Тоңазытқышты жауып жүріңіз. Үйде электр үнемдеуді білесіз бе?

17 Ақпан 2020, 09:48
4932
Бөлісу:
Тоңазытқышты жауып жүріңіз. Үйде электр үнемдеуді білесіз бе?
PHOTO
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда жыл сайын 100 ТВт электр энергиясы өндірілетін болса, соның жартысына жуығы қондырғылар мен құрылғыларға жұмсалады екен. Егер осы аспаптарға қатысты тиісті стандарттар, арнайы жұмыстар жасалмайтын болса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 ТВт/сағатқа дейін жетеді. Яғни, біз энергияны көп тұтынып, орнын толтырмаймыз. Ал, басқаша айтқанда үнемдеуге көшу керек және қарапайым үнемдеуді әр тұрғын өз үйінен бастау керек.

Үйдегі тоңазытқышты жиі әрі ұзақ ашып тұрсаңыз, энергия көп кетеді. Оның күні-түні қосылып тұрғанын ойласақ, тағы да энергияның жұмсалып жатқанын білеміз. Мұндай теледидар, кір жуғыш машина, микроволновка мен тефальді суырмай, қанша энергия жұмсап жатқанымызға мән бермейміз. Бірақ көп.

Қазақстанда электр энергиясын үнемдеу мен тиімді пайдалану қалай жүріп жатқанын Біріккен Ұлттар Ұйымын дамыту бағдарламасының сарапшысы Әділет Ткенов айтты.

IMG-20200217-WA0005.jpg

Тілші: Әділет мырза, сіз қазір БҰҰ даму бағдарламасы аясында іске асырып жатқан жобаңыз туралы айтып берсеңіз.

Негізгі айтатын мәселе, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Біріккен Ұлттар ұйымы 2017 жылдан бастап Ғаламдық экологиялық қордың есебінен инвестициялар нәтижесінде 5 жылдық жоба бастаған болатын. Яғни, 2017 жылдан 2022 жылға дейін. Жобаның негізгі нысандары: тұрмыста – тоңазытқыштар, өнеркәсіпте – электрқозғалтқыштар мен трансформаторлар. Бұл аспаптарды таңдау себебіне тоқталсам. 2015-2016 жылдары жобаға дейін анализ жасалған болатын. Онда өнеркәсіпте және жалпы қоғамда қандай құрылғылар көп энергия тұтынатыны анықталды. Сол кезде тоңазытқыштар, кондиционерлер, электрқозғалтқыштар және трансформаторлар елімізде 40 ТВт/сағ дейін электр энергиясын жейді екен. Яғни, Қазақстанда 100 ТВт электр энергиясы өндірілетін болса, соның жартысына жуығы осы қондырғылар мен құрылғыларға жұмсалады екен. Егер осы аспаптарға қатысты тиісті стандарттар, арнайы жұмыстар жасалмайтын болса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 ТВт/сағатқа дейін жетеді. Бұл дегеніңіз қосымша жылу қондырғылары салыну керек, ТЭЦ-тер салыну керектігін туындатады. Яғни, экологияға да біраз зардабы тиетін мәселе. 2017 жылы тоңазытқыштар, электрқозғалтқыштар және трансформаторлардың бағытында бірнеше жобаны іске асыратын, қамтитын осы бесжылдық жоба басталған болатын. Басты мақсат – осы аталған үш қондырғы топта белігілі іс-шаралар жасау. Біріншіден, заңнамаға өзгерістер енгізу. Өнеркәсіптегі қолданылып жатқан трансформаторларға, электрқозғалтқыштарға талаптар қой. Мұндай энергияға тиімді қондырғылар қою, қондырғыларға сондай талаптар қою – әлемде бар үрдіс. Ал, енді тоңазытқыштарға келсек, әрине, халық арасында мұндай талаптар қоя алмаймыз. Тек үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек. Осы тарапта да бірнеше іс жүзеге асырылуда. Оның жетістіктері де бар.

Тілші: Заңнамаға қандай өзгеріс енгізілді? Толығырақ айтсаңыз...

Бүгінде салалық заңнама бар. Ол – ҚР Энергия үнемдеу және энергиятиімділікті арттыру бойынша заңы. 2012 жылы қабылданған болатын. 2020 жылы күзде осы заң Мәжілістің қарауына кіреді. Бұған дейін, 2019 жылы осы заңға өзгеріс енгізу тұжырымдамасы жасалып, бекітілген болатын. Сол тұжырымдама қондырғыларда энергия тиімді талаптарды қою туралы арнайы бөлім бар. Заңнамалық өзгеріске байланысты – қай заңнамаға қандай өзгеріс енгізу туралы арнайы жұмыс кестесі жасалды. Сол кестеге сәйкес заңнамалық жұмыстар атқарылып келеді. 2017-2018 жылдары біз көбіне анализ жасадық. Халық арасында сауалнама жүргізілді, сұраптама жасалды. Ал 2019 жылы заң жобасына өзгерістер енгізу туралы министрлікпен жұмыс тобымызбен қарастырдық. Сол кезде тұжырымдаманың арнайы бір бөлімі осы қондырғыларға арнайы талаптарды қоюға арналған. Және көп бөлігі тек халыққа ғана емес, мемлекеттік сатып алуларға да өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар кірген болатын. Себебі, осындай қондырғыларды мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелер көп қолданады. Сондықтан халықтан басқа, мекемелерге де осындай талаптар қойылды.

Тілші: Жобаға қайта оралсақ. 5 жылдық жобаға қанша ақша бөлінді? Қаншасы игерілді және қай бағыттарға жұмсалды?

БҰҰ 17 Тұрақты даму мақсаттарының аясында Ғаламдық экологиялық қор Қазақстандағы жағдайды жақсарту мақсатында 3,5 млн доллар инвестиция құйды. Ғаламдық экологиялық қордың негізгі мақсаты – ауаға көмірқышқыл газының таралуын азайту. Яғни, осы 3,5 млн долларға Қазақстанда 5 жыл ішінде көмірқышқыл газының ауаға тарауы 5 млн тоннаға дейін азаю керек. Сол мақсатта осындай ақша бөлді. Қарапайым мысалмен айтсақ, ондаған жылу қазандықтары қосымша іске қосылатын. Осындай іс-шаралар. Сондай-ақ, Қазақстан Үкіметінің тарапынан қосымша қаржыландыру бар. Ол іске асырылатын пилоттық жобаларға жұмсалады. Ал, негізгі қаржы – 3,5 млн доллар.

IMG-20200217-WA0003.jpg

Тілші: Жобада қанша адам жұмыс істейді?

Біздің жобада жоба менеджері бар, 3 салалық сарапшы, қоғаммен әріптестік жөніндегі бір сарапшы және сатып алулармен айналысатын ассистент бар. Осы адамдар жобаның іске асуына толық жауапты.

Тілші: Енді көптің көкейінде жүретін сұраққа көшсем. Энергия тиімділігін үй жағдайында қалай орындау керек, яғни энергияны қалай үнемдеуге болады?

"2018 жылы халық арасында энергия үнемдеу, энергия тиімділік саясатын қаншалықты білесіз?" деген сауалнама жүргіздік. Сол кезде сауалнамаға қатысқандардың 42% "таныспыз, білеміз" деп жауап берген. Сонымен қоса, тоңазытқыштарда ілініп тұрған "класс" көрсеткіштерін қаншалықты білесіз дегенге респонденттер 50/50 жауап берді. Яғни, жартысы "білеміз" десе, жартысы "білмейміз" деген. Сізге де тоңазытқыштарда ілініп тұрған кластарды көрсетейін. Мысалға, 7 класс: A B C D E F G бар. Суретке қарасаңыз, А жасыл болып тұр. Мұның ішінде де А+, А++, А+++ бар. Яғни, ең жақсысы қазіргі нарықта А+++ бары жақсы, энергияны үнемдейді. Қазақстанда В-дан төмені жоқ. Қазақстандықтар жылына 250 мың тоңазытқыш сатып алса, көбіне А+, А++ сатып алады. В деген азайып келеді. Конкурс арқылы арнайы компания жалданды. Сосын осындай сараптама жасады. Ал, халыққа энергия үнемдеуді үйрету үшін энергия тиімділігін ілгерілету бойынша арнайы дисконттық бағдарлама ұйымдастырдық. "Ескіні тапсыр – жаңаны ал!" акциясын өткіздік. Бұл бағдарлама арқылы азаматтар бұрын қолданыста болған ірі габаритті электр жабдықтарын кәдеге жаратуға тапсырып, жаңа энергия тиімді тоңазытқыштар сатып алу кезінде жеңілдік ретінде қолдана алатын құжат ала алады. 2018 жылы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 16500 теңгені қамтитын 2000 жеңілдік сертификаты сатылды. Жалпы сомасы 33 000 000 теңгені құрады. Сонда "Мечта" және "Технодом" дистрибьютерлік желілерінің 29 сауда нүктесінде А++ кластағы тоңазытқыштар сатылып, 511,7 млн теңгеге сауда жасалды. Енді алдағы уақытта 2500 жеңілдік сертификатын сатуды жоспарлап отырмыз.

Елдегі тоңазытқыштардың орташа энергия тұтыну деңгейі жылына 450 кВт/сағ болса. Акция бойынша тоңазытқыштардың орташа энергия тұтыну деңгейі жылына - 265кВт/сағ, яғни 2 есе аз.

Тілші: Бұл акцияның сізге пайдасы қандай?

Бізге ақшалай пайда келмейді. Біз оны көздемейміз де. Бізге халықтың энергия үнемді тоңазытқыш сатып алғаны керек. Халыққа соны үгіттеу керек болды. Осы сертификаттар арқылы соған ұмтылдық. Екіншіден, электроника сататын дүкендерде сатушылардың энергия тиімділік, үнемділік дегеннен хабары аз. Оларды арнайы үйреттік. 2018-2019 жылдары сатушылар үйренді. Сосын бұл сертификаттарды жай бере салған жоқпыз. Үйдегі ескі электрониканы қабылдадық. Арнайы компаниялар ескі техниканы алып, орнына сертификатты беріп отырды. Сосын сол сертификатпен дүкенге барып тоңазытқыш сатып алды. Басында осылай болды. Екінші фазасында дүкенге келген бетті бердік. Негізі, бұл акция 2018 жылы екі қалада, 2019 жылы бес қалада өтті. Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе қалалары қосылды. 2018-де екі мың сертификат, 2019-да екі жарым мың сертификат таратылды.

Тілші: Неліктен дәл осы қалаларда таратылды?

Себебі, ескі техниканы кәдеге жарататын компания керек. Нұр-Сұлтан мен Алматыдан бөлек осы үш қалада сондай компаниялар табылды. Сондықтан сондай шешім қабылдадық. Биыл Тараз бен Қостанай қалалары "қосылайы" деген ұсыныс білдірді.

Тілші: Жұмыс барысында тәжірибе алмасу болады ма?

Былтыр Жапонияға Study Tour-ға бардық. Олар тоңазытқышты сатылымға "қалай шығарады, қалай өндіреді және істен шыққан тоңазытқышты қалай кәдеге жаратады" дегендерді үйрендік. Сонда электроника дүкендеріне бардық. Тоңазытқышта 2 сан тұрады. Соның біріншісі 10 жыл ішінде осы тоңазытқышта коммуналдық төлемді қанша төлейсіз, соны білдіреді. Жапонияда коммуналдық төлемдер қымбат болғандықтан, олар бұл мәселеге қатты мән береді. Екіншісі, 10 жылдың ішінде басқа тоңазытқыштармен салыстырғанда қанша төлейсіз. Соны көрсетіп тұрады. Содан соң тұтынушы тұрып, өзі есептеп алады. Коммуналдық төлемі аз тоңазытқышты алуға тырысады. Сол арқылы энергияны да, ақшаны да үнемдейді. Бізде болашақта Қазақстанда осындай салыстырмалы есепті іліп қоюды жоспарлап отырмыз. Электроника дүкендерінде калькулятор қою дегендей.

IMG-20200217-WA0004.jpg

Тілші: Үйдегі электр техникаларының қайсысы энергияны көп жұмсайды?

Расында, оны тексермей, жай өзіміз қарасақ та түсінікті. Мысалға, үйде күні-түні жұмыс істейтін техника – тоңазытқыш. Сондықтан тоңазытқыш энергияны көп жұмсайды. Оны жиі ашып-жабуға, ыстық пештің не батареяның жанына қоюға болмайды. Ондай жағдайда тоңазытқыштың жұмысына қиындық түсіп, энергияны көбірек қажет етеді. Тағы кір машинасын айтуға болады. Оның суырмаймыз. Кейде көрсетілген салмағынан артық салмақта киім салып жуамыз. Жұмысы қиындап, суды көп талап етеді, энергияны артық талап етеді... Сондықтан тоңазытқыштан басқа техниканы розеткадан суырып қойған дұрыс. Телефонның зарядкасы бар... Сонда осындай қарапайым мысалдар арқылы 20-30%-ға дейін энергияны үнемдей аламыз және коммуналдық төлемді жылға шаққанда ақшалай үнем болады.

Тілші: Соңғы сұрағым. Осы жоба аясында Қазақстанда қанша энергия үнемделді және көмірқышқыл газының ауаға таралуы қаншалықты азайды?

Негізі мұндай көрсеткішті жоба соңына қарай дайындаймыз. Бүгінде 5 млн-ға жуық көмірқышқыл газының ауаға тарауын азайту керек. Оны егер энергия үнемділікке алып келетін болсам, жоба мақсатында 4 млн кВт электр энергиясы үнемделу керек. Тоңазытқыштарға стандарттарды енгізу арқылы әрбір жанұяға көбейтіледі. Электрқозғалтқыштар, кондиционерлерге де стандартты қойып, үнемдейміз. Қазақстан электрқозғалтқыштар өте көп.

Тілші: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

 

Өзгелердің жаңалығы