Елордада 16 науқас коронавирусты жақын араласқан адамдарынан жұқтырған

29 Наурыз 2020, 13:35
1363
Бөлісу:
Елордада 16 науқас коронавирусты жақын араласқан адамдарынан жұқтырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада коронавирус жұқтырған 16 адам үй карантинінде жатқандардан жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының  басшысы Сәуле Қисықова айтты.

Қаладағы жұқпалы, правизорлық және карантиндік ауруханаларда 1536 адам жатыр. Оның 106-сы – 18 жасқа толмаған балалар. Олардың 13-і ауруханада жазылып, үйлеріне жіберілді. Елордада коронавирус жұқтырған 151 адам тіркелді. 29 наурызда 16 науқастың жұқтырғаны анықталды. Олар бұрын стационарлық бақылауда немесе үйлерінде оқшауланған адамдар. Сондай-ақ, коронавирустық инфекциясы бар ықтимал байланыс пациенттерінің қатарында болған адамдар анықталды, - деді Сәуле Қисықова тікелей эфирде өткен брифинг барысында.

Сонымен қатар, ол қалада коронавирус жұқпалы індетінің таралуын болдырмау үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

Осы орайда айта кеткен жөн, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында санитарлық-эпидемиологиялық саладағы күрделі кезеңде еңбек етіп жатқан дәрігерлерді қаржылай қолдаудың жаңа пакеті қажет екенін айтты. Оның сөзінше, дәрігерлер соған лайықты, Үкімет есептеулерді жүргізуде, қабылданған шешім дүйсенбіде жарияланады.

Еске салсақ, бүгінгі күнге дейін елімізде коронавирустық инфекцияның 251 жағдайы расталды, оның 151-і Нұр-Сұлтанда тіркелген.
Өзгелердің жаңалығы