Дәстүрлі «Ауылым – алтын тұғырым» конкурсы басталды 

1 Наурыз 2021, 17:58
1826
Бөлісу:
Дәстүрлі «Ауылым – алтын тұғырым» конкурсы басталды 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен «Мәдениет порталы» бірлесіп «Ауылым – алтын тұғырым» дәстүрлі әдеби онлайн конкурсын жариялады.

Конкурсқа қатысу үшін жасы 17 мен 45 жас аралығындағы қаламгерлер өз шығармаларын ұсына алады. Сонымен қатар «АУЫЛ тақырыбына арналған үздік драматургия» аталымына шығарма ұсынатын қаламгерлердің жас мөлшеріне шектеу қойылмайды. 

Әдеби байқауға қатысқысы келетін кез келген қаламгер өз шығармасын «Мәдениет порталына» онлайн түрде өз қолымен тіркеу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін үміткерлер «Мәдениет порталына» тіркеліп, конкурсқа ұсынылған шығармалары мен жеке мәліметтерін порталда көрсетілген «Шығарманы қосу» батырмасы арқылы орналастыра алады. Авторлар өз шығармалар онлайн түрде 2021 жылдың 1 қарашасына дейін жіберуі тиіс, - делінген таратылған ақпаратта.

Бұған дейінгі дәстүрлі түрде өткен «Ауылым – алтын тұғырым» конкурстарынан ерекшелігі, 2021 жылғы байқауға орыс тілінде жазылған шығармалар да қабылданады. Бір айта келерлік жайт, барлық шығарма бұған дейін басқа конкурстарға ұсынылмаған болуы шарт.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «АЛТЫН ТҰҒЫР» әдеби жүлдесінің иегеріне қосымша 200 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Конкурсқа қатысқан шығармалар кітап болып шығарылады. Конкурстың басқа да шарттарын «Мәдениет порталындағы» ережесінен оқып алуға болады. 
Конкурсқа шығармаларды қабылдау 2021 жылдың 1 қарашасына дейін жүргізіледі. Жеңімпаздарды марапаттау 2021 жылы желтоқсан айында Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізіледі. Салтанатты шараның нақты уақыты мен өткізілетін орны қосымша хабарланады.









Өзгелердің жаңалығы