Бас жаңалықтар
Ғарышты бағындырғандар
PHOTO
12 Сәуiр 2021, 15:08 604

Ғарышты бағындырғандар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан 60 жыл бұрын адамзат ғарышты алғаш бағындырды. 1961 жылдың 12 сәуірінде кеңес ғарышкері Юрий Гагарин «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Восток-1» кемесімен  алғаш жердің орбитасын айналып ұшқан болатын. Осыдан бері 12 сәуір күні Ғарышкерлер күні аталып өтеді. Мерейлі мерекеде ғарышты бағындырғандар жайлы сөз қозғасақ.

Ғарыштағы алғашқы адам

Юрий Гагарин 1934 жылы 9 наурызда КСРО-ның батыс аймағындағы қазіргі Гагарин ауданының Клушино ауылында шаруаның отбасында дүниеге келген. Ғарышқа ұшқан алғаш адам ретінде тарихқа енген тұлға.


1961 жылы 12 сәуірде Мәскеу уақыты бойынша сағат 09: 07-де Гагарин «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшты. Халық мұны көптен күткен еді. Ол ғарышта 108 минут болды, бұл жерден тыс кеңістікті игерудегі серпіліс болатын.

Қымбатты достар, жақын және бейтаныс адамдар, отандастар, барлық ел мен контингент тұрғындары! Бірнеше минуттан кейін қуатты ғарыш кемесі мені ғаламның алыс жерлеріне ұшырып әкетеді. Ұшар алдындағы соңғы минуттарда сіздерге не айтуға болады? Менің бүкіл өмірім қазір бір керемет сәт сияқты. Бұрын жасалғанның бәрі осы минут үшін жасалғандай, өзіңіз түсінесіз, қазір ұзақ әрі үлкен шабытпен күткен сынақ сағаты өте жақын болған кезде сезімі түсіну қиын. Маған бұл ұсыныс жасалғандағы сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес. Қуаныш! Жоқ, бұл тек қуаныш емес еді. Мақтаныш! Жоқ, бұл тек мақтаныш емес еді. Мен зор бақытты сезіндім. Ғарышта бірінші болу, табиғатпен бұрын-соңды болмаған дуэльге шығу... бұдан артық арман бар ма? Бірақ содан кейін мен өзіме жүктелген үлкен жауапкершілік туралы ойладым, - деген Гагаринің  ұшар алдындағы сөзі бар.

Ол адамдар ұрпақтарының армандағанын бірінші болып жасау, адамзатқа ғарышқа бірінші болып жол салу керемет сезім екенін айтады.

Мен ғарышқа ұшуға қуаныштымын ба? Әрине, бақыттымын! Шынында да, барлық уақытта және дәуірде адамдар үшін жаңа ашылуларға қатысу үлкен бақыт болды... Мен бұл алғашқы ғарыштық ұшуды коммунизм адамдарына, біздің кеңес халқы кіретін және жер бетіндегі барлық адам кіретін қоғамға арнағым келеді. Қазір ұшуға бірнеше минут қалды. Қымбатты достар, қош болыңдар. Барлығыңызды, таныс және бейтаныс, алыс және жақын адамдарды құшақтағым келеді. Жақында жүздескенше, - деп еді Гагарин.

Гагарин  орбитада да өзінің сезімі, кеменің күйі және бақылаулары туралы хабарлап отырды.


1968 жылдың 27 сәуірінде УТИ МиГ-15 ұшағы апатқа ұшырап, борттағы Юрий Гагарин мен полковник Владимир Серегин қаза тапты. Оның туған қаласы қазіргі таңда өзінің есімімен аталады.

Ғарыштағы алғашқы әйел

Ғарышкер Юрий Гагариннің ғарышқа сапарынан кейін Кеңес жетекшілері ғарышқа әйел адамды ұшыруды да қарастыра бастаған.

Оған қатаң іріктеу жарияланады. Барлық  талапқа сәйкес келген Валентина Терешкова таңдалып алынады.


Валентина Терешкова 1937 жылы Ярослав облысында шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі Владимир Терешков тракторшы болған, ол кеңес-фин соғысында қаза тапты. Бұл кезде қызы үш жасқа да толмаған еді. Анасы - Елена Федоровна тоқыма фабрикасының жұмыскері болды. 

Терешкова 1963 жылы 16 маусымда «Восток-6» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшты. Ол шамамен үш күнге созылды. Ұшу «Байқоңырдағы»  Гагарин алаңынан емес, резервтік алаңнан басталды.


Ғарышқа ұшпастан бұрын Терешкова туыстарына парашютшілер жарысына кететінін айтқан, ал олар ғарышқа ұшу туралы радиодағы жаңалықтардан білген.

Ұшу барысы бір қалыпты. Ғарыш кемесінің барлық жүйесі өте жақсы жұмыс істеп тұр. Температура 20 градус, ылғалдық 40 пайызды құрайды. Мен өзімді өте жақсы сезініп тұрмын, - деген ғарыштан Терешкова.

Биыл әйелдің ғарышқа алғаш ұшқанына 58 жыл толады.

Ғарыштағы қазақтар


1991 жылғы 2 қазанда 11 сағат 59 минутта «Байқоңыр» ғарыш айлағынан құрамында ресейлік Александр Волков, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров пен австриялық ғарышкер Франц Фибек бар «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен кеңес-австрия экипажы ұшып шықты. Осылайша, ғарышқа алғаш рет қазақтың табаны тиді. 

Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бірінші май ауылында дүниеге келген.


Президент Назарбаев Байқоңырдан ұшатын бірінші ғарыш кемесінде қазақ мінуі керек деген қатаң шарт қойды. Мені таңдап алды. Медициналық сұрыптаудан, мемлекеттік комиссиядан өттім, кім екенімді, не үшін жүргенімді тексерді, содан соң мені ғарышкер ету туралы шешім қабылданды. 1991 жылы сәуірдің 2-сі күні дайындыққа кірістім. Совет одағы құлаудың алдында тұрды, әрі қарай бәрі басқаша болып, ұшпай қалуым мүмкін еді, сондықтан бәрін тездеттік. үлгеру үшін қысқа мерзім тағайындалды, - деген еді Тоқтар Әубәкіров сұхбаттарының бірінде.

2 қазанда ұшқан ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды.


Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралды.

Талғат Мұсабаев - қазақтың 2-ші, ал әлемнің ғарышқа үш рет ұшқан 309-шы ғарышкері.


Ғарышкер 1994 жылғы маусымның 1-інен қарашаның 4-іне дейін «Союз-ТМ» ғарыш кемесінің борт-инженері ретінде ғарышта болып, 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты.

25-негізгі экспедиция бағдарламасы бойынша 1998 жылы қаңтардың 29-ы мен тамыздың 25-і аралығында «Союз-ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің командирі ретінде ғарышта болды.

Ұшу кезінде 5 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты.

Мен 1994 жылы ғарыш кеңістігіне алғаш рет бет алған сәтте-ақ екінші рет ұшатынымды білдім. Сол кезде мен келесі ұшқанымда тәжірибе жинақтап, тиімдірек жұмыс істей алатынымды түсіндім. Әрі Ресей мен Қазақстанның ең жоғары марапаттарын - Ресей Батыры мен Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы атақтарын иеленген соң ғарыш саласына барынша еңбек сіңіруді мұрат еттім, - деді Талғат Мұсабаев.

Ғарышкер ашық ғарышты еш нәрсемен салыстыруға болмайтынын айтады.


Ол жайлы көп айтуға болады. Бірақ адамдар оны түсіне бермейді. Ашық ғарышты өз көзіңмен көрмей, ол сезімді айтып жеткізе алмайсың. Бірақ бір айтарым, бұндай мүмкіндік әрбір ғарышкерге берілмейді. Ол үшін мықты дайындық қажет. Себебі, орбитаның күн жақтағы температурасы 170 градусқа дейін барса, көлеңкеде минус 150-170 градус болады. Ал біз ашық ғарышта 8 сағатқа дейін жүретінбіз. Бойда қорқыныш болады. Өйткені жұмыс аса қауіпті, - деген еді ол.

Қазақтан ғарышқа ұшқан үшінші ғарышкер Айдын Айымбетов болды.

Айдын Ақанұлы Айымбетов 1972 жылы 27 шілдеде Алматы облысы Талдықорған қаласы Өтеней ауылында дүниеге келген.


1993 жылы алғаш рет ғарышкерлікке өтініш берді. 2012 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасының ғарышкері дәрежесі берілді.

2015 жылы 2 қыркүйекте екінші бортинженер ретінде транспорттық пилоттанған «Союз ТМА-18М» кемесінде ЭП-18 саяхаты аясында Байқоңыр ғарыш стансасынан Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. Айдын Айымбетов ғарышта 10 күн болып, маңызды зерттеулер жүргізді.

Айдын Айымбетов әр ғарышкерге бұйыра бермейтін бақ - ғарышты көзбен көруді арман еткен. Сұхбаттарының бірінде ол ғарышқа ұшу ұсынысын қалай қабылдағанын айтады.

Ол күн менің есімде жақсы сақталып қалды. 2015 жылдың 22 мамыры болатын. Бір күн бұрын ғана ұлымыз Әмірдің 17-ге толғанын атап өткен едік. Менің ғарышқа ұшатыным туралы айтып, қоңырау шалған Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаевтың жаңалығы естен тандырды. Қалшиып тұрып қалдым, мені шынайы өмірге «Не болып қалды?» деп қобалжи сұраған әйелімнің дауысы ғана селт еткізді. Мен мұны қуаныш деп айта алмаймын, бұл есеңгірететін жаңалық еді. Сол сәтте мен орындалды деп ойладым. Сенің ғарышқа ұшуыңа тілектеспін деген мыңдаған адамның тілегі орындалды, - деді Айымбетов.

Ол ғарышта болғанда нені аңсағанын да айтқан еді.

Ғарышқа ұшқанымда көсіліп жатып ұйықтаудың қаншалықты маңызды дүние екенін түсінгендей болдым. Өйткені ғарышта тартылыс күші болмағандықтан  күні-түні ауада қалықтап тұрасың. Әдетте біз жастық жастанып, басымызды ыңғайымызға қарай қисайтып, ұйқыға бас қоямыз ғой. Ал ғарышта басыңды қалаған жағыңа қисайтып, ұйықтай алмайсың. Тек сұлық жатып ұйықтап кетесің.  Сондықтан ғарышта болған сәтімде жерде жатып ұйықтағанды қатты аңсадым, - деді ол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...