Ертіс арнасы қоқыс пен иесіз аулардан тазартылып жатыр

17 Мамыр 2021, 13:10
1438
Бөлісу:
Ертіс арнасы қоқыс пен иесіз аулардан тазартылып жатыр
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында Ертіс өзенінің арнасын қоқыс пен иесіз аулардан тазартау жұмыстары басталды.

Ауқымды экологиялық акцияны мемлекеттік қызметшілер, балық инспекторлары мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қолдады. Бірнеше күннің ішінде су айдынынан 1,5 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.

Облыстық балық инспекциясының бөлім басшысы Самал Темірболатованың айтуынша, өткен жылы осы кезеңде 11 тоннадан астам қоқыс жиналған. 

Ертіс арнасы қоқыс пен иесіз аулардан тазартылып жатыр

Акция басталғалы бері инспекция мамандары өңірдегі су тоғандарынан иесіз жатқан 45 ауды тәркіледі. Жалпы ұзындығы үш шақырымға жуық. Ауларда тұрып қалған балықтар қайта жіберілді. Қазір Ертістегі балықтар уылдырық шашып жатыр. Сәйкесінше, балық аулауға қатаң тыйым салынған, - дейді Самал Темірболатова. 

Сонымен қатар 200 келіге жуық балық табылды. Ал табиғатқа келтірілген шығын көлемі 200 мың теңгеден асты. 

Айта кетейік, өткен жылғы тазалық шараларына 200-ден астам маман мен су тоғандарына жауапты 10 табиғат пайдаланушы қатысқан.

Нәтижесінде өзен-сулардан ұзындығы төрт шақырымнан асатын аулар шығарылды. Балық аулау құралдарының барлығы жойылды. 

«Таза су айдыны» акциясы мамыр айының соңына дейін жалғасады. Қазір облыс аумағында ащы және тұщы 200-ге жуық су аудыны бар.

Өзгелердің жаңалығы