Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға барлық жағдай жасалуы керек - Сапарбаев

28 Мамыр 2020, 09:47
2255
Бөлісу:
Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға барлық жағдай жасалуы керек - Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мүмкіндігі шектеулі жандардың ғимараттарға еркін кіріп-шығуы, қала ішінде жүріп-тұруы, өздерін қауіпсіз сезінулері үшін қол жетімді ортаны қалыптастыру қажеттігін айтып келеді.

Өткен селекторлық кеңесте аймақ басшысы салалық басқарма өкілдері және қоғам белсенділерімен бірге осы тұрғыдағы өзекті мәселелерді шешу барысын талқылады.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 46 356 мүмкіндігі шектеулі азамат бар болса, оның 6629-ы балалар. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биылғы жылы жалпы сомасы 1,5 млрд.теңгеге 9900 мүгедекке әлеуметтік көмек көрсетілген.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылған десек, ол арқылы мүгедектер техникалық оңалту құралдарына және арнайы әлеуметтік қызметтердің 54 түрінің 24-і бойынша тапсырыс бере алады.  Келер жылдан бастап  портал көмегімен оңалту және протездік-ортопедиялық, гигиеналық құралдармен, мүгедектер арбаларымен сондай-ақ   арнаулы әлеуметтік, жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының және емдеу сауықтыру қызметтерімен қамтамасыз ету көзделуде.

Порталда облыстың 18 мемлекеттік және 5 үкіметтік емес ұйымы тіркелген. Алайда, мүмкіндігі шектеулі адамдардың бәрінде бірдей смартфондар мен компьютерлер бола бермейді. Осыған орай, планшеттермен немесе ноутбуктармен қамтамасыз ете отырып, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың әлеуметтік қызметтер порталымен танысуына көмектесу  үшін еріктілерді тарту ұсынылуда.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан және облыс әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.

6629 мүмкіндігі шектеулі баланың 659-ның тірек-қимыл  жүйесі бұзылған және 1813-і жүйке жүйесі ауруларымен оңалтуды қажет етеді.

Тараз қаласы, Жамбыл, Қордай, Меркі және Шу аудандарында Орталықтар мемлекет тарапынан ашылған. Тұрар Рысқұлов және Жуалы аудандарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар арқылы қызметтер көрсетілуде. Бұл аудандарда ғимарат мәселесі шешілмегендіктен, орталықтар жалға алынған, тиісті жағдай жасалмаған нысандарда орналасқан.

Бердібек Сапарбаев екі аудан әкімдеріне тиісті ғимараттарды табу керектігін ескертті.

Талас ауданында осындай орталыққа ғимарат  сатып алуға жергілікті бюджеттен 21 миллион теңге бөлінген. Ендігі кезекте Оңалту орталықтарын Байзақ (201 бала), Мойынқұм (44 бала), Сарысу (100 бала) аудандарында ашу қажеттігі туындап отыр. Бердібек Сапарбаев үш аудан әкіміне қажетті қаражат көздерін қарастырып, уақыт созбай орталықтарды ашуды тапсырды.

Салалық басқарманың мәліметтері бойынша, мүгедектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тиісті 1030 нысанның толығымен паспорттары дайындалып, бүгінгі күнге 994 нысанда бейімдеу жұмыстары аяқталған. Айта кету керек, олардың 240-ы ғана толықтай бейімделген. Қалғандары тек  пандус пен тақтайшалар орнатумен шектелген.

Бердібек Сапарбаев аудандар мен облыс орталығының әкімдеріне мүгедектерге қоғамдық орындарда және мекемелерде тиісті деңгейде жағдай жасау үшін жұмыстар жүргізуді тапсырды.

 Айталық, әлі күнге аялдамалар, тротуарлар, арнайы бағдаршамдар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделмеген.

- Ерекше қажеттіліктері бар адамдар өз туған қаласында жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалуы керек. Біз қолжетімді, кедергісіз орта құруға тырысудамыз. Олар қалада еркін жүріп-тұрып, дүкендерге, театрларға және басқа да ойын-сауық орындарына барып, қоғамдық көлікті қолдана алуы тиіс. Алайда, қарапайым жаяу жүргіншілер жолағынан өту мүмкін болмаса, басқаларға қалай қол жеткізуге болады? – деп облыс әкімі Тараз қаласының  басшылығына осы секілді мәселелерді шешуді тапсырды.

Жиында қоғам белсенділері де өз ойларын ортаға салды. "Жамбыл облысының Азаматтық Альянсы" Қауымдастығы" ЗТБ төрағасы Зайтжан Юлдашев ерекше қажеттіліктері бар адамдар коммуналдық қызмет үшін 15 000 теңге көлеміндегі төлемді ала алмай отырғандығын айтты. Олар call-орталықтардың жұмыс істемейтіндігін айтып шағымданды.

- Бұл төлемдерді тағайындалған адамдар міндетті түрде алады. Call-орталықтар мәселесі де шешілетін болады, - деп сендірді облыс әкімі.
«Мүгедектердің жастар қоғамы» ҚБ төрайымы Әйгерім Дәулетбаева мүгедектердің сапалы білім ала алмайтындығына наразылық білдірді. Оның пікірінше, балабақшалардан бастап инклюзивті білім беру керек. Мұның бәрі оларға болашақта жұмыс тұруға көмектеспек. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап жазғы демалыстар ұйымдастыру қажет.
- Сіздердің өтініштеріңіз назарға алынады. Тиісті шаралар қабылданады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі өте маңызды. Барлық кедергілерді жойып, оларды жұмыспен қамту жолында кәсіпкерлерді көмекке тарту керек. Еңбек инспекциясы кәсіпорындардың мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін жергілікті атқарушы орган белгілеген квоталарды пайдаланылуын қадағаласын, - деп түйіндеді облыс әкімі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарды мәдени және спорттық шараларға белсенді түрде тарту қажеттігін баса айтты.

Өзгелердің жаңалығы