Есіл өзенінің жасыл түске боялуына байланысты сынама алынды

4 Тамыз 2020, 21:35
3069
Бөлісу:
Есіл өзенінің жасыл түске боялуына байланысты сынама алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы Есіл өзенінің бетіндегі судың жақында жасыл түске боялуы және балдырлардың гүлденуіне байланысты, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің "Қазгидромет" РМК 2020 жылғы 3 тамызда жоспардан тыс оқиға орнына шығып, Есіл өзенінің 6 нүктесінде су сынамасын алды.

- №1 нүкте: Есіл өзені, Нұр-Сұлтан қаласы, тазартылған нөсер суларын шығарудан 0,5 км жоғары

- №2 нүкте: Есіл өзені, Нұр-Сұлтан қаласы, тазартылған нөсер суларын шығарудан 0,5 км төмен

- №3 нүкте: Есіл өзені, Нұр-Сұлтан қаласы, Көктал кенті, "Астана су арнасы" тазартылған ағынды суларды ағызудан 0,5 км жоғары

- №4 нүкте: Есіл өзені, Талапкер кенті, «Астана су арнасы» тазартылған ағынды суларды ағызудан 0,5 км төмен

- №5 нүкте: Есіл өзені, Нұр-Сұлтан қаласы, Кенесары Хан ескерткішінің жанында

- №6 нүкте: Есіл өзені, Нұр-Сұлтан қаласы, Атырау көпірінің жанында.

"Қазгидромет" РМК кешенді зертханасы 42 физика-химиялық көрсеткіш, оның ішінде басты иондар, биогенді заттар, органикалық және бейорганикалық заттар, ауыр металдар бойынша су сапасына талдау жасайды.
 
Нұр-Сұлтан қаласы аумағындағы Есіл өзені суының талдау нәтижелері:
 
Судың температурасы 26,8-27,4 ºC шегінде, сутегі көрсеткіші 8,00-8,65, суда ерітілген оттегінің концентрациясы 4,95-10,1 мг/дм3, түсі -30 градус, мөлдірлігі – 20-25 см, иісі - 0 балл, табиғи суға тән емес иіс табылған жоқ.

Басты иондарды, биогенді, органикалық және бейорганикалық заттарды, ауыр металдарды талдау нәтижелері бойынша бірыңғай жіктеу нормасынан асып кету анықталған жоқ.

Қазіргі уақытта БПК5 талдауын орындау жалғасуда және нәтижелері қосымша ұсынылатын болады.
Өзгелердің жаңалығы