Еріктілер мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мобильді қосымша жасады

2 Сәуір 2020, 14:31
2812
Бөлісу:
Еріктілер мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мобильді қосымша жасады
EX PHOTO

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда мектеп оқушылары еріктілер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды байланыстыруға арналған мобильді қосымшаның жобасын жасап шығарды. "Senim" деген атауға ие болған байланыс құралы арқылы жәрдемге мұқтаж азаматтар өз өтініштерін білдіре алады. Ал еріктілер хабарламаны бірден көріп, көмекке асығады.

"Senim" мобильді қосымшасының авторлары Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Камила Амантаева, Рахат Әкімжан, Дархан Жангелді және Өмірхан Ризабек. Жоба жетекшісі география пәнінің мұғалімі – Серік Жолдасов. Жаңа жобаны қолға алмас бұрын оқушылар мүмкіндігі шектеулі жандармен сауалнама жүргізіп, олардың күнделікті өмірде қандай қиындықтарға тап болатынынын, қандай көмекке мұқтаж екендігін зерттеген. Оқушылардың алдында мобильді қосымшаны жасап шығарып, халықаралық байқауға қатысу міндеті тұр. Біздің сауалдарымызға жоба авторларының бірі Камила Амантаева жауап берген еді.

–   Камила "Senim" мобильді қосымшасының жобасын жасауға не түрткі болды?

–  Бала кезімнен ерікті болып, басқаларға көмектесуді армандайтынмын. Отанымның белсенді азаматы болғым келеді. Қазақстандық "Адал" еріктілер клубының мүшесімін. Халықпен жұмыс істеп, аз да болса пайдамды тигізсем деймін. Бүгінгі күні еріктілер қозғалысы үлкен маңызға ие. Соны ескере отырып, тобымызбен осындай жоба жасауды ұйғардық. Әрі ол жүзеге асып жатса, денсаулығы жоқ адамдарға көп пайдасын тигізер еді. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарға біраз қолдау көрсетеді. Бірақ бұл аздық етеді. Оған өзіміз жүргізген әлеуметтік зерттеу барысында да көзімді жеткіздім. Әсіресе күнделікті тұрмыста олапдың көп қиындықтар мен кедергілерге тап болатыны жасырын емес. Қазақстанда емес, барлық ТМД көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бір жерге барып келу қиындық туғызады. Біз олардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасай алмай отырмыз. Көп адамдар мүгедектерден бойын аулақ салғысы келеді. "Senim" қосымшасы осындай жағдайда таптырмас көмек бола алады. Әлемде 1 миллиардтан астам адам түрлі санаттағы мүгедек. Ол жер шары тұрғындарының 15 пайызын құрайды. Оның 600 мыңы біздің елімізде.

юн1.jpg

–       Қосымша қалай жұмыс істейді?

–       Қосымша еріктілерге өтініш жіберіп, оны қабылдауға негізделген. Мәселен өздгінен дүкенге барып келе алмайтын адамдар бар. Туыстары үнемі жанынан табыла бермейді. Көмекке зәру жан қосымша арқылы еріктілерге өтініш жібереді. Еріктілер оны көреді. Қандай жәрдем керек екені, науқастың қай жерде тұратыны барлығы берілген ақпаратта көрсетіліп тұрады. Еріктілердің бірі оны таңдап, әрекет етуге көшеді. Қосымшада кімге қандай көмек көрсетілгені, қай ерікті қаншалықты жұмыс атқарғанының барлығы сақталып қалады. Сәне ол ақпараттың барлығы жабық. Бөгде адамдар біле алмайды. Яғни, қауіпсіздік шараларының барлығы сақталған. Оған кепілдік бар. Осы қосымшаның арқасында еріктілер үшін де өз жұмысын жай сөзбен емес, нақты дәлелмен көрсетудің мүмкіндігі туады. Өйткені жоғары оқу орындарына түскен кездің өзінде де еріктілерге біраз жеңілдіктер жасалады. Осылайша еріктілер арасында сайыс ұйымдастыру да ойымызда бар. Және мүмкіндігі шектеулі жандар бұл қосымша арқылы еріктілердің жұмысына өз бағасын бере алады.

юн2.jpg

–       Жобаны жүзеге асыру жоспарымен бөлісе отырсаңыз?

–       Өткен жылдың қараша айында UNICEF және БҰҰ даму бағдарламасы ұйымдары әлеуметтік жобалар байқауын өткізді. Оған қатысуға ниет білдіргендерден 400-ден астам өтініш түскен. Үміткерлердің қатарында біздің "Sana" командасы да болды. Қазылар алқасы жұмыстарды іріктей келе финалға өтетін 10 команданы таңдап алды. Бағымызға қарай сол ондықтың қатарына біз де ендік. Сол 10 топтың арасынан біз үздік бестіктің қатарында халықаралық кезеңге жолдама алдық. Осының арқасында грант ұтып алдық. Сол грантты мобильді қосымшаны жасап шығаруға пайдаланамыз. Оған дейін 5 ай уақыт бар. Сосын келесі 5 айда мобильді қосымшамен жұмыс істейміз. Соның нәтижесі бойынша бұған дейін таңдап алынған 5 жобаның арасынан 2 еңбек таңдап алынып, халықаралық додаға жолдама беріледі.

–       Болашақта мамандығыңызды қай саламен байланыстырғыңыз келеді, осы жұмысыңызды әрі қарай жалғастыру жоспарда бар ма?

–       Таңдайтын мамандығым жайында нақты таңдау жасаған жоқпын. Қазір 11-ші сынып оқып жүрмін. Ойлануға әлі 1 жыл уақытым бар. Техникалық мамандықтар ұнайды. Бір анығы - халықпен жұмыс істегім келеді. Түрлі жобаларды жүзеге асырып, еріктілер бағытын дамытқым келеді. Есейгенде уақытымды осы салаға арнағым келеді.

–       Сұхбатыңызға рахмет!

суреттер Камила Амантаеваның жеке архивінен 


Өзгелердің жаңалығы