Бас жаңалықтар
Ғылым саласы қызметкерлерінің еңбектері бағалануы керек – ғалым
Сұхбат
13 Сәуiр 2021, 17:18 283

Ғылым саласы қызметкерлерінің еңбектері бағалануы керек – ғалым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 12 сәуірде ғылым саласы қызметкерлерінің күні аталып өтті. Атаулы мерекеге орай, PhD докторы, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің аға оқытушысы, Millî Folklor журналының Қазақстандағы өкілі Бекарыс Нұримановпен еліміздегі ғылым саласының орны мен даму үдерісі туралы айтып берді.

-        Ғылым саласына қалай келдіңіз?

-      Магистратураны қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдадым. Ал докторантурада «Әдебиеттану» бағыты бойынша диссертация қорғадым. Екеуінде де ғылыми жұмысымды фольклор мен әдебиет саласы бойынша жүргіздім. Ғылымға кездейсоқ немесе жете түсінбей келе салғандардың қатарынан емеспін. Әуелі жан-жақты ойланып, толғанып, табанды түрде шешім қабылдап барып келдім. Өйткені бұл – қызығы мен шыжығы мол сала.

-        Осындай күрделі ілімнің еліміздегі алатын орны қандай?

-      Жалпы адам баласы үшін ғылымның маңызы өте жоғары. Бүгінгі адамзаттың өркендеуі мен технологияның дамуын көріп отырсыздар. Көз ілеспес жылдамдықпен кетіп барады. Орта ғасырда да біздің даламызда ғылым дами бастағаны тарихтан белгілі. Алайда оны түсінбегендер ғылымды жойып, ғалымды қуғындап тынды. Кешегі Алаш қайраткерлері де ғылымды дамыту туралы айтты. Бірақ ол кезде жағдай күрделеніп кетті. Соңы кеңес дәуіріне ұласты. Тәуелсіздігімізге 30 жыл толса да, әлем жеткен кейбір жетістікке жете алмай отырғанымыз жасырын емес. Елімізді ғана емес, жалпы адамзатты, адами құндылықты сақтап қалу үшін ғылымның маңызы зор екенін түсінуміз керек. «Ғылымсыз күнің қараң» дейді бабаларымыз. Оның үстіне біз – ғылымда есесі кеткен халықпыз. Маңызды екенін сезініп, жоғары қарқынмен кірісуіміз керек. Себебі ғылым – дүниенің кілті.

-        Әдебиет әлеміндегі зерттеулеріңізде қандай даналыққа көз жеткіздіңіз?

-        Қазіргі зерттеуім – орта ғасырдағы Қарахан дәуірі әдебиеті, оның ішінде баласағұндық Жүсіптің «Құтадғу білік» атты еңбегі. Ақынның бұл еңбегі ұшан-теңіз десем артық болмас. Мұның түбіне бойлап жете аламыз деп айту қиын. Дегенмен оны зерттеп, тереңіне үңілген сайын баға жетпес қазына мен мәні терең даналыққа жолығарымыз сөзсіз. Зерттеу барысында түсінгенім – ол осыдан 10 ғасыр бұрын жазылған шығарма болса да, Жүсіп өзіне дейінгі 10-15 ғасыр бұрынғы деректерге сүйенеді. Неге десеңіз, ол адамзат тарихы басталғалы бері сақ, ғұн секілді Орталық Азияны мекендеген түрік халықтарының болмыс бітімін, дүниетанымын, көзқарасын зерттей келіп, түйгенін бір кітап етіп жазып отыр. «Құтадғу білікте» өзіне дейінгі ғалымдар мен хандардың сөздеріне сілтеме жасап, оған нақты мысал келтіреді. Бұл таптырмас рухани азық деп білемін.

-        Ғылым саласына кез келген адам келе бермейтіні белгілі. Алайда жастардың ғылымға қызығушылығы қаншалықты жоғары?

-        Қызығушылығын бағалап, оны тап басып айту оңай емес. Жалпы біздің қоғамда ғылым қызығатын салаға айналмаған. Жастарды ғылымға баулудың әртүрлі жолы бар. Әркім әртүрлі жолын ұсынар. Менің ойымша, әуелі қоғамда ғылыми еңбек бағаланып, соны зерттеп, жазып жүрген зерттеуші-ғалымдардың қадірі болуы керек. Ол қоғам мен мемлекет тарапынан да жүзеге асуы керек. Сол кезде ғана жастарды ғылымға тартуға, шақыруға болады. Енді осы жерде мынадай заңды сұрақ туады. Біріншіден, елімізде кез келген саладағы қордаланған мәселе қаншалықты зерттеліп жатыр? Екіншіден, қандай да бір шешім қабылдауда ғылыми зерттеу нәтижесіне негізге алына ма? Егер проблема зерттелмесе, зерттеу нәтижесіне сай шешім қабылданбаса, онда ол зерттеуден қандай пайда? Оны зерттеп жүрген зерттеуші-ғалымдарда қандай қадір болады? Қуаныштысы, соңғы кезде ғылымға мемлекет тарапынан едәуір қаржы бөлініп жатыр. Жастарға соны мысал етеміз. Бірақ елде ғылым бағаланбаса, ғалым қадірленбесе, жастар келеді деп айту қиын.

-        Қазақстанда ғылым саласына қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

-        Жаңа айтқанымдай, елімізде ғылымға бөлінетін қаржы артып келеді. Бұрын үш жылда бір рет ғылыми жобаларға конкурс жарияланатын болса, бүгінде министрлік тарапынан жыл сайын конкурстар өтіп жатыр. Бұрын жалпы конкурс ұйымдастырылса, енді жастарға жеке өткізіледі. Одан бөлек, 2020 жылы бес рет конкурс жарияланды. Осы үрдіс қарқынды жүргізіле берсе, онда бұл қоғамға үлкен олжа салады деп ойлаймын. Бұл ғалымдарымызға, жас мамандарға жігер беретіні сөзсіз.

-        Сұқбатыңызға рахмет! Ғылым саласы қызметкерлерінің мерекесі құтты болсын!


Олжас АДАЙ

Фото: дереккөз
Загрузка...