Елдің несиесі қашан толығымен кешіріледі?

23 Қыркүйек 2020, 10:05
53721
Бөлісу:
Елдің несиесі қашан толығымен кешіріледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр осы уақытта «кредиттік рақымшылық» науқаны болып, xалықтың біразының 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешірілген еді. Ал жақында депутаттар Үкіметке карантин кезінде табысынан айырылған, күрделі жағдайға тап болғандардың кредитін толық кешіруге қатысты сауал жолдады. Осы орайда «Үкімет xалықтың кредитін кешіре ме?» деген сауал қойып, мамандардың пікірін білген едік.

Депутаттар Маминге сауал жолдады 

Мәжілістегі «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары ҚР Премьер-министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.  

Олар елде шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлеген, жұмыс орындарын құрған, қазір объективті себепке байланысты несиелерге қызмет көрсету бойынша күрделі жағдайға тап болған жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажет екенін айтты. 

Депутаттар Қазақстанда дағдарысқа қарсы жоспар шеңберінде жұмыспен қамтуды және экономикалық белсенділікті қолдауды ынталандыратын шараларға да айтарлықтай қаражат бөлінетінін айтты. Олар тағы да коммерциялық банктер мен квазимемлекеттік институттар арқылы жіберіледі. Демек, оларға тағы да қолдау көрсетіледі. Алдыңғы кезеңдердегі дағдарысқа қарсы шаралардың тәжірибесін ескере отырып, «Халық коммунистері» фракциясы басымдықты қайта қарауды және жеке тұлғалар мен ШОБ-ты қолдауға ерекше назар аударуды ұсынады. Елде шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлеген, жұмыс орындарын құрған, қазір объективті себепке байланысты несиелерге қызмет көрсету бойынша күрделі жағдайға тап болған жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажет. Олар өмір сүруге қаражат таппай, қаржы институттарының қысымына ұшырауы мүмкін. Несие рақымшылығын әзірлеу аясында коммунистер барлық мүдделі тараптың өкілдерін тарта отырып, мемлекеттік комиссия құруды, несие аудитін жүргізуді, қаржыландыру көздері мен рақымшылыққа қатысушылар үшін критерийлерді анықтауды ұсынады, - деді депутаттар. 

2019 жыл. Несиені кешіру 

2019 жылы 26 маусымда Президент Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы жарлыққа қол қойды.

  Қаулы бойынша жеңілдікке ие болғандар санаты:
- көпбалалы отбасылар;
- асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар;
- мүгедек балалары бар;
- 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар;
- атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар;
- жетім балалар;
- ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылғандар;
- жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар. 

Жарлыққа сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар санаттағы азаматтар үшін бір реттік акция тәртібінде мемлекет жалпы көлемі 300 мың теңгеге дейін негізгі борышты және ол бойынша есептелген өтемақыны төледі. 300 мың теңгеден асатын қарызы барлар 300 мың теңге көлемінде қарызының бір бөлігін өтеді.

Осылайша, 630 633 қарыз бен микрокредит бойынша берешекті өтейтін 506 941 борышкердің тізімі жасалған болатын. 

«Халық коммунистері» фракциясының депутаттары ҚР Премьер-министрі Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалы бойынша экономистердің пікірін білдік.  

  Халық кредит алуын тоқтатпайды  

Экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Ысқақов егер мемлекет жыл сайын халықтың кредитін кешіре беретін болса, онда халық кредит алуын тоқтатпайтынын айтты. 

Былтыр Президент халықтың 300 мың теңгеге дейінгі кредитін кешіру акциясын жүргізген болатын. Ол бір жағынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың репутациясын көтерсе, екінші жағынан елдегі ауқымды мәселе болды. Дегенмен сол кезде бұл науқан дәстүрлі жағдайға айналып кетпеуі керек деп айтқан болатынмын. Егер жыл сайын халықтың кредитін кешіре беретін болса, онда халық кредит алуын тоқтатпайды. Осындай пікірлер де талқыланған болатын. Яғни өткен жылы ол бір реттік акция болатын. Басқа уақытта мұндай науқандар басқаша болуы керек, - деді экономист. 

  Мемлекет 3 айдың «пениясын» кешіруіне болады... 

Бауыржан Ысқақов карантин кезінде халықтың 3 айға дейін банктер алдындағы несиелерінің төлемдері уақытша тоқтатылғанын айта кетті. 

Бірақ 4-айдан бастап 3 ай бойы төленбеген проценттерді қосып, қайта есептеп, төлеп жатыр. Ол халық үшін қиын. Сол себепті мемлекет тарапынан екінші деңгейлі банктерде халықтың несиелері қайта қарастырылуы керек. Яғни 3 айда төленбеген қаражаттың үстінен жиналған «пенияларын» мемлекет кешіруіне болады. Айта кетсем, 4-5 айларда халық карантин кезіндегі айлармен салыстырғанда айтарлықтай қиын жағдайға түспеуі керек. Өйткені 3 айдың төлемеген қаражатын 4-5 айдан бастап үстіне қосып төлеу ауыр. Банк бұдан ұтылмайды, керісінше халық ұтылып жатыр. Мемлекет осы аралықтағы айырмашылықты шегеруіне болады. Алайда банк өз қаражаттары арқылы шегеретін болса, онда банк халық ары қарай төлемдерін төлеуді жалғастырғанда жақсы мүмкіндіктер алады, - деді экономист. 

  Халық пайдасыз дүниелерге несие алған 

Маманның пікірінше, банктердің саясатын өзгерту қажет. 

Заңды және жеке тұлғаларға кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу - ол мәселені шешетін дүние емес. Бұл жерде мемлекет несие бизнеске, табысқа лайықты алынбайтын болса, банктерге талапты көтеру керек. Егер несие бизнеске, табысқа алынатын болса, оларға жеңілдетілген несие берілуі керек. Яғни банктердің саясатын өзгерту қажет. Қазіргі уақытта банктер несиені бизнеске бергеннен тұтынушылық несиені бергенді жөн санайды. Өйткені банк мемлекет «гарантия», мемлекет қайтарып беретінін, халықтан алмаса да, мемлекеттен қаражаттың түсетінін біледі. Банктің өзі мемлекетке «абуза». Мемлекетке үлкен қиындық туғызып отыр. Сол үшін мемлекет банктерге шарт қоюы керек. Яғни «берілетін несиенің пропорционалды түрде 80%-ы бизнеске берілсе, 20%-ы тұтынушылық несиеге берілуі керек» деген сияқты, - деп атап өтті сарапшы. 

  Халықтың 40%-ы несиесін төлей алмай отыр 

Ол статистика бойынша экономикалық белсенді 7 млн азаматтың басында несиесі бар екенін айтты. 

Халықтың алған кредиті 3,5 трлн теңгеге жетеді екен. Азаматтардың шамамен 7 млн-ы қарыз алған. Демек халықтың экономикалық белсендісі 9 млн болса, соның 7 млн-ы несие алған. Оның ішінде халықтың 40%-ы несиесін төлей алмай отыр. Айналып келгенде халық қарызға қайта батып кеткен. Өйткені олар бизнеске емес, кәдімгі пайдасыз дүниелерге несие алған. Сол үшін несие беретін органдарға, екінші деңгейлі банктерге, қаржылық органдарға осындай талапты көтеру керек. Айтып кеткендей, берілетін несиенің 80%-ы бизнеске, ал 20%-ы тұтынушылық несиеге, - деді экономист Бауыржан Ысқақов.


Өзгелердің жаңалығы