Елордада тағы бір сауда орталығында вакцинация пункті ашылды

12 Мамыр 2021, 17:03
1038
Бөлісу:
Елордада тағы бір сауда орталығында вакцинация пункті ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада тағы бір ірі СОО – «Сарыарқада» коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау басталды.

Сауда орталықтарында вакцинация пункттерін ұйымдастыру жұрт арасында екпеге деген сұранысты көрсетеді. Қазіргі уақытта қаладағы 9 сауда кешенінде 15 мыңға жуық адам вакцина алды. Қала тұрғындары үйіне, жұмысына жақын жерде егу пункттерін ашу туралы жиі жүгінеді. Осылайша, біз халыққа ыңғайлы болу үшін қаланың барлық ірі сауда нүктелерін қамтып отырмыз, - деп атап өтті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Қала бойынша дозаның бірінші компонентін 132 мыңнан астам адам алды.

«Сарыарқадағы» егу орны екінші қабаттағы эскалатордың оң жағында орналасқан. Жұмыс кестесі қалған СОО-ға ұқсас – сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін.

Естеріңізге сала кетейік, халықты вакцинациямен кеңінен қамту үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша медицина ұйымдарында егу пункттерінің саны үш есеге артты.

Сонымен қатар, бүгінде елордада «Mega Silk Way», «Keruen», «Хан Шатыр», «Абу-Даби Плаза», «Азия Парк» сауда ойын-сауық орталықтарында, «Биг Шанхай» сауда кешенінде, орталық базарда, «Әлем» және «Астаналық» сауда орталықтарында вакцинация пункттері ашылды.

Вакцинация пункттерінің кеңеюіне байланысты БМСК ұйымдарының жұмыс уақыты қысқарып, 08:00-22:00 аралығына белгіленсе, СОО-лар үшін жұмыс тәртібі өзгеріссіз қалады – сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін.

Сондай-ақ, халықтың жоғары белсенділігін ескере отырып, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы көшпелі бригадалар ұйымдастырып, еңбек ұжымдарын жаппай вакцинациялап жатыр.

Өзгелердің жаңалығы