Электронды сауданың пайдасымен қатар зияны да бар - маман

8 Сәуір 2021, 12:28
3736
Бөлісу:
Электронды сауданың пайдасымен қатар зияны да бар - маман

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәуле Махатова онлайн брифингте электронды саудада халық неден зардап шегіп жатқанын айтты.

Оның айтуынша, электронды сауданың жақсы және кемшін тұсы да бар. Жақсы тұсы әркім үйінде отырып телефон арқылы тапсырыс бере алады. Ал кемшілігі тауар берілген тапсырысқа сай болмай шығады екен.

Мәселен, біреулер сағатқа тапсырыс берсе, оған басқасы келеді, ол қолмен ұстап, таңдап алғандай болмайды. Тұтынушылар көбі Іnstagram, facebook арқылы тапсырыс беріп, ақшасын оңай аудара салады. Кейін тауар ойлағандай болмай шыққанда сатушыны таппай қалады. Не ЖСН, не БИН жоқ, тіптен орналасқан мекен жайын білмейді. Сол үшін ақшаны кімге және қандай мекемеге аударғалы жатқанын ескеру қажет. Сондай-ақ бұрын сатып алған тұтынушылар қалдырған пікірлерді оқып, зерттеу керек, көпшілік оған мән бермейді, - дейді Сәуле Махатова.

Сонымен қатар ол егер қандайда бір сатушының үстінен арыз түсіретін болсаң ол туралы мәліметті білуің керек дегенді айтты.

Тұтынушылар құқығын қорғау заңы жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарау тәртібі туралы заң бар. Онда тұтынушы арыз жазатын болса шағымданушының бүкіл мәліметін беру керек екені айтылған. Мекен жайын, телефондарын, ЖСН және БИН сияқты мәліметін қоса жазу керек. Көбі оны білмейді, тек Іnstagram-да көріп едім деп жатады, - деді ол.

Арызданатындардың көбі тапсырыс берген тауары суретте көрсетілген затқа сай болмай шығатынын айтады екен. Маман мұндай келеңсіздікке тап болмас үшін тауарды қолмен ұстап көріп барып қана ақша аударуға кеңес береді.


Өзгелердің жаңалығы