Бас жаңалықтар
Елордада мас жүргізуші азайды
14 Ақпан 2020, 14:35 105

Елордада мас жүргізуші азайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жаңа заңға енген өзгерістер мен түзетулерге байланысты дейді мамандар. 

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2019 жылды қорытындылап, брифинг өткізді. 

Іс-шара аясында әкімшілік соттың төрағасы Уәлихан Рахматуллаев статистикалық мәліметтер келтіріп, соттың бір жылда атқарған жұмыстарымен таныстырды. 

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының өндірісіне 36736 әкімшілік іс келіп түсіп, оның 34591-і қаралды және оларға қатысты шешім шықты. Айта кетейін, 2018 жылы барлығы 33317 іс түскен еді, яғни өткен жылы біздің әкімшілік соттың жүктемесі 3500 іске көбейді. Осы орайда 2019 жылы әкімшілік соттың әр судьясы айына 240-250 іс қараған, ал норма бойынша ол 80 іс қарауы қажет. Қазіргі таңда біздің сотта 14 судья жұмыс істеп жатыр, - деді Уәлихан Рахматуллаев. 

Оның айтуынша, 2019 жылдың соңында заңға енген бірқатар өзгерістер мен түзетулердің арқасында құқықбұзушылық та, сотқа жүгініп келетіндер саны да азайған. 

Мысалы, жаңа жылдан кейінгі 1,5 ай бойынша мәліметтермен бөлісе кетейін. Көлікті мас күйінде айдау бойынша 608-бапқа тоқталсақ. Мәселен, 2019 жылдың бір жарым айында 181 іс қаралып, шешім шыққан болса, биыл тек 27 іс қаралды. Сол сияқты көші-қон саласында да әкімшілік құқық бұзушылық азайған. Былтыр бізге 680 іс келіп түссе, биыл 125 іс қарастырдық. Ұсақ бұзақылық бойынша былтыр 549 іс қаралған болса, биыл тек 44 іс болды, - деп мәлімет келтірді сот төрағасы. 

Оның сөзі бойынша, сотта мұндай істердің азаюы заңның қатаңдатылғанына байланысты. Адамдар жауапкершілікті сезініп, әр іс-әрекетін ойланып істейтін болған.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...