Елордада қарашада ұлттық спорт түрлері орталығы ашылады

23 Қазан 2020, 15:12
3176
Бөлісу:
Елордада қарашада ұлттық спорт түрлері орталығы ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы қалалық Білім беру басқармасының басшысы Шолпан Қадырова әкімдіктің Facebook-тегі онлайн брифингі кезінде айтты.

Қазіргі уақытта карантиндік шаралардың қатаңдатылуына байланысты жалпы білім беретін мектептерде орналасқан қосымша білім беру ұйымдары филиалдарының жұмысы тоқтатылды. Дегенмен қосымша білім беру ұйымдары өз жұмысын жалғастыруда. Әр топтағы оқушы саны 10-нан аспайды, - деді Қадырова брифингте.

Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген балалар үйірмелері мен секцияларының қызметін жандандыру бағыты бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қараша айынан бастап 2 орталық жұмысын бастайды. «Арқа ALAN»  ұлттық спорт түрлері орталығы, онда балалар қазақ күресі, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ және шахмат спорт секцияларында тегін айналыса алады. Орталық 600-ге жуық баланы қамтитын болады. Екіншісі – Art Tumar сәндік-қолданбалы өнер орталығы, онда көркем тоқуды, ағашты көркем өңдеуді, зергерлік өнер, шығармашылық құрақ тігуді, ілмектеп кесте тігуді және тері мен сазды көркем өңдеуді үйренуге мүмкіндік беріледі, - деп атап өтті ол.

Орталық 300-ге жуық баланы қамтитын болады. Екі орталық Қайым Мұқамедханов пен Айтматов көшелерінің қиылысында орналасқан.

Сондай-ақ, Е-496 көшесі, 10/1 және 10/2 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында Балалар көркемөнер мектебі мен Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының филиалдары ашылды. 

250-ден астам баланы қамтитын Техникалық шығармашылық орталығында ашылатын техникалық бағыттағы үйірмелер өскелең ұрпақ арасында үлкен қызығушылық тудыруда. Орталықтың бұл филиалының жеке тұрған ғимаратта орналасуы маңызды жайт болып табылады. Филиал Железнодорожный тұрғын үй-ауданы, Жамбыл Жабаев көшесі 27 мекенжайында орналасады, - деп айтты Шолпан Қадырова.

Қаланың барлық төрт ауданында балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары жұмыс істейді. Футбол, волейбол, баскетбол, көпсайыс және ұлттық спорт түрлері спорт секцияларында 576 бала шұғылданады.

Осы жылдың соңына дейін тағы да Техникалық шығармашылық орталығының  2 филиалы мен № 90 мектептің жанынан бір Community center ашу жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы