Елорда жастары: Үйдің максималды сомасы неге 13 млн теңге екені айтылды

25 Ақпан 2021, 13:41
1819
Бөлісу:
Елорда жастары: Үйдің максималды сомасы неге 13 млн теңге екені айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де өткен баспасөз конференциясында «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев елордалық жастарға арналған жаңа бағдарлама бойынша пәтердің максималды сомасы не себепті 13 млн теңгені құрайтыны туралы сұраққа жауап берді. 

Жыл сайын мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары қатары көбейіп жатыр. Жақында әйелдерге, елорда жастарына арналған бағдарламалар іске қосылады. Енді осы бағдарламалар бойынша тұрғын үйдің максималды сомасын қалай есептейсіздер? Мысалы, жаңадан іске қосылатын жастарға арналған бағдарламада максималды сома 13 млн теңге, - деп редакция ОКҚ спикерлеріне сауал жолдады.

«Елорда жастары» бағдарламасы іске қосылады деп күтіліп отырғанын айттық. Бұл жерде 13 млн теңге деген баға қайдан шықты, қалай есептеледі деген сұраққа келетін болсақ, бағдарлама басталған кездегі, яғни 2020 жылдың қараша айында нарықтағы бағадан есепке алынды. Бұл жастарға арналған бағдарлама болғаннан кейін көлемі 40 шаршы метрді құрайтын бір бөлмелі пәтердің нарықтағы орташа бағасы 300-320 мың теңге. Осы бағаны үйдің көлеміне есептегенде шамамен 13 млн теңге шығып тұр, - дейді «Отбасы банк» өкілі.

Оның сөзінше, бағдарламадағы үйдің құнын көбейтетін болса, онда бөлініп жатқан қаражат аясында бағдарламаға қатысатын жастардың саны азайып қалуы мүмкін.

Алғашқы жарна 10% болғандықтан бұл да жастарға көп салмақ түсіреді. Бүгінгі күні 1,3 млн теңгені жинақтауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ елордада бір бөлмелі пәтерді жалдау құны орташа есеппен 100 мың теңгені құрайды. Сол себепті несиені төлегенде де 100 мың теңгеден асып кетпеуі үшін осындай есепке келдік, - деп жауап берді Матаев.

Бұған дейін елордалық жастарға арналған пәтер алатын жаңа бағдарламаның дайындалып жатқанын жазған болатынбыз.



Өзгелердің жаңалығы