Бас жаңалықтар
Депутаттар тіл білмейтін дипломаттарға қатаң шара қолдануды ұсынды
11 Ақпан 2021, 11:05 2409

Депутаттар тіл білмейтін дипломаттарға қатаң шара қолдануды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дипломат болуға үміткерлердің барлығы мемлекеттік тілді ғана емес, шет тілдерін де білуі керек болады. Бұл - бүгінгі Сенаттың жалпы отырысындағы депутаттардың талабы.

Егер құқық бұзушылықтар болса, лауазымдары төмендетіледі немесе қызметтерінен босатылады.

Бүгін отырыста «ҚР Дипломатиялық қызметі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасының ерекше маңызын атап өтті. «Құжат еліміздің дипломатиялық қызметінің құқықтық базасын жетілдіреді және реттейді. Жоба сондай-ақ дипломатиялық сала ардагерлерін әлеуметтік қолдауға бағытталған нормаларды да қамтиды. Қабылданған заң еліміздің дипломатиялық қызметінің тиімділігін арттыруға өз үлесін қосады деп үміттенеміз, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар заң жобасынан «дипломатиялық поштаны» дипломатиялық қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің жеке мүддесі үшін қолдану туралы бапты алу тастау айтылды.

1961 жылғы «Дипломатиялық қатынастар туралы» Вена конвенциясының ережелеріне сәйкес, дипломатиялық поштада дипломатиялық құжаттар мен ресми пайдалануға арналған заттар болуы қажет. Бұл конвенцияны Қазақстан Республикасы 1993 жылы ратификациялаған және негізгі заңымыз мұндай халықаралық шарттардың ұлттық заңнамадан басымдығын таниды. «Дипломатиялық поштаға арналған ұқсас талап еліміздің Кедендік кодексінде бар. Осыған байланысты, бұл норманы заң жобасынан алып тастау ұсынылады, - деді сенатор Қайрат Қожамжаров.

Одан бөлек, заң жобасында Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің құқықтық мәртебесін заң деңгейінде бекіту көзделген. Бүгінде Алматыда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 100-ге тарта өкілдігі жұмыс істейді.

Депутаттар заң жобасын қарау барысында оған бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Сенаторлар, атап айтқанда, «дипломатиялық қызмет ардагері» ұғымын түзетуді және осы санатқа жататын адамдар тобын қайта қарау керектігін айтты. Сөйтіп, Мәжіліске қайтарып жіберді.


Фото: дереккөз
Загрузка...