Ғұмырының 71 жылын жамбасындағы оқпен бірге жасасқан майдангер

9 Мамыр 2020, 16:42
4512
Бөлісу:
Ғұмырының 71 жылын жамбасындағы оқпен бірге жасасқан майдангер
PHOTO
Фото: дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Адамның саусағына кішкентай тікен кірсе де мазасын қашырып, тыныштығын кетірмей ме? Сұрапыл майдан даласында жараланып, өмірінің соңына дейін жау снайперінің 7,62 миллиметрлік оғымен 70 жылдан астам уақыт бірге өмір сүруге мәжбүр болған майдангер Әмірхан Шаймардановтың ғұмыр бойы қандай күй кешкенін елестетіп көріңізші. 

WhatsApp Image 2020-04-24 at 11.54.42.jpeg

Ұлы Жеңіс Кеңес одағы үшін оңай келмегені хақ. Адамзат баласына үлкен қасірет алып келген Екінші дүниежүзілік соғыс бір сәтте миллиондаған адамның өмірін өзгертті. Тұтқиылдан келген жау бейбіт халықтың шырқын бұзды. Күнделікті тіршілігін жасап жүрген азаматтар мойындарына қару асынып, майданға аттанды. Арттарынан қалған ата, ана, қарындас, әже, жұбайлары қайғыдан қан жұтты. Өкінішке қарай, Отанын қорғау үшін сұрапыл соғысқа аттанған талай сарбаз туған жерін қайта көре алмай, қыршынынан қиылды. Із-түссіз жоғалып кеткені, сұм соғыс салдарынан мүгедек болып қалғаны қаншама?!

Қазір Екінші дүниежүзілік соғыс біз үшін тарихқа айналды. Соғысқа аттанып, "Бейбітшілік туын" арқалап келген әр майдангер біз үшін батырға теңелді. 

18 жастағы 129-минометшілер полкінің расчет командирі 

Шығыс Қазақстан облысы Сауыр-Сайқан баурайында туып өскен Әмірхан Шаймарданов соғысты өз көзімен көріп, жеңіске жетуге атсалысып, соғыстан мәңгілік естелік "арқалап" келген майдангерлердің бірі.

Соғыс ардагері 1923 жылдың 5 қарашасында Зайсан ауданы, Көкжыра ауылында дүниеге келді. Әкесі Шаймардан Шүленов, анасы Зейнеп 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді.

1936 жылы сол кездегі жас бала Қуаныш ауылындағы 4 жылдық қазақ мектебінің 1-сыныбына қабылданып, 4 сыныпты аяқтайды. Алғашқы еңбек жолын "Скотовод" колхозында бастап, шаруашылықта әртүрлі жұмыстарға араласты.

1941-1945 жылдар 10 мен 18 жас аралығындағы жігіттер мен қыздарға ауыртпалық түскені анық. Олардың кішілері ерте жастан еңбекке араласса, үлкендері Отан қорғауға аттанды. Қанды шайқас басталған кезде Әмірхан Шаймарданов небәрі 18 жастағы бозбала болды. 

1942 жылдың 7 наурызында Зайсан әскери комиссариатынан әскерге шақырту қағазы келді. Келесі күні "Освобождение" колхозынан 18 колхозшы, бүкіл ауданнан 508 адам атшанамен Жаңғызтөбеге жол тартты. 7 күн дегенде діттеген жеріне жетіп, онда 3 күн аялдады. Жан-жақтан шақырылған 3 мың адамды эшелонға тиеп, Аягөз қаласындағы әскери лагерьге әкелді. 15 күн дәрігерлік тексеруден өткеннен соң оларды взвод, рота, батальон, полктарға бөлді.

Жас сарбаз Аягөз қаласындағы дайындық курсынан өтіп, ефрейтор атағын алып, II Украин майданы құрамындағы 129-минометшілер полкінің 120 миллиметрлік миномет расчетінің расчет командирі болып тағайындалды. Жауға қарсы күресті Киев қаласынан бастаған жауынгерлер ерен ерліктің үлгісін көрсетті. 1943 жылдың тамыз айында – Харьковті, қыркүйек айында – Полтаваны, Кременчукті, желтоқсанда Александрияны, Знаменканы, 1944 жылдың қақаған қаңтарында Кировогород, наурызда Ново-Украинка, Первомайка қалаларын неміс басқыншыларынан азат етті.

2f03-2b20-7e23-e239.png

Ардагердің майдан шебінде жүріп өткен жолы

Ұрыс даласында "дөп" тиген оқ 

Белград іргесіндегі жан берісіп, жан алысқан шабуыл кезінде аспанда зуылдап келе жатқан жау ұшағына оқ тиіп, Кеңес әскерлерінің бекінісіне таяу 10 метр қашықтыққа құлап түсіп, жарылып кетті. Алапат жарылыс болатынын сезген жауынгерлер жан сауғалауға тырысқанымен бірер секундта өте қуатты сілкініске тап болды. Аспан мен жердің арасын қалың тұманға айналдырып жіберген апаттан жер бауырлап құлап түсіп, жау снайперінің 7,62 миллиметрлік оғы жас сарбаздың жамбасына тиіп, өмірінің соңына дейін сол жақ жамбасында мәңгі бекіді.

Әмірхан Шаймардановтың естеліктерінен: Соғыстың осынау ауыр сәтін көз алдыма елестетсем, тұла бойым әлі күнге дейін тітіркенеді. Жер сілкіндірген жарылыс құлағымның түбінен кетіп көрген емес. Тамұқ оты осындай-ақ болар. Денемде сау жер жоқ, күйік шалған. Ауырлықты қанша сезінсем де, шыдауға тура келді. Адам баласы бәріне төзеді екен.

Госпитальде 3 айдан артық уақыт емделіп, жамбас сүйегіне ендей кірген оқты алуға болмайтынын дәрігерлер бірден сезді. Оқты алып тастаған жағдайда, сарбаздың аяғынан айырылып, арбаға таңылып қалатынын да ескертті. Жас жігіт оқпен өмір сүруге бел буды.

Жауынгердің денсаулығында осындай кінәрат барын білсе де, оны 308-ші ерекше гвардиялық минометшілер полкінің құрамына жіберді. Жаудың тұла бойын тітіркендіретін "Катюшаға" нысанашылыққа тұрды. Ол кезде бірден 16 реактивті снарядты атуға қауқарлы бұл қаруға ешнәрсе де тең келмейтін. Алғашқы кезде I және II Украина майдандарындағы ұрыстарға қатысып, артиллериялық дайындықтардан өтіп жүрді.

Майдангер естеліктерінен: Ұлты еврей темірдей тәртіптің адамы болған дивизия командирі, полковник Пельметовтың полк құрамындағы жауынгерлердің бәрін жұдырықтай жұмылдырып, жеңіске жетуге жігерлендіріп отырды. Ұрыс басталғанда дивизиядағы 8 "Катюша" қондырғысын бір мезгілде оқ атуға қосып, орын ауыстыруды шеберлікпен іске асырып отырды. Осы арқылы жауға жойқын соққы берілетін.

Қара теңіз флотында теңізші болып, біршама даярлықтан соң соғыстың қызып тұрған жері Балтық теңізі жағалауына жіберілген. Оңтүстік Балтық флоты жауынгерлерімен Кенигсберг (қазіргі Калининград - ред.) қаласын жаудан тазартуға қатысты. Қаланы азат ету олар үшін оңайға түспеді. Өйткені, немістер мықты бекініс жасап, Балтық флотын тірек пункті етіп алған. Екі жақ та аянып қалмады, әйтседе, Кеңес әскерлерінің табандылығы, қайсарлығы нәтижесінде бұл жолы да жеңіске қол жеткізген. Бұл кезде Әмірхан Шаймардановтың ротасына жерасты қоймаларында жасырылған қару-жарақ, техника, азық-түлікті күзету тапсырылған.

Арайлап атқан жеңіс таңы

Соғыс кезінде майдангердің әскери жорығы 9 мамырда Чехословакия астанасы Праганы азат етумен аяқталды.   

1945 жылдың шілдесіне дейін сарбаз Украинаның Киев қаласының маңындағы күзет бөлімінде болды. Кейіннен жаяу әскер формасын теңізші жейдесіне ауыстырып, партия қатарына қабылданды.

Соғыс аяқталса да, жас жігіттің әскери борышын өтеуі жалғасты. Соғыстан кейінгі жылдары 1948 жылға дейін әскери қызметін 852-жеке атқыштар ротасында жалғастырды.

00000301.jpg

 "Қызыл жұлдыз" ордені

Соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін көптеген төсбелгімен марапатталды. Оның ішінде "Қызыл жұлдыз" орденімен, I дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Жауынгерлік қызметі үшін", "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін", "Праганы азат еткені үшін". Ал, соғыстан кейінгі жылдарда 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 20, 30, 40, 50, 60 және 70 жылдығы, КСРО Қарулы күштерінің 30, 40, 70 жылдығы, "Маршал Г.К.Жуков", "Тыңға – 50 жыл", сондай-ақ "Еңбек ардагері" медальдарымен марапатталды.

00000020.jpg

00000024.jpg

"Жауынгерлік қызметі үшін" медалі

Соғыстан кейінгі өмірі

Ардагер 1948 жылдың наурыз айында туған еліне оралып, Қаратал ауылында механизатор, бригадир, бөлімше басқарушысы болып қызмет етті. 

WhatsApp Image 2020-04-24 at 11.54.42 (2).jpeg

1949 жылдың сәуір айында Нәсима әжей екеуі отау құрды.

7ceeb619-637b-4eb0-af00-d604e5374609.jpg

WhatsApp Image 2020-05-09 at 02.41.14.jpeg

Дәулетхан, Латипа, Ғалия, Мұрат, Анар, Серік, Шынар, Жанна атты 3 ұл, 5 қызды дүниеге әкелді. 

WhatsApp Image 2020-05-09 at 02.37.46.jpeg

Олардан қазірде 15 немере, 13 шөбере тарады. 

WhatsApp Image 2020-04-26 at 09.08.49.jpeg

Нәсима әже соғыстың ауыртпалығын көрген – тыл ардагері. Соғыс кезінде талмай еңбек етіп, аштықты да, жоқшылықты да көріп өскен қария.

WhatsApp Image 2020-05-08 at 16.55.10.jpeg

Әмірхан 92 жыл сүрген ғұмырының 71 жылын жамбасындағы оқпен бірге өткізді, өмірінің соңына дейін жараланған жамбасы салдарынан тыныш ұйқыдан айрылды. Бір жағынан сұм соғыс естеліктері, бір жағынан сүйекті сырқыратқан оқ жылдар бойы өзін ұмыттыруға мүмкіндік бермеді. Ауырсынумен өмірі өтіп жатса да, ол ауыртпалықты еңсеріп, еңбек етуін тоқтатпады. Керісінше, қартайған шағына жеткенше балаларына көмектесіп, тіпті 80 жасқа жеткенше аттан түспей, шөп тасып, мал бағып, қолғабыс етіп жүрді, - деп еске алды жұбайы Нәсима әжей.

Ерекше өткен соңғы мереке

Ұлы жеңістің 70 жылдығы Әмірхан ақсақал үшін ерекше болды. Себебі сонау Украина, Еуропа қалаларын азат еткен майдангер алғаш рет елордада өткен мерекелік әскери шеруге қатысу мәртебесіне ие болды. 

WhatsApp Image 2020-04-24 at 11.54.42 (4).jpeg

Көк берет киіп, медаль тағынып, қатардағы ардагерлермен шеру өтетін Тәуелсіздік даңғылына жол тартты. Бас қаланың төрінде отырып, сап түзеген еліміздің айбынды жастарын көріп, жастық шағын еске алды. Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған концертті тамашалады. 

Ләйлә Сұлтанқызының "Әйел бақыты" бағдарламасының қонағы болып, майданда өткен ғұмыры туралы сыр шертті.

5962e577-d59a-4bfd-925f-39d94998c965.jpg 

SAM_6575.JPG

Астананың көрікті жерлерін көрді. "Астананы өз көзіммен көрсем" деген арманы орындалды.

WhatsApp Image 2020-04-24 at 11.54.42 (3).jpeg

Майдангер 2015 жылдың желтоқсан айында 92 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Биыл Әмірхан Шаймардановтың өмірден озғанына 5 жыл толды. 

WhatsApp Image 2020-04-24 at 11.54.42 (5).jpeg

Ауылда қарашаңырақтың түтінін тұтатып отырған немересі Дәурен Шаймарданов жылда балаларымен қоса "Мәңгілік полктің" алдыңғы шебінде жүрген батыр ұрпақтары. 

WhatsApp Image 2020-05-09 at 02.38.46.jpeg

Ол қайсар атасының ерлігін өз балаларына насихаттап, көпті көрген қарияның өсиеттерімен бөлісіп отыратынын айтты.

70939524_532540430650964_8637235502913390713_n.jpg

Сондай-ақ, ол санаулы қалған ардагерді тек мереке күндері ғана емес, мүмкіндігінше жиі құрмет көрсетіп отыруға шақырды.

Әмірхан Шаймарданов - менің батыр атам. Мен ұлағатты атаның ұрпағы болғаныма мақтанамын. Атамыздың тірі кезінде біз тарихи тұлғаның жанында өмір сүріп жүргенімізді сезінбедік. Жылда мамыр айы келгенде ұрпақтары жиналып, атамызды құттықтауға келетінбіз. Ауыр медаль толы костюмін киіп шыққан атам ақсаңдап барып, төрге жайғасатын. Сабырлы кісі еді. Қазір атамызға "Неге тек Жеңіс күндері ғана ерекше көңіл бөліп, басқа күндері сондай құрмет көрсете алмадық" деген өкініш бар. Шіркін, тірі болғанда деп армандаймын. Қазір өзім балалы болдым. Жиі-жиі жоғарыда жатқан альбомдарды алып шығып, балаларыма өжет бабаларының суретін көрсетіп, қандай адам болғанын айтып отырамын. Батыр атаның ұрпақтары екенін білсе деймін. Қазір онсыз да жыл санап қатары азайған майдангерлер мен тыл ардагерлеріне тек Жеңіс күні жақындағанда ғана емес, басқа күндері де ерекше көңіл бөлінсе деймін, - дейді Дәурен Шаймарданов.
Тарих беттеріне көз жүгіртсек, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жеңіске қол жеткізуде қазақтар елеулі үлес қосқан. Шайқастағы ерлігі үшін 520 қазақстандық, оның ішінде 100-ден астам қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алған. 

Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Қазақстан халқының саны 6 миллионнан астам болған. Қазақ жерінен майдан шебіне 1 миллионнан астам жауынгер аттанды. Олардың 5183-і әйелдер. 

Өкінішке қарай, сұрапыл соғыс 602 939 қазақстандықтың өмірін жалмады. 

Қазір Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың 1025 ардагері, 123 мыңнан астам соғыс мүгедектері өмір сүріп жатыр.

7 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ардагерлер туралы" Заңға қол қойды.  Жаңа Заңда ардагерлерге арналған жеңілдіктер жүйеленіп, реттеледі. Үкімет тарапынан қолдауға ие болатын ардагерлер тізімі кеңейтіліп, нақтыланады. 

Өзгелердің жаңалығы