Ержан Тоқтағұлов: Президенттік жастар кадрлық резерві – өзіңді дамытудың жолы

22 Қаңтар 2020, 16:49
3032
Бөлісу:
Ержан Тоқтағұлов: Президенттік жастар кадрлық резерві – өзіңді дамытудың жолы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадрлық резервінің іріктеуінен өткен 300 жаспен кездескен болатын. Сол жиналыста ол білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артатынын айтты. Сондай жастардың бірі – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитеті БАҚ саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ержан Тоқтағұлов. Президенттік жастар кадрлық резерві жобасының жеңімпазы іріктеудің өту барысы мен байқау туралы айтып берді. 

Мен осындай жоба өтеді дегенді естіп, бірден қатысуға шешім қабылдадым. Ондағы мақсатым – өзімді сынап көру. Менің Президенттік жастар кадрлық резервіне қатысуыма үш себеп бар. Бірінші кезекте, тәжірибем, күш-қуатым мен білімімді қоғамға пайда әкелу үшін барынша пайдалану. Екіншісі, өзімді дамыту және білімімді жетілдіру. Себебі тест пен тапсырмалар нәтижесі бойынша біз (қатысушылар) кері байланыс алдық. Оның үстіне бізге өз-өзіңді дамыту үшін дайын жоспар ұсынылды. Үшіншісі, қарым-қатынас аясын кеңейту. Мен өңірдегі және еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты жастармен танысып, ой-пікір алмасқым келеді, - дейді Ержан. 

Оның айтуынша, жоба тамаша және жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл басқарушы және көшбасшы қабілеттері кешенді бағалаудың ең нақты әрі тиімді жолы болған. 

Ұйымдастыру жұмысы керемет жүргізілгенін ерекше атап өткім келеді. Ал байқаудың өзі ашық және адал өтті. Оны жоғары деңгейдегі кәсіби мамандар әзірлегені байқалады. Байқаудың әр кезеңі сені жан-жақты ойлануға итермелейді. Себебі кей жерде білім жетілдіріп, өз-өзіңмен жұмыс істеу керек екенін түсіндім. Алайда жобаның артықшылығы да осында. Өйткені іріктеуден өткен жастарға болашақта елдегі үздік бағдарламалар бойынша білім алуға мүмкіндік беріледі, - деп атап өтті іріктеу жеңімпазы.

Осыған қоса Ержанның айтуы бойынша, байқау барысында дағдылар жан-жақты тексеріліп, нақты қателер мен оларды шешу жолдары айтылды. 

Маған, ең алдымен, конкурстың объективтілігі мен әрбір қатысушы үшін қажетті кері байланыс ұнады. Біз қазірдің өзінде кәсіби мамандар тарапынан бағаланып, өзіміздің жеке тұлғамызды дамыту бойынша нақты ұсыныстар алдық. Бұл кадрлық резервтің әрбір қатысушысы үшін өте маңызды жайт, себебі сіздің бойыңыздағы мүмкіндіктер барынша объективті түрде бағаланады. "Президенттік жастар кадрлық резерві" жобасы еліміздің үздік басқарушыларын анықтады және оларға өз қабілетін мемлекеттік деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді. Яғни бұл ел игілігі үшін тапжылмай еңбек етуге үлкен мүмкіндіктер сыйлайды, - деп сөзін қорытындылады 300 жастың қатарына іріктеліп өткен Ержан Тоқтағұлов.


Өзгелердің жаңалығы