Бас жаңалықтар
ЕИИ Тоқаевтың 10 маңызды қадамын атады
24 Желтоқсан 2019, 16:08 3979

ЕИИ Тоқаевтың 10 маңызды қадамын атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Бүгін Еуразиялық интеграция институтында директор Ерлан Сайыров тілшілерге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарты жылдағы ең басты атқарған істерін атап өтті.

Биылғы жыл Қазақстан үшін жауапты кезең болды. Алғаш рет отандық саяси тәжірибеде билік транзиті өткізілді. Бұл ұлттық күн тәртібіндегі басты және жауапты мәселе. Осы кезеңде президенттік сайлау өтті. Халықтың басым дауысымен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Осылайша, ол заңды мемлекет басшысы ғана емес, сонымен қатар халықтың сенім мандатына ие болды. Қысқа мерзім ішінде ол жақсы істердің үлкен қорын жинақтады. Президент Тоқаевтың жарты жылдық қызметін түйіндей келе, біз басты 10 істің тізімін жасадық, - дейді Ерлан Сайыров.

1.Мемлекеттік бағыттың бірізділігін қамтамасыз етті

Президент Қ. Тоқаев биліктің жұмсақ және ауыртпалықсыз өтуін қамтамасыз етті. Бұл билік транзитінің басты шарты болып табылады. Бір жағынан, ол ағымдағы мемлекеттік бағытты іске асыруды жалғастыруда. Екінші жағынан, эволюциялық дамуды қамтамасыз ете отырып, жаңа серпін әкелді. Нұрсұлтан Назарбаев жалпыұлттық көшбасшы ретінде президент Қ.Тоқаевты әрдайым қолдап отырады. Манипулятивтік технология болып табылатын қос билік туралы белсенді талқыланып жүрген мәселелерге қарамастан, билік тұтастығы мен бірлігін сақтап келеді. Биліктің сабақтастығын қамтамасыз ете отырып, Тоқаев қоғаммен диалогқа, пікірлер плюрализміне және көзқарастың әралуандығына негізделген мемлекеттік дамудың жаңа бағытын қалауда.

2. Ақылды қадамдармен наразылықты тоқтатты

2019 жылы наразылық тренді өз жалғасын тапты. Бұл жалпы әлемдік трендтердің салдары мен саяси және экономикалық процестерді десинхрондау көрінісі болды. Белгілі бір мағынада біз жол айырығына келдік. Өйткені биліктің рефлексиясына әрі қарай даму барысы тәуелді болды. Президент Қ. Тоқаев "бұрандаларды тарту" сияқты қарапайым әрекет ету моделінен бас тартып, "екпінді басуға" ойысты. Жаңа ішкі саяси парадигмалар жарияланды: "әр алуан пікір – біртұтас ұлт" және «елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес", "Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет". Биліктің саяси лексиконы өзгерді, оған "баламалық", "плюрализм", "біртіндеп саяси трансформациялау" сияқты ұғымдар енді. Мемлекет интернетті бұғаттау, митингтерді күшпен тарату тәжірибесінен бас тартып, қалаларда санкцияланған митингтер өткізілді. Бұл қадамдар айкидо күресінің тәсілдеріне ұқсас екенін айта кетуге болады, биліктің әлсіз тұстары қысқа уақыт ішінде оның күшіне айналғандай болды.

Толыққанды диалог пен төзімділік қатынасқа негізделген ақылға қонымды күш, елдің саяси кеңістігінің жаңа трендіне айналды.

3. Жаңа саяси стандарттар белгіледі

Президент Тоқаев әрқашан өзекті оқиғалардың ортасында болды. Ол оқ-дәрілер қоймасының жарылысы болған Арыс қаласына алғашқы тәуліктерде ақ барды. Қазақстандықтарды спорт, мәдениет, ғылымдағы жетістіктерімен мүлтіксіз құттықтап отырды. Ол түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерімен белсенді кездесулер өткізді. Әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы бола отырып, Мемлекет басшысы елімізде болған қандай да бір өзекті оқиғаларға жедел баға берді. Сонымен қатар резонанстық істер бойынша (алматылық дәрігерлердің ісі, Баяндарованың ісі және т.б.) пікірін білдіріп отырды. Сондай-ақ ресми іс-шаралардың форматы өзгеруде, олар неғұрлым жариялы болып келеді. Осының барлығы саяси мәдениет тұрғысынан өте маңызды қадамдар, олар басқару истеблишмент мінез-құлық моделінің жаңа стандарттарын қалыптастырып, билеуші элитаның деңгейін арттырады.

"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидаты жарияланды. Бюрократиялық кедергілер жойылуда және азаматтардың уәкілетті органдарға тікелей сұрақ қою және оларды толғандыратын проблемалардың барлық аспектілері бойынша жылдам жауап алу мүмкіндігі жолға қойылды.

4.Азаматтардың негіз қалаушы құқықтарын қорғауды күшейтті

Президент Тоқаев сексуалдық зорлық-зомбылық, мал ұрлығы, есірткі тарату, мас күйде көлік жүргізу, браконьерлік және қорықшылардың өміріне қол сұғушылық үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін шаралардың тұтас кешенін белгіледі.

Халыққа жолдауында Қ. Тоқаев есірткінің заңсыз айналымы, зорлау, адам саудасы, браконьерлік және т.б. қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды талап етті.

Ел президентінің талабы бойынша парламент мәжілісі осы бағыттарда бірқатар маңызды түзетулер қабылдады. Бұл қылмыстар аса ауыр болып есептеліп, қатаң және аяусыз жазаланатын болады.

Есірткіні заңсыз дайындау және өткізу 15 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады. Зорлау мерзімі 8 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына ұзартылды. Адам саудасымен айналысқандар 7–12 жылға дейін жазаланады.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, бұл дұрыс және қажетті шаралар.

5. Мемлекеттік аппараттың басқарылуын сақтап қалды

Диалог пен демократияландыру үрдістеріне қарамастан, президент Қ. Тоқаев мемлекеттік аппараттың басқарылуы мен оның орындаушылық тәртібін сақтап қалды. Мемлекет басшысының барлық негізгі ұстанымдары мен бастамалары іске асырылуда: "әуе жолдары ашылды", несиелік рақымшылық жасалды, қысқа мерзімде Арыс қаласы қалпына келтірілді (қайта салынды). Резонанстық жағдайлар бойынша Тараз қаласының әкімі қызметінен босатылды, қорғаныс министрлігінің басшылығы жазаланды, LRT-Astana жобасы бойынша қылмыстық тергеу жанданды.

6. Елдің халықаралық позицияларын нығайтты

Қ. Тоқаев президент сайлауындағы жеңісі арқылы билік транзитінің халықаралық заңдылығын қамтамасыз етті. Барлық негізгі геосаяси орталықтар Тоқаевтың жеңісін мойындап, елдің тұрақты және орнықты дамуына қызығушылық танытты. Қызметке кіріскен президент Қ. Тоқаев елдің сыртқы саяси бағытын растады. Мемлекет басшысы елдің негізгі геосаяси орталықтары мен стратегиялық серіктестері – Қытай, Ресей, ЕО, БҰҰ, Орталық Азия елдері басшыларымен кездесті. Ол 6 шетелдік сапарға шығып (Ресей, Германия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан), Қазақстанға сапарлап келген 13 шетелдік көшбасшылар мен делегация жетекшілерімен кездесті, 9 түрлі халықаралық форумдар мен саммитерге (ШЫҰ, АӨСШК, ЕАЭО, БҰҰ, ТМД, ҰҚШҰ және т.б.) қатысты, шетелдік көшбасшылармен телефон арқылы 38 келіссөз жүргізді. Жалпы алғанда, ол басқа мемлекет және үкімет басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен, шетелдік саяси қайраткерлермен, бизнес-компаниялар басшыларымен, елшілермен және т.б. тұлғалармен 70-тен астам кездесулер мен келіссөздер өткізді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елшілер корпусына кадрлық ротация жасай отырып, сыртқы саяси ведомствоның жұмысын күшейтті.

7. Әлеуметтік бәсеңдету жүргізді

Президент Тоқаев халықтың жекелеген топтарының, сондай-ақ жалпы қоғамның әлеуметтік көңіл-күйін арттыруға бағытталған шаралар кешенін өткізді. Әлеуметтік бәсеңдету жүргізуге мүмкіндік берген Президенттік күн тәртібінің тек бірнеше негізгі позициясына тоқтала кетсек. Біріншіден, несиелік рақымшылық. Оның қолданушысы көп балалы аналар, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар, асыраушысынан айырылған отбасылар, барлығы – 500 мыңнан астам адам болды. Бұл ретте табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға несие беруге тыйым салынды. Екіншіден, Президент Тоқаев ұлттық табиғи парктің аттас шатқалында тау шаңғысы курортының құрылысын көздейтін «Көкжайлау» жобасымен айналысуға тыйым салды. Осылайша Мемлекет басшысы қоғамдық және қалалық билік арасындағы сегіз жылдық пікірталасқа нүкте қойды. Үшіншіден, келесі жылдан бастап студенттік шәкіртақы, бюджеттегілер – педагогтар, азаматтық қорғау органдары мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы артады.
Көптеген мемлекеттік шешімдер халықтың басым көпшілігінің игілігі мен мүддесі үшін қабылдануда, бұл Қ.Тоқаев бағдарын халықтық қолдаудың іргетасын нығайтады.

8. Мемлекетке сенімді арттырды

Президент Тоқаевтың қызметіндегі маңызды бағыт мемлекетке деген сенім мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру болды. Бұл қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенім радиусы қауіпті мәндерге дейін төмендеп, коммуникация және кері байланыс арналары қысқаруына байланысты болды. Аталған проблемаларды еңсеру үшін президент Қ. Тоқаев мемлекеттік басқарудың басты философиясына айналған "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жариялады. Біріншіден, президенттік сайт негізінде мемлекет басшысының виртуалды қабылдауы ашылды. Президент әкімшілігінің құрылымында Мемлекет басшысының көмекшісі басқаратын халықтың өтініштерімен жұмыс жөніндегі бөлім құрылды. Екіншіден, президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Үшіншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді, сондай-ақ ұлттық компаниялар санын және имидждік іс-шараларға арналған шығындарды қысқартуға нұсқау берілді. Төртіншіден, әкімдер мен министрлер әлеуметтік желілерге келді, сол арқылы мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен қолжетімділік индексі айтарлықтай өсті. Бесіншіден, мемлекеттік саясаттың дербес бағыттарына мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бөлінді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік құрылды. Алтыншыдан, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылған жағдайда, мемлекеттік орган басшыларының, оның ішінде министрлер мен әкімдердің жеке жауапкершілігі енгізілді.

9. Ұлттық диалог қалыптастырды

Президенттік күн тәртібіндегі басты тармақтардың бірі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі болды. Аталмыш диалог алаңын құру оның сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарының бірі болатын. Президент өзінің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Ұлттық кеңес құру мақсатын растады. Бұл ретте Ұлттық кеңес құру туралы жарлық президент Тоқаевтың алғашқы саяси шешімдерінің бірі болды. 6 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда Ұлттық кеңестің бірінші отырысы өтті. Оның жұмысына президент Қ.Тоқаев қатысып, ішкі саяси күн тәртібінің басымдықтарын тұжырымдады. Ұлттық кеңеске 44 адам және үш омбудсмен (балалар құқықтары, адам құқықтары және бизнес құқықтары бойынша) енді, ал төрағасы президенттің өзі болып табылады. Ұлттық Кеңестің жұмысы саяси, әлеуметтік және экономикалық бағыттар бойынша жүргізіледі.

10. Ұлттық идеологияның жаңа тәсілдерін қалыптастырды

Президент Тоқаев ұлттық идеологияны іске асыруда жаңа екпіндерді айқындады. Атап айтқанда, келесі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы және Алтын Орданың 750 жылдығы мемлекеттік деңгейде өтетін болады. Семей қаласының әуежайы Абай құрметіне аталды, ал Атырау әуе айлағына Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ ұшқышы Хиуаз Доспанованың есімі беріледі. Сонымен қатар, отанға оралған отандастарға қатысты мемлекет басшысы "қандас" термині пайдасына "оралман" сөзінен бас тартуды тапсырды.


Фото: дереккөз
Загрузка...