Бас жаңалықтар
ЕАЭО орталық банктерінің басшылары экономикалық мәселелерді талқылады
15 Сәуiр 2021, 21:54 206

ЕАЭО орталық банктерінің басшылары экономикалық мәселелерді талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Е.Досаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі орталық банктердің Валюталық саясат жөніндегі консультациялық кеңес отырысына қатысты.

Консультациялық кеңестің негізгі міндеттері валюталық саясатты үйлестіру мәселесі бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің орталық банктері арасындағы ынтымақтастықты дамыту және тереңдету, оның ішінде инфляциялық процестерге және макроэкономикалық тұрақтылыққа сыртқы күйзелістердің кері әсерін азайту жөніндегі саясат шараларын әзірлеу.

Отырысқа қатысушылар ЕАЭО елдерінің қазіргі экономикалық ахуалын, ақша-кредит саясаты мәселелерін, қаржы жүйесін тұрақтандыру және мемлекеттердің экономикасына коронадағдарыстың қолайсыз салдарын азайту жөніндегі шаралардың тиімділігін, сондай-ақ экономикалық белсенділікті одан әрі нығайту бойынша жоспарларды талқылады.

Сонымен қатар тараптар ЕАЭО қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттық органдардан жоғары тұратын органды құру мәселесін, оның болашақ өкілеттіктерін, қаржыландыру көздерін, сондай-ақ ЕАЭО органдары жүйесіндегі мәртебесіне тоқталды. Ұлттық органдардан жоғары тұратын органды құру 2014 жылғы 29 мамырдағы «ЕАЭО туралы» Келісімде, сондай-ақ 2019 жылғы 1 қазандағы «ЕАЭО Ортақ қаржы нарығын қалыптастыру» тұжырымдамасында көзделген.

Отырыс барысында қатысушылар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағындағы банк және сақтандыру секторларында лицензияларды өзара тануға келісілген тәсілдерді айқындайтын стандартталған лицензия туралы келісім жобасын қарастырды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...