Ертіс өңірінде қатерлі ісікпен күрес шаралары күшеймек

14 Ақпан 2020, 17:15
1559
Бөлісу:
Ертіс өңірінде қатерлі ісікпен күрес шаралары күшеймек
Фото: автордан

Павлодар. BAQ.KZ. Ертіс өңірінде көптен бері қордаланған қатерлі ісік және инсульт оқиғаларының өсімін азайту бағытындағы шаралар күшейтілмек. Кешенді күрес жұмысы туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов халық алдында есеп беру барысында айтып берді.

Бүгінде облыс орталығында онкологиялық диспансердің құрылысы аяқталды. Бұл мекемеде білікті мамандар шоғырланады. Аймақ басшысы дәл осындай мамандардың алғашқы медико-санитарлық көмек нысандарында да жұмыс істеу керектігін жеткізді.

Қатерлі ісіктің ерте кезеңін анықтап, алдын алу жұмыстары дәл осы алғашқы медициналық көмек көрсету мекемелерінде жүргізілуі тиіс. Дертті ерте диагностикалауды жақсарту үшін дәрігерлерді ынталандыру қажет. Біріншіден, ақ желеңділерді әлеуметтік пакеттермен қамту керек. Екіншіден, онкологтардың міндетімен тікелей байланысы жоқ қызметтен босату керек. Үшіншіден, дәрігерлерді халықаралық тәжірибе алу үшін шетелге оқуға жіберу керек, - дейді Әбілқайыр Сқақов.

Халыққа скринингтің мүмкіндіктерін таныстырып, сапасын арттыру да аса маңызды.

Былтыр инсульттан көз жұмғандардың саны өсті. Бұл дерт жасарып келеді. Облысымызда қайталанған инсульт оқиғалары есепте жоқ. Бұған назар аудармасақ, болашақта инстульт көрсеткіші онкологиялық аурулар санына жетеді. Осыған байланысты облыстық кардиологиялық орталықтың жанында инсульттық орталықты ашу мәселесін қарастыруға тапсырма беремін, - деді аймақ басшысы.
Өзгелердің жаңалығы