Бас жаңалықтар
Депутат: Қазақ жерінің байлығын пайдаланғандар көгалдандырумен де айналыссын
17 Сәуiр 2021, 18:46 299

Депутат: Қазақ жерінің байлығын пайдаланғандар көгалдандырумен де айналыссын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Есенғалидай айтулы ақын, арыс азамат, дүр қазақ өмірден озып жатқанда дауға араласпайыншы» деп ойлап едім, жауап бермесіме болмады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты Самат Мұсабаев Facebook-тегі парақшасында жазды.

Ол ақын Есенғали Раушановтың тосын қазасы ауыр тигенін айтты.

Қадірі артық асыл ағамыз Есенғали Раушановтың тосын қазасы қатты тиді... Алыптар азайған сайын өз тірлігіміз мәнсіз көрініп кететіні бар еді. Бүгін де сондай жайсыз күн болды. Оның үстіне кешке жақын менің атым аталған бір ақпарат шығып, жан-жағым аздап үрпиісіп те қалған жайы бар. «Есенғалидай айтулы ақын, арыс азамат, дүр қазақ өмірден озып жатқанда дауға араласпайыншы» деп ойлап едім, жауап бермесіме болмады, - деп жазды ол.
Айтуынша, 48-баптың 2-тармағындағы «ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін» деген сөздер «орман өcipy үшін» деген сөздермен ауыстырылсын» деген сөздерді бірқатар азамат түсінбей немесе түсінсе де әдейі дау тақырыбына айналдырып жатыр екен. 
Басқаларда шаруам жоқ, мен тәуір көретін ініміз Мұхтар Тайжанға ғана бір ауыз лебіз арнағым келеді. Мен Мұхтардың ел мен жерге жаны ашитын азаматтығын мойындаймын, құрметтеймін. Жер комиссиясына кіріп Қазақ Жерінің тағдыры үшін басын бәйгеге тігіп жүрген азаматтығын ұнатамын және оның Жер туралы айтып жүрген ұсыныстарының (Ауыл шаруашылығы жерлері ешкімге: шет елдіктерге де, қазақтарға да сатылмауы керек деген) барлығын қолдаймын!, - деді депутат.
Ол заңдағы кейбір сөзді шатастырмауды сұрады.
Ал заңға енгізілген ұсынысқа келсем, бұның мәнісі мынадай: Бірінші, «орман өсіру үшін» деген сөздерді мен неге қолдаймын? Заңнан үзінді келтірер болсам, «Лесоразведение, яғни, орман өсіру – бұрын орман немесе өсімдік (ағаш) жабындысы болмаған аумақтарға қолдан ағаш егіп, көгалдандыру; Лесопользование - заңды және экономикалық регламеттерге сай орман ресурстарын пайдалану» деген сөздерді көреміз. Біз әріптестерімізбен бірге өзгеріс ұсынған тармақтағы «орман өсіру үшін» деген сөздерді «орман пайдалану үшін» деген сөздермен шатастырмауларыңызды сұраймын, - деді Мұсабаев.
Депутаттың сөзінше, кез келген жерді пайдаланушы, ол мұнай саласына келген инвестор ма, жол салуға келген инвестор ма, зауыт пен фабрика салушы азаматтар ма, бәрібір қазақ жеріне орман өсіруі тиіс.

Бұл сөздердің мағынасын әрі қарай ашар болсақ, кез келген жерді пайдаланушы, ол мұнай саласына келген инвестор ма, жол салуға келген инвестор ма, зауыт пен фабрика салушы азаматтар ма, бәрібір қазақ жеріне орман өсіруі тиіс! Жерімізге, елімізге келген кез келген компания немесе жеке тұлғаға өзі пайдаланатын аумақта, болмаса сол облыс пен қала аумағындағы көгалдандыру жұмысына аралассын, - деді ол.

Ол құрғап қалған Арал мен шөп өспейтін Маңғыстау жерін мысалға келтірді.

Аралдың құрғап кеткен табаны жатыр ерні кезеріп. Маңғыстаудың ұланғайыр аумағы жатыр қылтанақ өспейтін. Жерасты сулары азайған соң көшпелі құмдар тұтас ауылдарды басып тастап жатқанын да көзіміз көріп отыр. Құмды тоқтатуға мемлекеттік бюджеттен де қыруар қаражат бөлініп жатыр. Сексеуіл мен жыңғыл, тораңғы мен тобылғы егілсе, жердің көркі де кіреді, жергілікті жұртқа пайдасы да тиеді!, - деді депутат.

Мәжілісмен пайдалы қазбаны сорып алып жатқан мұнай компанияларының жерге келтірген зиянын ешкім есептеп жатқан жоқ екенін атап өтті.

Ендеше біздің елге келіп пайдаға кенелуге ниетті инвестор неге орман өсіріп, жерге пайдасын тигізбеуі керек? Қазақстанда жүздеген шетелдік мұнай компаниялары бар. Пайдалы қазбаны сорып алып жатыр. Ал сол алынған мұнайдан қоршаған ортаға, жерге келген зиянды есептеп жатқан ешкім жоқ. Шаңы шығып, соры тұз болған жер жатыр. Кенін пайдаланып отырған аумағына ағаш отырғызсын, көгалдандырсын немесе басқа да қажет аумақтарға тал-терек егіліп Жерге жағдай жасалсын. Ексін, өсірсін орманды. Елбасының тікелей тапсырмасымен Нұр-Сұлтанды айнала егілген орман белдеуінің арқасында астанамыздағы жел мен боранның азайғанын көріп отырмыз ғой. Желдің өтінде тұрған ауылдар мен қалаларды айналдыра орман егілсе несі жаман, неге қорқамыз? Ең бастысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған «жер шетелдіктерге сатылмауы тиіс» деген ұстанымнан айнымаймыз! Шетелдік инвесторлар орман егуге, көгалдандыруға алған жерді басқа мақсатта пайдалана алмайды. Себебі бұл заңмен бекітілген!, - деп қорытты сөзін депутат.
Еске салсақ, ұзақ жылдар құрылыс саласында жемісті жұмыс істеген депутат еліміздегі құрылыс саласының мәселелері мен оны шешу жолдарын ұсынған болатын.

Сонымен қатар бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысында ауыл шаруашылығы жерлерін мұраға беру мен 49 жылға дейін жалдау мерізмі жайлы мәселе талқыланды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...