Қарағандының қоғамдық көліктерінде электронды билет жүйесі қосылды

30 Қыркүйек 2020, 18:36
1904
Бөлісу:
Қарағандының қоғамдық көліктерінде электронды билет жүйесі қосылды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығындағы жолаушылар автобусында электронды билет жүйесі ертеңнен бастап ресми түрде жұмыс істей бастайды. Бұл жаңашылдықты қарағандылықтар бірнеше жылдан бері күткен болатын.

Қарағанды қаласы бойынша жолаушыларды тасымалдайтын автобустарда электронды билет жүйесін енгізу мәселесі 2017 жылдан бастап көтеріліп келеді. Бірнеше рет кейінге шегерілген жоба осындан екі апта бұрын тестілеу режимінде жұмыс істей бастады. Ал ертеңнен бастап, толыққанды іске қосылатын жүйе жайлы «Smart Card» компаниясының өкілі дейді.

Электронды билет жүйесінің картасының құны 600 теңге тұрады. Ол «оқушы», «ересек» және «зейнеткер» болып бөлінеді. Картаны сатып алғаннан кейін оны біздің https://www.smart-card.kz/ сайтында активтендіру қажет. Сайтқа картаның иесі ЖСН нөмірі мен картада көрсетілген нөмірді тереді. Бұл картаның қауіпсіздігі үшін қажет. Егер де картаны жоғалтып алсаңыз, жаңа картаға осы мәліметтерді қайыра тергенде шотыңыздағы қаражат сақталатын болады. Сонымен қатар, жеке мәліметтер жеңілдік категориясын пайдалану үшін қажет,- дейді «Smart Card» инвесткомпаниясының маркетинг бойынша менеджері Наталья Лукьяненко.

Оның айтуынша, егер де карта өндірушінің қателігінен жұмыс істемесе, оның шығыны компания есебінен өтелетін болады. Карталар Оңтүстік Корея елінде шығарылған. Болашақта аталған картаны тек жол жүру ақысын төлеуге ғана емес, сондай-ақ, дүкендер мен супермаркеттерде тауар ақысын төлеуге де пайдалану мүмкін болмақ.

Қазіргі уақытта Қарағанды қаласы бойынша қызмет көрсететін жеті автопарктің 600-ге тарта автоусының әрқайсысына екі  валидатордан орнатылған. Сонымен қатар, құрылғының қауіпсіздігін бақылайтын арнайы бейнекамералар да орнатылған.

«Smard Card» карталарын қаланың 67 жеріндегі нүктелерінен сатып алуға болады. Картаны сату нүктелерін 2Gis мобильді қосымшасынан көре аласыз. Карта нөл баланспен саталады, оны «Қазпочтаның» қала бойынша 48 филиалында толықтыра аласыз. Ал, жыл соңына қарай картаны екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы толықтыру мүмкін болмақ. Картаны толықтырудың ең төменгі мөлшері 100 теңге, ал ең жоғарғысы 100 000 теңге,- дейді компания менеджері.

Әзірге қала тұрғындары мен қонақтары жол жүру ақысын электронды картамен қатар, қолма қол ақшамен төлей алады. Жүйе толығымен іске қосылғаннан кейін, тарифті дифференциалау көзделіп отыр.

Тұрғындарды электронды билеттендіру жүйесіне неғұрлым тезірек көшуге шақыратын боламыз. Ол үшін дифференцияланған тарифті енгіземіз. Яғни жол жүру ақысы электронды карта иелері үшін қолма қол ақшамен төлеуден арзанырақ болады,- дейді Қарағанды қаласы коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі Ескендір Қабидолла.

Қоғамдық көліктегі жол жүру ақысының электронды форматқа көшуі жолаушылар тасымалы жүйесіндегі бірқатар мәселелерді шешуге мұрындық болмақ. Қала тұрғындары болса заманауи жүйеден көп жаңашылдық күтеді.

Электронды картамен жол ақысын төлеу қазіргідей пандемия жағдайында өте маңызды қадам деп санаймын. Бұл кондуктормен және вирус таситын қолма-қол ақшамен тікелей қатынасты болдырмайды. Шетелдің дамыған елдерінің барлығында бұл жүйе бұрыннан іске қосылған. Сондықтан да, заманның ағымынан қалмауға тырысу керек,- дейді қала тұрғыны Әсия Алпысбаева.

Ал, электронды билеттендіру жүйесі енгізілгеннен кейін жұмыссыз қалатын кондукторлар Smard Card компаниясы инспектор болып жұмысқа орналаса алады.

Өзгелердің жаңалығы