Бас жаңалықтар
Алматыда денсаулық сақтау жүйесі туралы заң кодексі талқыланып жатыр
24 Ақпан 2020, 15:48 150

Алматыда денсаулық сақтау жүйесі туралы заң кодексі талқыланып жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы Кодекс нормалары талқыланып жатыр.

Жиын барысында министр бұл өте маңызды мәселе екенін және оған еліміздегі әрбір азаматтың қатысы бар екенін айтып өтті. 

Бұл еліміздегі әрбір азаматтың денсаулығын қорғайтын құқықтық, нормативтік заң. Бұл Кодексті жаңарту бойынша 2018 жылы Елбасы тапсырма берген еді. Алғашқы тармақтары сол жылы әзірленіп, содан бері қоғам тарапынан қызу талқыланып келеді. Өйткені қоғам бұған дейінгі нормалармен жөнді таныс болмаған, қазір қоғамның ақпараттандыру деңгейі жоғары. Сондықтан қызу талқылануда, - деді министр. 

Біртанов сөз арасында бұл Кодексті бастан-аяқ жаңадан жазып шыққандарын жеткізді.

Алғаш "Денсаулық 2016-2019" бағдарламасын енгізгенде көптеген идеяларды жүзеге асыру мүмкін болмады. Өйткені Заңды өзгерту қажеттілігі тұрды. Содан бірнеше рет Парламентке жүгініп, нормаларды өзгерттік. Дегенмен көп өзгерту енгізуге мүмкіндігіміз болмады. Осы күзде Парламенттің қарауына тапсырылды, алайда президент қол қойғанға дейін әлі талай өзгеріс енгізіледі, - деді ол. 

Сондай-ақ, ол Кодекстің жаңа жобасында мемлекетіміздің ерекшеліктері ескерілгенін және әлемдік тәжірибе негізінде, ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес өзгерістер енгізілгенін жеткізді. 

Кодекстің жобасы алғаш рет Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында бір жыл бұрын жарияланды. Осымен оныншы  қоғамдық тыңдау өтуде. Бүгінде үш мыңнан астам түзету мен ұсыныс жинадық. Әсіресе, халықтың пікіріне сүйеніп Кодекске түзетулер енгізуге көмектескен ҚР Үкіметі Мәжілісі жанындағы жұмыс тобына, ҮЕҰ-ға алғыс айтқым келеді, - деді министр. 

Жаңа Кодекс жобасы қабылданса, ұлт денсаулығын нығайту, азаматтардың өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігін күшейту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын бақылауды күшейту, медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыру, медициналық пунктерді дамыту, денсаулық сақтауды цифрландыруға қол жеткізу мәселесі жүзеге аспақ.

Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова, балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Аружан Саин, үкіметтік емес сектордың, кәсіподақтардың, медициналық ұйымдардың мүшелері, денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар, қоғам белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып жатыр. 


Фото: автордан
Загрузка...