Бас жаңалықтар
Денсаулыққа зиянды салада жұмыс істейтіндерге үстемақы төлене ме?
16 Қазан 2020, 11:19 594

Денсаулыққа зиянды салада жұмыс істейтіндерге үстемақы төлене ме?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулыққа зиянды өндірістік салада жұмыс істейтін азаматтарға жалақысымен қоса қандай көлемде үстемеақы төленеді? 

Осы сұрақтың жауабын білу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сауал жолдаған болатынбыз.

Зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу мәселесі ҚР Еңбек кодексінің 105-бабы бойынша қарастырылған. 

Еңбек министрлігінің айтуынша, қызметкерге жұмыс берушінің шартында көрсетілген қосымша ақы төленеді.

Аталған баптың 1-тармағына сәйкес ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу еңбек жағдайлары қалыпты жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеумен салыстырғанда жоғарылатылған мөлшерде төленеді. Сонымен қатар, жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар немесе еңбек жағдайларын салалық келісімде айқындалатын зияндылық пен қауіптілік дәрежесі бойынша бөлетін салалық коэффициенттерді ескере отырып, ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде мөлшері айқындалатын қосымша ақылар белгілеу арқылы белгіленеді, - деді бірінші вице-министр Ақмәди Сарбасов.

Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің еңбегіне жоғарылатылған мөлшерде ақы төлеу өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады. 

Аталған бапта белгіленген еңбекке ақы төлеу талаптары ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстардағы еңбегі өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерімен расталған жұмыскерлерге ұсынылады. 

Жұмыс беруші өндірістік объектілерге еңбек жағдайлары бойынша, сондай-ақ аттестаттауға жатпайтын жұмыс орындары бойынша аттестаттауды жүргізбеген жағдайда, ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес жүргізіледі, - деді вице-министр.

ҚР Еңбек кодексінің 103-бабына сәйкес жалақы жұмыскерге жұмыс уақытын есепке алу бойынша жұмыс берушінің құжаттарында есепке алынған нақты жұмыс істеген уақыт үшін төленеді. 

Экономикалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, өзге де өндірістік немесе табиғи сипаттағы себептер бойынша жұмыстың уақытша тоқтап тұруы бос тұрып қалуға жатады. 

ҚР Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша бос тұрып қалу уақытын ресімдеу тәртібі және бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу талаптары еңбек, ұжымдық шарттарда айқындалады. Сондай-ақ жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде, ал жұмыс берушінің кінәсінен болғанда – жұмыскердің орташа жалақысының кемінде елу пайызы мөлшерінде белгіленеді, - деп жауап берді министрлік.

Яғни карантин кезінде жұмыс беруші бос тұрып қалу уақытын рәсімдеген жағдайда жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде жалақы төленеді. Жоғарыда аталған еңбектің зиянды жағдайы үшін үстемеақы зиянды еңбек жағдайында нақты жұмыс істеген жағдайда төленеді.


Фото: дереккөз
Загрузка...