Бас жаңалықтар
Экономист болса, сиыр мен жылқы, тауықты қайдан білсін. Нығматулин вице-министрден емтихан алды
28 Қазан 2020, 14:28 1539

Экономист болса, сиыр мен жылқы, тауықты қайдан білсін. Нығматулин вице-министрден емтихан алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілісте жаңа экологиялық кодекс қабылданды. Заң жобасын талқылау кезінде біраз қызу әңгіме болды.

Депутат Мұрат Теміржановтың айтуынша, кодексте үшінші санаттағы кәсіпорындар қоршаған ортаға тигізетін зияны туралы декларация тапсыратыны жазылған. Бұл санатқа 100 бастан аз малы немесе құсы бар шаруашылықтар жатады екен.

Бұл жерде 100 бастан кем десе, ол 50, 10 және 5 болуы мүмкін. Осыған байланысты, менің мынадай сұрағым бар: 20-30, тіпті 100 тауығы бар жеке кәсіпкер қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтың түрі мен саны туралы ақпарат беруі үшін не істеуі керек? Егер ол декларация тапсырмаса, онда әкімшілік жауапқа тартылады, - дейді депутат. 

Бұған күйініп кеткен Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин кодексті қабылдағаннан кейін экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевқа ауылға барып келуді тапсырды.

Одан кейін отырысқа қатысқан ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаевты сұрақтың астына алды.

Мынандай құжаттың қабылдануына қалай жол бердіңіз? Мүмкін оқымаған шығарсыз, - деді спикер.

Вице-министр кемшіліктерді түзетіп, заң жобасын толықтырамыз деп қысқа жауап берді.

Әрі қарай диалог былай жалғасты:

Н.Нығматулин: Ауыл шаруашылығы министрлігінде көптен бері істейсіз бе?

Р.Манатев: 2 ай болды.

Н.Нығматулин: Қайдан келгенсіз?

Р.Манатев: Мен цифрландыруға жауап беремін.

Н.Нығматулин: Сізге бұл министрлікке қай саладан келдіңіз деп сұрап тұрмын?

Р.Манатев: Бизнестен келдім.

Н.Нығматулин: Ауыл шаруашылығы саласындағы бизнесте істегенсіз бе?

Р.Манатев: Телекоммуникация саласындағы бизнес.

Н.Нығматулин: Мамандығыңыз қандай?

Р.Манатев: Инженер-экономист.

Н.Нығматулин: Қандай жоғары оқу орнын бітіргенсіз?

Р.Манатев:Т. Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік экономика университетін, М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын.

Н.Нығматулин: Мамандық қандай?

Р.Манатев: Халықаралық экономика.

Енді халықаралық экономист болған соң, сиыр мен жылқы, тауықты қайдан білсін! Осындай норма жазған соң, ауылда тұратын адам қалай жұмыс істейді соны ойлану керек, айналайын, - деді Мәжіліс төрағасы.


Фото: дереккөз
Загрузка...