Депутат «Сардоба» су қоймасы жайлы: Жағдайы мәз емес, қауіп төніп тұр

21 Сәуір 2021, 10:51
4341
Бөлісу:
Депутат «Сардоба» су қоймасы жайлы: Жағдайы мәз емес, қауіп төніп тұр

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Файзолла Қаменов Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің қауіпсіздігі жайлы Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

Су  –  адамзат үшін өте маңызды, өте қажет табиғи ресурс екені сөзсіз. Сонымен бірге оның қауіпті жақтарына да баса назар аударуымыз керек. Жылда ерте көктемде болып жататын су тасқындары  –  заңды құбылыс.  Тәуелсіздік алғалы болған су тасқындарының ең қайғылысы  –  Қызылағаш  су қоймасының жарылуынан болған апат. Одан кейін Қарағандыдағы су қоймасында тасқын болды. Мұнда да адам шығыны болып, көптеген зиян  келді. Былтыр Өзбекстанның Сырдария облысындағы «Сардоба» су қоймасындағы бөгет бұзылып, сол елдің 22 елді мекенін су басқанын білесіздер,- дейді Файзолла Қаменов.

Оның айтуынша, «Сардоба» су қоймасы Өзбекстан жағынан сапасыз салынғаны өз алдына, көңілді алаңдататын тағы бір мәселе, ол - «Шардара» су қоймасының техникалық жағдайы. 

Халықтың айтуынша, қойманың жағдайы мәз емес, қауіп төніп тұр деп дабыл қағып жатыр. «Сардоба» су қоймасының су жинау мүмкіндігі 900 миллион текше метр болатын болса, «Шардара» су қоймасының су жинау мүмкіндігі 5 миллиард 200 миллион текше метр. Техникалық-экономикалық негіздеме негізінде қайтадан күрделі жөндеуден өтпесе, ол өзінен 110 шақырым төменде жатқан «Көксарай» су қоймасын қосып алып кетеді. «Шардара» су қоймасы өте үлкен. Екеуін қосқан кезде шамамен 8 миллиард 200 миллион текше метр су болады, - дейді депутат.

Қызылағаш су қоймасының сыйымдылығы бар болғаны 30 млн\м куб шамасында. Соның өзі бір ауылды тас-талқан етті. Ал енді Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5,2 млрд\м куб, яғни Шардара су қоймасы 173 есе үлкен. Енді Шардара су қоймасынан бар болғаны 110 км төмен орналасқан  Көксарай су реттегішінің (екеуі де Сырдария өзенінің бойында) сыйымдылығы 3 млрд\ м куб, яғни Қызылағаштан 100 есе көп деген сөз. Шардара мен Көксарай екеуін қосқанда Қызылағаштан 273 есе үлкен екен.    

Бұдан шығатын қорытынды, Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің қауіпсіздігі өте маңызды мәселе. Осы су қоймаларының қауіпсіздігі жөнінде кезек күттірмейтін мәселелерді Су ресурстары комитетінің басшысына, Үкіметке тағы да бір жеткізуді өзімнің парызым деп санаймын, - дейді Файзолла Қаменов.

Өзгелердің жаңалығы