Бас жаңалықтар
Францияның экс-президенті коронавирустан қайтыс болды
03 Желтоқсан 2020, 12:23 206

Францияның экс-президенті коронавирустан қайтыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қыркүйек айының ортасында Жискар д'Эстен өкпе инфекциясымен ауруханаға түскен болатын.

Францияның бұрынғы президенті Валери Жискар д'Эстен 95 жасында қайтыс болды. Бұл туралы оның жақын адамдарына сілтеме жасай отырып, Le Figaro хабарлады, ақпаратты «Europe 1» радиосы растады. 

Саясаткердің отбасы оның COVID-19 инфекциясы салдарынан қайтыс болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды AFP. 

Қыркүйек айының ортасында д'Эстен өкпе инфекциясымен ауруханаға түскен болатын. Екі айдан кейін, 15 қарашада ол ауруханаға қайта жатты. 

Медициналық мекеменің дереккөздерінің мәлімдеуінше, д'Эстен кардиологиялық бөлімге «жүрек жеткіліксіздігімен» түскен. 20 қарашада экс-президент ауруханадан шығарылды және ол Отон қаласындағы резиденциясына оралды (Луар және Шер департаменті). 

Эстен Францияның барлық президенттерінен ұзақ өмір сүрген саясаткер. Ол 1962-1974 жылдары Республиканың экономика және қаржы министрі қызметін атқарды. 1974 жылы президенттік сайлауда жеңіске жетіп, 48 жасында Еуропа елдерінің ең жас көшбасшыларының бірі болды. 

Президент ретінде Жискар д'Эстен 1981 жылға дейін қызмет етті. Оның тұсында Францияда ауқымды мемлекеттік жобалар, соның ішінде жүрдек темір жолдар мен жаңа атом электр станцияларын салу іске қосылды. Сондай-ақ, д'Эстен заманында Францияда кинодағы саяси цензура жойылды, ал сайлау жасы 21 жастан 18 жасқа дейін төмендетілді. Сондай-ақ, елде түсік жасату заңдастырылды және ажырасу рәсімі жеңілдетілді.


Фото: дереккөз
Загрузка...