Ерейментау станциясында 10 жастағы оқушыны пойыз қағып кетті

11 Мамыр 2021, 21:21
2407
Бөлісу:
Ерейментау станциясында 10 жастағы оқушыны пойыз қағып кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 10 мамыр күні Ерейментау станциясында 10 жастағы оқушыны пойыз басып кетті. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бала пойызды өткізіп жіберіп, құрам қарсы қозғалып келе жатқан көрші жолтабанға аяқ басқан. Ол локомотив сигналдарына жауап та қатпаған. Пойыз жүргізушісі жедел тежегішті іске қосқанымен, кеш еді. Баланы басып кетті. «ҚТЖ» ҰК» АҚ марқұмның отбасына көңіл айтып, тұрғындарды Темір жолдағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Ережелерді елемеу өмір мен денсаулыққа қауіп төндіреді – делінген хабарламада.

Теміржолшылар жарақаттанудың алдын алу бойынша белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Желілік полиция, әскерилендірілген күзет, магистральдық желі қызметкерлерімен бірлесіп, теміржолдар арқылы адамдардың рұқсатсыз өту орындарында рейдтер жүргізіледі, сондай-ақ халықпен кездесулер өткізіледі.

Айта кету керек, жаяу жүргіншілер өтуге болады деген белгісі жоқ жерлерде темір жолдардан өтуге тыйым салынған. Жолда кенеттен пайда болған жаяу жүргіншіні қағып кетуді болдырмау іс жүзінде мүмкін емес, өйткені темір жол құрамының тежеу жолы кемінде 800 м. Теміржол – ерекше назар мен қырағылықты қажет ететін қауіпті аймақ.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-на теміржолдарды қауіпсіз кесіп өту үшін жаяу жүргіншілер көпірлерін салу қажеттілігі туралы азаматтардан өтініштер жиі түседі. Біз түсінік бере кетсек, ҚР ЕЖ 4.7.3-тармағына 3.03-114-2014 «Темір жолдары» сәйкес жаяу жүргіншілер көпірлерін салу тек жаңа және жаңғыртылатын желілерде көзделген. Қазіргі уақытта Ерейментау станциясында жаңғырту жұмыстары жүргізілмегенін ескере отырып, компания қаражаты есебінен жаяу жүргіншілер көпірін салу мүмкін емес, - деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Магистральдық жолдар дирекциясы» филиалының ИССО жөндеу бөлімінің бастығы Ардақ Төлеуғалиев.

Сонымен қатар ол «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148-II Заңы 31-бабының 7-тармағына сәйкес аудандық (облыстық маңызы бар қала) әкімдіктің құзыретіне су құбырларын, тазарту құрылыстарын, жылу және электр желілерін және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) басқа да көлік және инженерлік инфрақұрылымдар объектілерінің құрылысын ұйымдастыру және пайдалану кіретінін атап өтті.

Бұл ретте компания қиылысу орнын таңдауға және техникалық шарттарды беруге жәрдем көрсетеді.

Ақпарат үшін: жергілікті атқарушы органдардың күшімен темір жолдар арқылы Маңғыстау (2017 жыл), Павлодар (2018 жыл) және Алматы (2019 жыл) облыстарында жаяу жүргіншілер көпірлері салынды.

Өзгелердің жаңалығы