
Даниал Ахметов ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін мерекемен құттықтады
PHOTO
08 Мамыр 2021, 19:59 378

Даниал Ахметов ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін мерекемен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО әкімі Даниал Ахметов Өскемен мен Семейдің бірқатар ардагері мен тыл еңбеккерін мерекемен құттықтады. Өңір басшысы бұл туралы facebook-тегі парақшасында жазды.

Барлық шығысқазақстандықтар атынан Ұлы Отан соғысына қатысушыларға 1 миллион теңге көлемінде ақшалай көмек берілді. Сондай-ақ, тұрмыстық техника, дәрумендер, шайға тәттілер салынған себет, дәстүрлі әскер сөмкесі тарту етілді.


Гавриил Одинцов соғысқа 1942 жылы аттанды. Төртінші Украин майданына, Польша, Германия, Чехословакия шайқастарына қатысқан. Ерекше атап өтерлігі, соғыстан кейінгі жылдары Гавриил Васильевич облыстың білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосты.


Ғасыр әже, тыл еңбеккері - Хауа Буланбаеваның ғұмыры да білім саласымен тығыз байланысты. Ардагер апа сүйікті кәсібімен соғыс жылдарының өзінде де бір сәтке ажыраған емес. Мектепте сабақ беріп, эвакуацияланған балаларды қабылдап, қажеттіліктерін қамтамасыз етті.


Александра Саратовцева нәзік болмысына қарамастан соғыстың барлық ауыртпалықтарын бастан өткерді. Шақырудың алғашқы күндерінен бастап 19 жасар Саша құрылыс бригадасында жұмыс істеді. Алты ай бойы Днепр арқылы өтетін көпір құрылысына қатысқанын ерекше атап өткім келеді, - деп жазды облыс басшысы.


Жас, енді шаңырақ көтерген Бояубаевтар отбасының өміріне зұлмат соғыс басқа да мыңдаған адамның тағдырын өзгерткендей, күтпеген жерден енді. Қаба ақсақал Сталинград түбінде соғысып, ауыр жараланады. Елге оралып, Қайкен Қабылқызымен бірге балаларды тәрбиелеп, туған өлкенің игілігіне еңбек етті. Қазір 95 жастағы Кайкен апа шөберелеріне мақтанышпен үлкен аталарының ерлігін айтып отырады.


1937 жылдары өткен қуғын-сүргіннен кейін Төлеухар Әбілқасымов жетім қалды. Соғыс басталған шақта ойланбастан Отан үшін тылда еңбек етті. 7 жастағы жеткіншек өгізбен жер жыртып, масақ теріп, отын жинады.


Семейде Қамкетай Байыров ақсақалмен кездестім. Соғысқа 1943 жылы өз еркімен аттанған. Зенитшіге оқыған соң, Балтық майданына жіберіледі, "Ахтуба" кемесінде қызмет етеді. Вильнюс, Рига, Таллинді азат етуге қатысқан, - деді ол.


Одан кейін Таисия Шевченко апамызды құттықтадым. Санитарлық қызмет ефрейторы "Халқымыз бізді еркелетіп жатыр" деген сөздермен қарсы алды. Бұл - халықтың Сіздердің алдыларыңызда басын иіп, көрсеткен құрметі. Бізге болашақ бергендеріңіз үшін мәңгілік тағзым етіп өтеміз, - деп жазды Даниал Ахметов.





Фото: дереккөз
Загрузка...