Бас жаңалықтар
Елордада зорлық-зомбылыққа қарсы акция өтіп жатыр
04 Желтоқсан 2020, 15:02 157

Елордада зорлық-зомбылыққа қарсы акция өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында іс-шаралар өтуде, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Негізгі мақсат - тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасымен күресу. Шараға мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамның, дағдарыс орталықтарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда.

Тұрмыстық құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды, қолайсыз отбасыларды тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта бізде есепте тұрған 463 отбасы тексерілді. Соның ішінде 342 адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған болатын. Бұл адамдарды учаскелік полиция инспекторлары тұрғылықты мекенжайына барып тексерді. Сондай-ақ бейнебайланыс арқылы да тексерулер жүргізілуде. Сонымен қатар сотпен жүріс-тұрысына ерекше талап қойылған 70 адам тексерілді, - деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Гүлмира Шырахметова.

Мұнан бөлек акция аясында Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті жоспарлы түрде бірқатар іс-шара өткізуде. Атап айтқанда, мүдделі мемлекеттік органдармен, ҮЕҰ өкілдерімен, жұртшылықты және БАҚ өкілдерін тарта отырып «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында дөңгелек үстел өтті. Оған Zoom платформасы арқылы да тұрғындар қатысты. Сонымен қатар акция аясында «Үміт» дағдарыс орталығына, «Аналар үйіне» барып, ондағы қызмет алушыларға психологиялық тренингтер өткізілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Халық көп шоғырланған жерлерде, сауда үйлерінде халықты ақпараттандыру мақсатында Полиция департаменті әлеуметтік бюро өткізуде. Алдағы уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен, сот және прокуратурамен бірлесіп онлайн брифингтер өткізу жоспарланған, - дейді Гүлмира Шырахметова.

Қазіргі уақытта «Үміт» дағдарыс орталығындағы 24/7 режимінде жұмыс 49-72-89 нөмірі, сонымен қатар Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының сенім телефоны - 71-60-63 нөмірі арқылы тиісті көмек көрсетіледі.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...