Ескірген ауруханаларды қалпына келтіру үшін 1,5 триллион теңге қажет

29 Мамыр 2020, 19:57
1168
Бөлісу:
Ескірген ауруханаларды қалпына келтіру үшін 1,5 триллион теңге қажет
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандағы медициналық нысандардың жартысынан көбі ескірген. Әсіресе, ауылдық, аудандық жерлердегі ауруханалардың жағдайы мәз емес. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша бұл жұмыстарды ретке келтіру үшін 1,5 триллион теңге қажет екен.

Тозған медициналық нысандар мәселесі бұрын да болған, қазір де бар. Біздің есептеуіміз бойынша бұл бағыттағы жұмыстарға заманауи технологияларды қоспағанда 1,5 триллион теңге қажет. Жай ғана жабдықтау жұмыстарының өзі қаншама қаржыны талап етеді. Әсіресе, ауылдық, аудандық жерлердегі ауруханалардың жағдайы мәз емес. 2007-2015 жылдар аралығында жүзеге асқан «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы аясында инфрақұрылым біршама жақсарды. Алайда, бұл небәрі 100 ғана аурухана. Бірқатар аурухана шет қалды. Қазір де осы жұмыстарды жалғастыру қажет. Ең алдымен, орталық және аудандық ауруханалардың жағдайын ретке келтіру жұмысын қолға алған жөн. Екінші, облыстардағы қалаларда ірі заманауи көпбейінді орталықтар пайда болуы керек, - деді ол.
Министрдің айтуынша, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің енгізілуі жекеменшік секторды тартуға мүмкіндік береді.
Бұл – жекеменшік сектор шағын және ірі нысандарға инвестиция салуға дайын екенін білдіреді. Бірақ, біз жеке сектормен мемлекеттік тапсырысты орналастыру, медициналық және медициналық емес қызметтер үшін төлем жасау жолдары арқылы серіктестік орнатамыз. Бұл арқылы олар өздерінің инвестициясын қайтарып, сапалы басқару, науқастарға сапалы қызмет көрсету және ең бастысы, бәсекеге қабілетті болуы үшін заманауи технологияларға инвестиция құюға мүмкіндік береді. Бағдарлама жекеменшік басқару технологиялары мен халықаралық қаржы институттарын тартуға бағытталған, - деді Біртанов.
Айта кетейік, министр бұған дейін елдегі инфекцияның күнделікті өсім көрсеткіші 3-5% аралығында екенін мәлімдеген еді.   
Өзгелердің жаңалығы