Елде жұмыртқа бағасы қымбаттап, импорт екі есе төмендеген

22 Қазан 2020, 15:25
1804
Бөлісу:
Елде жұмыртқа бағасы қымбаттап, импорт екі есе төмендеген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Құс тұмауына байланысты 1,5 млн құстың қырылуы жұмыртқаның қымбаттауына әкеліп соқты. Елде оның импорты да 53,9 пайызға төмендеген. 

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Сауда және интеграция министрлігі Ішкі сауда департаменті директорының орынбасары Ерлан Ешназаров айтты.

Оның айтуынша, жем бағасының 15-20 пайызға өсуі де бағаның жоғарылауына әсер еткен.

Ерлан Ешназаровтың келітрген мәліметіне сүйенсек, қазан айында жұмыртқадан бөлек қан пен күнбағыстың да бағасы шарықтап кетті.

Қант бағасының қымбаттауы елдегі оның өндіріс көлемінің азаюымен және ресейлік қант бағасының артуымен байланысты. Ал күнбағыс майының қымбаттауына егін алқаптарының қысқаруы мен импорттың төмендеуі себеп. Қазіргі күні бидай бағасының өсімі байқалады. Бұл ұн мен нан өнімдері бағасына әсер етуі мүмкін, - деді ол. 

Сондай-ақ, спикер екі өңірде азық-түлік бағасы өсімінің ең жоғары көрсеткіші тіркелгенін атап өтті. Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар азық түлік бағасының өсімі 11,1 пайызды, Нұр-Сұлтан қаласында 9,3 пайызды құрады. 

Ең төменгі өсім Алматы (3,8%) және Қызылорда (4,5%) қалаларында.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі азық түлік бағасының қымбаттауы өндіріс көлемінің азаюымен байланысты емес деген болатын.

Өзгелердің жаңалығы