Бас жаңалықтар
Екпені ең бірінші өзіміз салдырдық – медбике
PHOTO
23 Қыркүйек 2020, 09:44 259

Екпені ең бірінші өзіміз салдырдық – медбике

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. 15 қыркүйектен бастап Жамбыл облысында тұмауға қарсы екпе егу басталды. Осыған байланысты Тараз қалалық №5 емхананың мамандары БАҚ өкілдерін шақырып, науқандық вакцинацияға байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Емхананың иммунолог медбикесі Минаш Аблаева науқандық екпе жұмыстары биыл ерте басталғанын және вакцинация ерікті түрде жүргізіліп жатқанын айтты. «Екпе алмасаң болмайды» деп ешкімді мәжбүрлеп жатқан жоқ. 

Біздің емханаға жалпы 61 мың тұрғын тіркелген. Оның 12 мыңына екпе тегін жүргізіледі. Ол топқа созылмалы ауруы бар азаматтар, медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер мен  6 айдан 18 жасқа дейінгі балалар, мүгедектер мен зейнеткерлер еніп отыр. Қазірдің өзінде тегін вакцина алғандар саны 3 мыңға жетті. Ал ақылы түрде 8 адам екпе ектірді. Ақылы екпенің құны – 1520 теңге, - дейді Минаш Расылханқызы. 

Мамандардың сөзіне қарағанда, тұмауға қарсы екпе көрші Ресей Федерациясында өндірілген екен. Екпені  салдырған адамның ағзасында жедел репираторлы вирустық инфекцияларға қарсы иммунитет қалыптасады және ол 1 жылға дейін сақталатын көрінеді.  Ешқандай теріс әсері жоқ. Тіпті, коронавирус пандемиясына байланысты биылғы екпенің құрамы күшейтіліп отыр.  

Жалпы екпе егу жұмыстары 15 қазанға дейін жүргізіледі. Түрлі қауесеттерді сейілту үшін вакцинаны ең бірінші медицина мамандары – өзіміз салдырдық. Сондықтан науқандық екпеден қорқатын еш себеп жоқ, - дейді мейіргер Минаш Аблаева.   

Бұл Тараз қаласындағы ең үлкен емхана болғандықтан, күніне 250-300 тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінеді екен. Бірі дертіне шипа іздеп келсе, бірқатары аурудың алдын алу үшін екпе салғызуда. Соның бірі –  зейнеткер Бақытжан Тәжібаев биыл вакцинаны алтыншы жыл қатарынан алып отыр. 

Бес жыл қатарынан тұмауға қарсы екпе ектіргенмін. Соның әсері ма, биыл пневмония немесе басқа да аурумен ауырған жоқпын. «15 қыркүйектен тұмауға қарсы вакцинация басталды» дегенді естіген бойда келіп отырмын. Жұбайым, балаларым мен немерелерім де бүгін екпе салдырды. «Сақтансаң сақтаймын» дейді Алла. Сондықтан ауру-сырқаудан сақтану үшін көпшілікке вакцина салдыруға кеңес беремін, - дейді ол. 

Дәрігерлер пневмониямен ауырған адамдар қайта сырқаттанбас үшін  тұмауға қарсы вакцинаны міндетті түрде салғызғаны жөн екенін айтады. 

Бұған дейін тұмауға қарсы екпеден ешқандай «ши» шығып көрмеген. Пайдасы барын, вакцина салғызғандар біледі. Дегенмен, оның әсері 15 күннен кейін біліне бастайтындықтан, екпе салған соң біраз күн суық тигізіп алудан сақтанып, күтініп жүрген жөн, - дейді мамандар. 


Фото: автордан
Загрузка...