Бас жаңалықтар
Елбасы бірнеше лауазымды тұлғаны қабылдады
22 Қаңтар 2021, 19:45 217

Елбасы бірнеше лауазымды тұлғаны қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловты және елорда әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады. Бұл туралы Елбасының ресми сайты хабарлады.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы:  Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын уақытылы жүзеге асыру қажеттігін айтты. Әңгіме барысында министрліктің экономиканы әрі қарай әртараптандырудағы маңызды рөлі атап өтілді.

Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президентіне 2020 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп, көлік және құрылыс салаларындағы негізгі даму көрсеткіштері туралы баяндалды.

Өңдеу өнеркәсібінің бірқатар секторында өсім бар. Атап айтқанда қара металлургия 4,1 пайызға, түсті металлургия 2,8 пайызға, машина жасау 16,3 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 15 пайызға, фармацевтика өнеркәсібі 47 пайызға және дайын металл бұйымдарын өндіру 19,7 пайызға артқан. Статистикалық деректерге сәйкес, құрылыс саласында нақты көлем индексі 111,2 пайызды құрады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 16 өңірде оң қарқын байқалуда, – деді Б.Атамқұлов.

Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады.

Кездесуде елорда әкімі Елбасыға қала құрылысындағы алдағы жоспарлар мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.

А.Көлгіновтің мәліметінше, 2020 жылы елорданы дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бойынша маңызды жобаларды іске асыру үшін 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Әңгіме барысында білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, тұрғын үй құрылысы және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше мән берілді.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының әкімі пандемия жағдайында елорданың шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау шаралары туралы айтып берді.


Фото: дереккөз
Загрузка...