Елорда стационарларында қанша бала ауырып жатқаны белгілі болды

20 Сәуір 2021, 11:50
1405
Бөлісу:
Елорда стационарларында қанша бала ауырып жатқаны белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов елордадағы эпидемиологиялық жағдай және тұрғындарды COVID-19-ға қарсы вакциналау бойынша өткен брифингте айтты.

Қазір елорданың стационарларында 39 бала ауырып жатыр. Бұл-18 жасқа дейінгі балалар. Олар ата-аналарынан жұқтырып, бірге емделіп жатыр. Балалар арасында аурудың ауыр түрде өтуі және өлім-жітім жоқ, - деді ол.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова жыл басынан бері қалада 14 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирус жұқтырғандар саны 3705-ті құрағанын айтты.

Сондай-ақ Мұратов елордада жаппай вакцинация 10 сәуірден басталғанын айтты.

Біз күніне 6 мыңнан астам вакцина дозасын егеміз. Бұл біздің қала үшін қалыпты көрсеткіш. Вакцинациялау жоспар бойынша жүзеге асырылады. Яғни, вакцинация түскен жағдайда ол іске асырылады, - деді Мұратов.

Ол атағандай, қалада коронавирусқа қарсы күрес бойынша 15 стационар жұмыс істеп жатыр.

Соңғы екі аптада бірнеше стационарды қайта бейімдедік. Қазір темір жол ауруханасы диспансер ретінде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ бұрынғы тері диспансерін қайта бейімдедік. Оған қоса бас әскери госпиталь диспансер ретінде жұмыс істеп жатыр. Науқастарды қабылдауға «Ramada плаза» қонақүйінде жасақталған диспансер де дайын. Әзірге онда науқастар келіп түскен жоқ. Бірақ олардың саны көбейген жағдайда ол науқасты қабылдауға дайын, - деді Мұратов.


Өзгелердің жаңалығы