Докторантураға түсу ережелеріне өзгертулер енгізілді – БҒМ

11 Сәуір 2021, 14:19
1702
Бөлісу:
Докторантураға түсу ережелеріне өзгертулер енгізілді – БҒМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына түсу ережелеріне өзгертулер енгізілді. Енді докторантураға қабылдау электрондық форматта жүзеге асырылады, деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Өткен жылы бұл тәсіл магистратураға қабылдау кезінде тиімділігін көрсетті.

Биылдан бастап докторантураға қабылдау емтиханы электроны форматта жүргізілетін болады. Үміткерлер компьютерде отырып эссе жазады, докторантурада оқуға дайындығын растау үшін тест тапсырады және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан тапсырады.

Биыл докторантураға түсу ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Докторантураға қабылдау емтиханы алғаш рет тестілеу орталықтарының базасында дербес компьютер арқылы электрондық форматта өтеді. Өткен жылы бұл тәсіл магистратураға қабылдау кезінде қолданылған болатын. Бұл – қабылдау емтихандары тек тестілеу форматында өтеді деген сөз емес. Болашақ докторанттар жоо-лар бекіткен тақырыптар бойынша эссе жазады. Қабылдау емтиханының қорытынды бағасы эссе, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихан бағаларының жиынтығы болып табылады, – деді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді.

Магистратураға кешенді тестілеуге өтініш ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы 1 маусым-15 шілде аралығында қабылданады. Кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша куәлік электронды түрде тестіленушінің жеке кабинеті арқылы беріледі. Магистратураға кешенді тестілеу 20 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады. Араб тілі бойынша және шығармашылық емтихандар 16-25 шілде аралығында өтеді.

Магистратура мен докторантураға қабылдау 28 тамызда аяқталады.

Сонымен қатар Duolingo English Test 2021-2022 оқу жылына магистратура мен докторантураға түсу кезінде шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттар тізімінен шығарылады.

Шет тілін меңгергендігін растайтын сертификат докторантураға түсу үшін ғана міндетті болып табылатынын атап кеткен жөн. Магистратураның білім беру бағдарламаларына түсу үшін халықаралық сертификаттарды немесе кешенді тестілеу барысында шет тілінен емтихан тапсыруға болады. 

 


Өзгелердің жаңалығы