Елімізде Кавасакиге ұқсас аурудан 2 бала көз жұмды

1 Қазан 2020, 22:34
1703
Бөлісу:
Елімізде Кавасакиге ұқсас аурудан 2 бала көз жұмды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде коронавирустан соң пайда болатын Кавасаки синдромына ұқсас аурудан 2 бүлдіршін көз жұмды. 

Екі жағдайға тоқталсақ, бір 15 жастағы бала Алматы қаласынан. Өзінің бұрыннан келе жатқан созылмалы ауруы – жүйелі қызыл жегімен ауырған. Екінші жағдайға келсек, екі жастағы бала Нұр-Сұлтан қаласынан, - деп мәлімдеді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы басқарма төрайымының орынбасары Ләззат Мәнжуова.

Марқұм болған екі жасар елордалықтың дене қызуы көтеріліп, үйінде үш  күн жатқан. Кейін аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, бір ай ес-түссіз жатып көз жұмыпты.
Сирек кездесетін Кавасакиге ұқсас ауру алғаш рет тамыздың басында тіркелген. Содан бері қауіпті кеселге 41 бала шалдыққан. Олардың 37-сі жазылып шықты. Ал екеуі әлі де ем қабылдап жатыр. «Жағдайы қалыпты, - дейді дәрігерлер.

Аталмыш дертке шалдыққан бүкіл баланың ағзасынан коронавирусқа қарсы антидене анықталған. Жалпы пандемия басталғалы елімізде Covid-19-ды 2 жарым мың бала жұқтырса, оның 86 пайызында кесел симптомсыз өтіпті. Демек ата-аналар перзентінің індетпен ауырғанын білмеуі мүмкін.

Сондықтан мамандар баланың қызуы көтеріліп, денесі бөртсе, дереу дәрігерге жүгінуді ескертеді. Өйткені дер кезінде ем-дом жасау – маңызды. Әдетте Кавасаки синдромына ұқсас ауру коронавирустан айыққан соң, 2-6 апта аралығында пайда болады.
Өзгелердің жаңалығы