Бас жаңалықтар
Фотограф Айнұр – Моңғолияда тұратын қазақ қызы
PHOTO
30 Сәуiр 2021, 15:30 3964

Фотограф Айнұр – Моңғолияда тұратын қазақ қызы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Айнұр Байболатқызы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына қарасты Цэнгэл ауданында 2000 жылы дүниеге келген.

Биыл Моңголия Мемелекеттік университетін Спорт және туризм мамандығы бойынша бітірдім. Бұл мамандықты өз қалауыммен, саяхатқа деген қызығушылығыммен таңдадым. «Өмірде өкінбей жасаған қадамдарыңның бірі не?» деп сұраса, ойланбастан мамандық таңдауда дер едім – дейді қарындасымыз.

Бір группада жалғыз қазақ болып оқығандықтан жаз айларында мамандығымыз бойынша тәжірибе жинап, Моңголияның аудан, қалаларын 10-20 күн аралап, саяхаттап кетеміз. Бұл жағдай басында үйдегілерге де, өзіме де қиын болды. Жақсы танымайтын балалармен бірге бір үйдің баласындай болып, 20 күн бірге жүру, тез тіл табысып кету, харам тамақтарын жеу деген мен үшін негізі қиын сияқты сезілді. Бірақ мүлдем мен ойлағандай болмады. Бәрі керісінше, группадағы балалар мені ерекше құрметтейді. Тіпті кейде өздері түсінбесе де «Айнұрдың қазақ әндерін тыңдайық» деп машинаға менің телефонымның әндерін қойып қоятын еді, – дейді Айнұр.

Өз шығармашылық жолында ұстазының айтқан ақылы, көрсеткен бағыт-бағдары ерекше көмек болғанын айтады.

Жетекшіміз Моңғолияға танымал фотограф болатын. Менің суретке түсіруге деген қызығушылығымды оятқан жан сол кісі. Саяхатта жүргенде «таңертең күн шықпай оянып, күннің ыстық-суығына, жауын-шашынды ауа райына төзіп, шыңдалған жан ғана мықты фотограф бола алады» деген сөзі әлі күнге дейін есімде, – дейді фотограф қарындасымыз.

Ол бұрын қолында сапалы фотоаппараты бар, не болмаса қымбат телефон ұстағандар ғана әдемі сурет түсіреді деп ойлағанын айтады.

Мүлдем олай емес екен. Бастабында бір жерге барып, жалғыз суретке түсірсем және ол суретте өзім ғана тұрсам болды деген оймен жүретінмін. Ол суретімнің артындағы құрылыс не табиғаты көрініп тұр ма, жоқ па, онда шаруам жоқ, тек өзім әдемі шықсам болды деп ойлаушы едім. Ел-жер көріп, саяхаттасаң көзің ашылады деген рас екен. Әр нәрсеге деген көзқарасың басқа адамдардан мүлдем бөлек болады екен. Осы кезде бір сурет тарту үшін он рет бақылауға аласың, «жеті өлшеп, бір кес» дегендей, он ракурстан қарап, бір кадр аласың. Қай жағынан әдемі шығады, күн қалай түсіп тұр, кадрға нені сыйғызған дұрыс, қайтсем адамдарға бұл суретім ұнайды деген көп оймен барып бір сурет шығады екен, – дейді ол.


Айнұр Байболатқызы ең алғаш түсірген суретін де есіне алды.

Ең алғашқы суреттерім группадағы моңғол балаларға көрсетіп, мақтанайын деген оймен түсірілгенін несін жасырайын. Сондықтан да «Бай-Өлке қазақтарының тұрмыс тіршілігі» тақырыбында бастадым. Ол суреттерім сондай бір әдемі болмаса да, олар үшін өзге ұлттың тіршілігі қызықты болды ма, мені көп мақтап, жігерлендіріп, суретке түсіруге деген қызығушылығымды оятты. Содан не керек, қазақпыз ғой, мақтағанды кім жек көрсін, сол кездерден бастап «Айнұр фотографер» атанып кеттім, – дейді Айнұр.

Ол өзі түсірген суреттердің адамдардың бәріне бірдей ұнай бермейтінін де айтады.


Бес саусақ бірдей емес. Мен көргенді басқа көз басқаша көреді деген сияқты, кейбір жандарға менің түсірген суретім ұнаса, кейбіріне ұнамай жатады. Менің алға қойған басты мақсатым – Баян-Өлгий аймағы, оның ішінде табиғатқа бай өлке Цэнгэл ауданын басқа елге, саяхатшыларға таныту, сол арқылы туған жерімізге туристер тарту болды. Қазіргі кезде кім болса да суреттен көрген жерге барсам, осылай суретке түссем деген ойда болады. Сол оймен сол жерге саяхаттайды. Сол сияқты суретке түсіруіме себептер өте көп болды. Осы кезде мен суретті көбінде телефонмен ғана түсіріп жүрмін. Негізі түсірген суретіңді жақсылап өңдеп, жөндей алудың өзі үлкен өнер деп білемін, – дейді қарындасымыз.


Ол Моңғолияның барлық өңірін түгелге жуық аралап шыққанын айтады.

Сабақ барысында Моңғолияның 17 аймағының 130 ауданын аралап, көптеген тәжірибе жинадық. Ұстазым бір сөзінде, «қандайда адам болсын өзінің елін, жерін саяхаттап, білмей тұрып, басқа елді аралаймын деп айтпасын. Сен Моңғолияда тудың ба, демек осы елдің адамдарының тұрмыс-тіршілігін бес саусағыңдай біліп тұруың қажет. Сонда ғана сені нағыз саяхатшы деп айтады» деген еді. Мен осы сөзді жадымда сақтап жүрмін. Бірде достарыммен бірге бір асханада отырып, қабырғаға ілінген үлкен картинаға көзім түсті. Ішім жылып сала берді. Ол мен түсірген сурет болатын. Еріксіз жымиып, қатты қуандым, – дейді Айнұр Байболатқызы.




Фото: дереккөз
Загрузка...