Еліміздің шығысында туризмді дамытуға арнап жеке жол картасы әзірленеді

19 Ақпан 2020, 11:47
1619
Бөлісу:
Еліміздің шығысында туризмді дамытуға арнап жеке жол картасы әзірленеді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңір тұрғындары алдында есептік жиын өткізген облыс басшысы Даниал Ахметов еліміздің туристік нысандарының ТОП ондығына Алакөл аймағының енетінін атап өтті.

Соңғы үш жыл аралығында көл жағасының инфрақұрылымын жаңартып, абаттандыруына бюджеттен 6,3 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Сондай-ақ, алдағы төрт жылда жалпы құны 30 млрд теңгелік тағы да алты ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Туризм саласындағы қарқынды бәсекелестік күрес біздің алдымызға жаңа міндеттер қояды. Шығыс Қазақстан туризмді дамытудың кластерлік тәсілін қолданылатын өңірлердің бірі. Сонымен бірге, Катонқарағай ұлттық паркі және Рахман көлі, Глубокое ауданы мен Риддер қаласының тау шаңғы кластерлері, Бұқтырма су қоймасы туризмді дамытудың басымды бағыттары болып табылады. Аталған нысандар бойынша жеке жол картасы әзірленетін болады. Бұдан бөлек, басты назар облыстың тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге және сақтауға бағытталады, - деді өңір басшысы.

Қоса кетсек, өткен жылдың басында Ресейдің қазіргі заманғы мемлекеттік орталық музейінде "Ұлы Дала алтыны" көрмесі ұйымдастырылды. Көрмені жеті мыңнан астам адам тамашалады.

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеу аясында ағымдағы жылы Абай ауданы мен Семей қаласында ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Мереке барысында 560 іс-шара, оның ішінде 24 Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Польша, Қытай елдерінде өткізіліп, халықаралық деңгейде танылса, 21-і республикалық, ал 526-сы аймақтық шаралар ретінде ұйымдастырылады, - деп қосты Даниал Кенжетайұлы.

Өзгелердің жаңалығы