Ажар Ғиният: Басты мақсатымыз – емханалардың дайындығы

15 Тамыз 2020, 15:36
2212
Бөлісу:
Ажар Ғиният: Басты мақсатымыз – емханалардың дайындығы
PHOTO
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Түркістан облысындағы коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалмен танысуға келген болатын. Алдымен аймақтағы Ордабасы аудандық орталық ауруханасының жағдайымен танысып шыққаннан кейін, Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталдық орталыққа келді.

WhatsApp Image 2020-08-15 at 15.32.26.jpeg

Аталған орталық 2007 жылы 60 орындық болып ашылған. 2010 жылы №3 облыстық перинаталдық орталығы статусы берілді. Өткен жылға дейін орталықта 155 орын болса, 2020 жылы қосымша 70 төсек-орын бөлініп, 225 орынға дейін көбейтілді.

Орталық аты айтып тұрғандай пациенттерге ІІІ деңгейдегі акушериялық-гинекологиялық жәрдем көрсетеді. Сондай-ақ, Түркістан, Кентау, Созақ, Отырар аудандарының 450 мыңға жуық халқын қамтиды. Атап айтқанда, жүкті әйелдерге, жаңадан босанғандарға, қауіпті топқа жататын жүктілер мен жаңа туылған шақалақ пен шала туғандарға акушериялық-гинекологиялық, неонатальді, консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіледі.

№3 перинаталдық орталықтың бас дәрігердің орынбасары Ардақ Аязбековтің айтуынша, коронавирус індетіне байланысты орталық 40 төсек-орынмен қамтылған.

WhatsApp Image 2020-08-15 at 15.31.27.jpeg

Біздің орталықта пандемияға байланысты төсек-орын ашылған уақыттан бері 148 жүкті әйел емделіп, үйіне шығарылды. Барлығы да қажетті емді алды. Перинаталдық орталықта дәрігерлер жетіспеушілігі болған жоқ. Қажетті көлемде акушер-гинекологтар, реаниматологтармен, терапевттермен қамтылды. Сондай-ақ, карантин кезінде ана мен бала өлімі орын алған жоқ. Штаттық режимде жоспарға сәйкес қызметін атқарды, - деді Ардақ Аязбеков.

Айта кететін жайт, осы жылы орталықтың жанынан 150 төсек-орындығы бар жаңа ғимарат қолданысқа беріліпті. Онда барлық босанушы, жүкті әйелдер мен нәрестелерге арналған процедуралық бөлмелер толығымен жабдықталған. Сонымен қатар, орталықта автономды оттегі станциясы орнатылған. Бұл коронавирус індеті кезінде оттегімен емдеуді толық қамтамасыз етіпті. Ал бұған дейін баллондық типте көмек көрсетіп келген екен.

Жаңа оттегі станциясы жалпы індет шықпай тұрып та орталықтың жұмысына аса қажет болатын. Яғни, шала туған нәрестелерге өкпені жасанды желдету аппараты үшін керек. Сол станция карантин кезінде өзінің пайдасын толық ақтады. Ол жерде жалпы ауадан оттегі өндіреді. Станция осы жылдың басында орнатылды, қазір толық қолданыста, - деді орталықтың орынбасары.
WhatsApp Image 2020-08-15 at 15.32.27.jpeg

Перинаталдық орталықта 540 қызметкер жұмыс істейді, оның 67 – дәрігер, 329 орта медицина қызметкері. Өз кезегінде перинаталдық орталықтың жұмысымен танысып шыққан денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният облыста коронавируске қатысты эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғанын атап өтті.

Бұған Түркістан облысының эпидемиологиялық жағдайымен танысқаннан кейін көзім жетіп отыр. Ордабасы аудандық ауруханасында да жаңадан түскен коронавирус аурулары жоқ болды. Тек емін алып жатқан аурулар жатыр деді. Кеше Шымкент қаласында да осындай жағдаймен таныстым. Мұның өзі қазіргі таңда аурулардың аз түсуі, ауруханалардағы кереуеттердің толықтыруларының азаюы, жедел жәрдем шақырудың азаюы елдегі эпидахуалдың жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, күзде маусымдық инфекциялар бас көтереді. Балалар арасында болсын, ересектер арасында болсын маусымдық бактериялық инфекциялар бар. Сол инфекциялар ауруханаларға, жедел жәрдемге, емханаларға жүк түсіреді. Сол себепті, біз алда медициналық ұйымдардың дайындығы қалай екендігін қарап жатырмыз, - деді Ажар Ғиният.
WhatsApp Image 2020-08-15 at 15.32.30.jpeg

Денсаулық сақтау министрі орынбасарының айтуынша, індет ушыққан кезде республика бойынша 52 500-ден аса төсек дайындалғанын айта кетті. Сол айтылған төсек-орындар дайын тұр ма, ауруханалар қамтамасыз етілді ме, оттегі станцияларын салу туралы барлық жерде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Басты мақсатымыз – емханалардың дайындығы. Халықтың бәрі коронавирус инфекциясымен түспейді. Басқа да инфекциялық аурулар да жетеді. Сол аурулар да емханада емделеді. Вирустық жұқпалы аурулардың маусымдық көтерілуі болатындықтан күзде шектеу шараларын енгізіп, емханада оқшауландырып, әр тұрғынға қолжетімділігін жетілдіруіміз керек. Осы жөнінде министрліктен түскен нұсқаулықтар қалай орындалып жатыр соның бәрі қаралды. Шектеу шаралары тоқтатылса да, халық біз айтқан санитарлық нұсқауларды ұмытып кетуге болмайды. Өйткені бұл жұқпалы ауру. Байқадыңыздар, ол не аязға, не ыстыққа қарамайды. Вирус ешқайда кеткен жоқ. Жұқтыруды тоқтату үшін байланысты тоқтату керек. Басқа ешқандай амалы жоқ. Бұл індетті тоқтатуды тек медицина қызметкерлерінің жұмысы деп есептемеу керек, - деді ол.
WhatsApp Image 2020-08-15 at 15.30.58.jpeg

Ол індет кезінде адамдардың көп жиналмауын, көңіл айту т.б. қазақы рәсімдерді телефон арқылы айтып, адамдардың бір-біріне қауіп төндірмеуге шақырды. Оған қоса, індетпен күресуде беделді ел ағалары мен әр саланың беделді мамандары да карантин кезінде халықты сабырға шақырып, індетті бірлесе жеңуге болатынын айтты.

Айта кетейік, Түркістан өңірінде бала туу саны жағынан жыл сайын ұлғайып келеді. 2018 жылы орталықта 7373 нәресте дүниеге келсе, 2019 жылы 7545 нәресте дүниеге келген. Осы жылдың 7 айында 5172 бала дүниеге келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1053-ке көп.

Өзгелердің жаңалығы