Ғылымды қолдау керек деген сөз орта жолда қалып қоймаса екен - ғалым

19 Сәуір 2021, 14:30
3545
Бөлісу:
Ғылымды қолдау керек деген сөз орта жолда қалып қоймаса екен - ғалым
Сұхбат PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ғылымның дамуы – мемлекет дамуын айқындайтын көрсеткіштің бірі. Білім және ғылыми министрі Ғылым қызметкерлері күніне арналған іс-шарада пандемия кезеңінде ғылым мен білім саласының орны ерекше айқындалғанын айтты. Сондай-ақ министр тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде ғылымсыз даму болмайтындығына тағы бір рет көз жетті деген болатын.

Жалпы еліміздегі ғылымның дамуына күш салып жүрген ғалымдарымыз жоқ емес. Сондай азаматтың бірі – Әбдіғали Ережепұлы. Ол – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты. Ғалымды еліміздегі ғылымның деңгейі мен беделі жайында әңгімеге тартқан едік.

Тілші: Әбдіғали аға, ғылым саласына қай кезде бет бұрдыңыз? Қызығушылығыңыз қалай оянды?

Әбдіғали Ережепұлы: Ғылымға деген, оның ішінде математикаға деген қызығушылық оқушы кезден пайда болды. Мектептегі ұстаздарым өте белсенді болғандықтан, 7-сыныптан олимпиадаларға қатыса бастадым. Ол кезде қазіргідей ғылыми жоба деген болған жоқ, оқушылар олимпиадаларға баратын еді. Сонда маған бір топ кітап берген болатын. Ішінде Орталық Азия ғалымдары - әл-Фараби, Ибн Сина және т.б. туралы жазылған. Ғалымдар туралы оқып, танысып, мен де сондай болсам екен деген арман туды. Түрікменстанда сол жылы республикалық олимпиададан 4 орын алдым, 9-сыныпта 2 орын алдым. Сол жерде Новосибирск университетінен ғалымдар келіп, Ашхабад қаласында арнайы тест өткізіп, физика-математика бағытындағы жазғы мектепке шақырту алдым. 10-сыныпты Новосибирск университетінің физика-математика мектебінде аяқтадым. Осында университетте білім алдым. Бұл қалада 17 ғылыми-зерттеу институты, арнайы ғылыми орталықтар бар еді, бүгінгі күні оның барлығы сақталып, дамып, жаңа ғылыми ордалар ашылды. Новосибирскте орналасқан академиялық қалашықтан шыққандардың басым көпшілігі қазір ғылыммен айналысады. Ғылыми ортаға кіріп кеткеннен кейін, ғылым адам өміріне айналады.

Тілші: Қазақстанға қашан келдіңіз?

Әбдіғали Ережепұлы: Новосибирск университетінде оқып жүргенде екі жылымды әскерде өткіздім, сонымен ол университетті 1990 жылы қызыл дипломға бітірдім. Сол жылы Қарағанды қаласында жаңадан ашылған Ғылым Академиясының Орталық Қазақстандағы бөлімшесіне келдім. 1989 жылы біраз институттар ашыла бастады, осылайша Алматыдағы математика институтының бөлімі Қарағандыда ашылды, солардың алғашқы қызметкері болып шақыру алдым, институт іргесін құрғандардың бірімін деуге болатын шығар...

1990 жылы жұмысқа тұрып, 1993 жылы ғылым кандидаттығын қорғадым. 1994 жылдан 1996 жылға дейін сол институтта ғалым-хатшы қызметін атқардым. 1996 жылы ол кезде Ғылым және жаңа технология министрлігі деген болды. «Үздік жас ғалым» медалі мен дипломымен марапатталып, белсенді жұмыс атқардым. Ол уақытта экономикалық жағдай қиын кез болатын, біздің жалақымыз өте төмен болып, уақытында бермейтін. Екі балам бар, Түрікменстаннан бауырым көшіп келді. 1996 жылы ЖОО ректорлардың жиналысын Иманғали Тасмағамбетов жүргізіп жатты. Сол кездегі Премьер-министр. Директорым ректорларға: «Міне, осындай болашағынан көп үміт күттіретін жас ғалым бар, шақырыңыздар, кандидаттығын жақсы қорғап шықты» деп айтқан еді. Сонда біраз ұсыныстар болды. Бірақ әке-шешем өмірден ерте кетті. Балаларыма атасы мен әжесінің тәрбиесі керек деп Екібастұзда қайын атам мен қайын енемнің ауылына барып көрсем, бір жекеменшік инженерлік-техникалық институт ашылыпты. Институт ректоры мені аға оқытушы, әйелімді ассистент лауазымына алатындарын айтты. Дегенмен маған жеке кафедра ашып, әйелімді аға оқытушы лауазымына қоюын сұрадым. Әйелім де Новосибирскте білім алған, оқыған-тоқыған адам. Ректор бірден келісімін берді, үйге орналастырды. Сол жерде 3-4 жыл жұмыс жасаймын деп ойладым, бірақ қызметім 14 жылға созылды. Екібастұзда ғылым Алматы мен астанадағыдай емес. Менікі көбіне ұйымдастырушылық жұмысы мен оқыту болды.

1998 жылы Қазақстанда Ресей университетінің филиалын аштым. Сөйтіп, жаңа институт жұмысын бастады. Содан соң 2006 жылы ШҚО-дағы Мемлекеттік университетке бірінші проректор болып шақырылдым. Бір жылдан кейін Павлодарға келіп жұмыс істедім. 2010 жылы Ресей университетінің ректоры болуға ұсыныс түсіп, 2014 жылға дейін сол қызметті атқардым. 2014-2015 оқу жылдары «Тұран-Астана» университетіне проректор қызметіне бардым. Кейін 2015 жылы ЕҰУ-ге келдім. «Маған ешқандай лауазымның керегі жоқ. Мен ғылыммен айналысайын», - деп бірден айттым. Қазірге дейін ешқандай лауазымға барған жоқпын. Шыны керек, 1990-1996 жылдары ғылыми жұмыстағы бағыттардан кішкене суып қалдым.

Екібастұзда бірге жұмыс істеген әріптесіммен математиканың қолданбалы есептерін қосып, екеуміз бірге жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда ол Аграрлық университеттің профессоры. Жаңа бағыт - электр желілерінің зерттелуіндегі Графтар теориясының қолданылуы бойынша жетістіктеріміз көп. Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде жыл сайын энергетик ғалымдардың конференциясы өткізіледі. Осы жылы сол конференцияны астанада және Көкшетауда өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Ұйымдастырушылар - Иркутск университетінен. Олар әр жылы әр қалада өткізеді, мысалы, 2019 жылы Ташкентте, 2020 жылы Қазанда өткізді, енді 2021 жылы Қазақстанда ұйымдастыру жоспарда тұр. Біздің үлесімізді бағалап, сенімділік танытуда. Әрине, пандемия кедергі жасамаса, осы жылы жоғары деңгейдегі конференция ұйымдастырылады.

Ғылымды қолдау керек деген сөз орта жолда қалып қоймаса екен - ғалым

Тілші: Сіз қазір энергетикада математиканы пайдалану бойынша ізденіс үстіндесіз...

Әбдіғали Ережепұлы: Иә, қазір энергетика саласындағы әріптесіммен бірлесіп, «Электр желісінде математикалық модельдерді құрастыру және сол модельдің негізінде алгоритмдерден компьютерлік бағдарлама жасау» бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қалалар арасында ток өткізетін күрделі электр желілері бар. Ток қосылған кезде қойылатын режим бойынша жұмыс істейді. Оның өз параметрлері бар, ұзындығы, қандай трансформатор тұр, сымдар қалай тұр, сол параметрлерге қатысты режимді есептеу үшін математикалық модельдер бар. Әріптесім жаңа модель құрып, қолмен шығаратын есептерді шығарып дәлелдеді. Үлкен күрделі желілерді есептеуге компьютерлік бағдарлама жазу керек. Сол есептерді шығаруға нақты математикалық алгоритмдерді бірге зерттеу үстіндеміз. Қазақстаннан, Ресейден патент алып, бағдарлама жасап, шетелдік ғылыми журналдарға да баяндамамыз жарық көрді. Жалпы айтатын болсақ, ғылыми журналдарда 100-ге жуық баяндама, мақалаларым шықты. Соңғы үш жылда International Multi-Conference on Industrial Engineering and Modern Technologies (FarEastCon-2020), E3S Web of Conferences, Eurasian Journal of Mathematical and Computer Applications, Journal of Physics: Conference Series, «TWMS Journal of Applied and Engineering Mathematics», «Математики – Алтайскому краю» секілді халықаралық журналдарға тұрақты түрде жазып келемін.

Тілші: Сіз үшін ғылым деген не?

Әбдіғали Ережепұлы: Ғылым деген - адамның дамуына әсер ететін рухани мәдениеттің құрамдас бөлігі. Ол бір сәтте келетін дүние. Адам ештеңе ойламай, дамымай қалған кезде жан дүниесі де қартайып, өлім туралы ойлана бастайды. Ғылым - шексіз дамуға әкелетін жол. Ғылымда сіз үнемі ізденісте боласыз. Спортта ары кетсе 35 жастан кейін сізден оза шабатын адамдар табылады. Ғылым – ол шексіз. Пайғамбарымыз да тек оқыңдар, білім іздеңдер деп айтқан. Сондықтан ол жай ғылым емес.

Тілші: Өлең мен әнге шабыт керек, математикаға шабыт керек пе?

Әбдіғали Ережепұлы: Ғылым, оның түбінде білім қашан адамға келеді? Кей адамдар «мен осыны ұқтым, былай болжадым» деп жатады, бұл - ақпарат, ал білім - Алладан келген нәрсе, ол бұрыннан бар нәрсе. Адамның жұмысы – сол нәрсені ұстап алып, қабылдап, түсіну. Бір бағытпен ойлап отырсаңыз, түсіне бастайсыз. Кітапты жай оқып алып, осылай ойластырсам, қалай болады деген дүние болмайды. Алла Тағала дүниені құрды ма, сенің білген-білмегенің маңызды емес, басынан бар дүние өзгермейді. Мысалы, бір уақытта екі мемлекетте бірдей жаңалық ашты дейді. Олар бір-бірінен көшірген жоқ, жай ғана бір бағытта ойлады. Екеуі бір уақытта түсінді. Өзі бір уақытта басыңда бір нәрсе ашылады да, түсіне бастайсың. Оны шабытқа жатқызуға келмейтін секілді, ол – жұмыс, ол – еңбек. Тек еңбек етіп, басқа заттың бәрін тастап, сол бағытта ізденіп, түсінесің. Мен солай ойлаймын.

Ғылымды қолдау керек деген сөз орта жолда қалып қоймаса екен - ғалым

Тілші: Қазақстанның ғылым саласындағы деңгейі мен беделі қандай?

Әбдіғали Ережепұлы: Жалпы, қазақтар - өте ақылды және дарынды халық. Бізде көп салада әлемге танымал адамдар баршылық. Қазіргі мені қуантатыны - жастар, Назарбаев Университетінде балалар бар. Оларды америкалық NASA шақырып, бағалап, бірге жұмыс істеуге шақыруда. Ол не ойлап тапты дерсіз. Спутникті жіберген кезде бізге сурет түсіреді, түсірген сурет Жерге келем дегенше қаншама уақыт кетеді. Ол ақпарат жіберу жолын ойлап тапты. Мобильді қосымшамен Спутник түсірген суретті қарап тұруға мүмкіндік беретін алгоритмдер тауып, технологияларды жасады. Мұны АҚШ-та мықты ғалымдар отыратын институттан емес, талантты қазақстандық жас ғалым ойлап шығарды. Мұхтарбай Өтелбаев деген атамыз бар. Мен де сол кісінің шәкірттерінің бірімін. Сонымен бірге Америкада жұмыс істейтін бұрынғы біздің кафедра меңгерушісі Уалбай ағамыз бар. Менің бірінші тікелей ғылыми ұстазым Әсет Дүрмағамбетовты айта кеткен жөн. Ол өте дарынды азамат және оған деген алғысым шексіз. Айта берсек, көп. Қазақстанның ғылым саласында үздік көрсеткіштері бар.

Тілші: Білімді жастар шетелге кетуге құмар деген пікір бар. Ғылым саласын дамытуды қолдау бойынша жұмыстар қаншалықты тиімді жүргізілуде?

Әбдіғали Ережепұлы: Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан ғылымға деген қолдау жеткіліксіз. Бізде оның бір жолы – грант арқылы қаржыландыру. Грантты бөлу процесінің кемшіліктері де жоқ емес. Тек біздің министрліктің емес, жалпы мемлекеттен ғылымға көп көңіл бөлінбейді. Цифрларға назар аударсақ, 2019 жылы Қазақстанның ғылым гранттарына 43 млрд теңге бөлінген. Сол жылы біздің ЖІӨ 70 трлн теңгеге жуық болды. Ғылымға бөлінетін процент 0,061%. Ресейде ғылым саласына 2019 жылы 422 млрд рубль, теңгеге аударғанда 2 трлн 323 млрд бөлінген, Қазақстанға қарағанда 54 есе көп. Соның өзінде Ресейде кемшіліктер көп, бірақ ғылымға деген көзқарасы мықты. Ресейдің өзінде ЖІӨ 1,1 %. Яғни, біздікінен 18 рет көп. Сондықтан бізде өте төмен. Қолдау керек және дұрыс көңіл бөлу керек.

Энергетикадан бір жоба бердік, бізді бағалап отырғандар энергетиканы мүлдем білмеді де, түсінбеді де. Неге бізді ол бағалайды, шетелдің маманы бізге жоғары балл қояды да, біздікі төмен қояды, бағалау, грантты бөлу жүйесінің кемшілігі көп, өзгеріс енгізу керек. Жастар кетті деп ренжуге болмас.

Министрлік іс-қағаз жұмысын екі есе азайтыңдар деді, мәселені шешімін іздеп, олар арнайы жиналыс жасайды, бұл тапсырманы қалай орындаймыз деп отырыс болады, хаттама толтырылады, әдістемелік нұсқаулық жасайды, содан кейін бізге сол нұсқаулықты таратады да есеп сұрайды. Іс-қағазды азайтуды қалай орындау керек деп жаңа іс-қағаз пайда болады. Осылайша ғылымға көңіл бөлу соңына жетпей қалмаса екен.

Ғылымды қолдау керек деген сөз орта жолда қалып қоймаса екен - ғалым

Тілші: Ғылымға деген қызығушылық деңгейі ше? Ғалым болу оңай іс емес.

Әбдіғали Ережепұлы: Көбі энтузиазммен ғалымдардың, ұстазының, осындай қасында жүрген адамдардың қызығушылығын көріп, ғылым жолына түседі. Бұл уақытша болуы әбден мүмкін. Ертең отбасын құрып, бала-шағаны бағу керек болған кезде мен сияқты басқа жаққа ауысуға мәжбүр болады немесе өзге мемлекетке кетеді...

Тілші: «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген. Шәкірттеріңіз жайлы айтсаңыз.

Әбдіғали Ережепұлы: Мен мұғалімдер дайындайтын алгебра-геометрия кафедрасында бакалавриат пен магистратура студенттеріне сабақ беремін. 1996 жылдан бері ұйымдастыру жұмысы басты назарымда. Қашықтан оқу технологиялары бойынша Қазақстандағы мамандардың бірімін. Минск қаласына Қазақстан атынан халықаралық комиссия мүшесі болдым. Сондықтан тек ұйымдастыру емес, қашықтан оқыту технологияларының дамуын сондай ғылым тарапынан, технология тарапынан өз көзқарасым болған. Магистранттарды сол бағытта оқытамын. Олар технологияларды бірден түсініп алады, өзінің тақырыбы бойынша баяндамалар жазады, бұл – педагогикадағы ғылым. Ал энергетикамен қиындау. Бұл бағытты әлі жетілдіру керек. Қашықтан білім беру бойынша екі магистрантым бітіріп жатыр. Олардың 4-5 ғылыми жүмыстары жарық көруде. Бірақ ол маған, ғалым ретінде мен үшін мақтанатын көрсеткіш емес. Ол – қолданбалы ғылым. Маған математикалық модельдер құрып, есептер шығару қызықты. Ғылыммен айналысуға қызыл диплом алып, комиссияның мақтағаны жеткіліксіз. Ғылыммен айналысу үшін магистранттарым оқытушылар орталығында болуы керек. Мектепте емес, ЖОО-да. Екеуі де ары қарай дамуы үшін біздің кафедраға келгісі келеді. Бірақ кафедраның штаты да шектеулі.

Тілші: Үлгі тұтатын адамыңыз кім?

Әбдіғали Ережепұлы: Жалпы өмірде жақсы дамуыма негізгі рөл ойнаған жан - менің туған ағам. Өкінішке қарай, өмірден өтті. Маңызды сәттерімде сөз тауып, дұрыс жолға салып жүрді. Білімі өте терең болатын, бірақ Түрікменстанда ғылым жоқтың қасы. Өзін дұрыс дамыта алмады. Ал ғылымда Әбу Райхан әл-Бируни жақын. Біріншіден, оның әкесі дүниеге келген жерде менің де әкем дүниеге келген, анасы менің анамның туған жерінен болған. Сондай ұқсастықтан соң, бір байланыс болғандай. Әбу Райхан әл-Бирунидей ғалым атансам деген ең бірінші ойды әкелген осы. Әкесі Хорезмден, анасы Аралдан.

Ғылымды қолдау керек деген сөз орта жолда қалып қоймаса екен - ғалым

Тілші: Болашақ ғалымдарға айтар кеңесіңіз. Ғылыммен айналысуға қандай қасиеттер керек?

Әбдіғали Ережепұлы: Жастар өте білімді, еңбекқор, арамызда 30 жастағы дүниежүзіне белгілі, талантты ғалым жастарымыз бар. Ол - біздің қанымызда бар нәрсе, біз ғылымға жақынбыз, енді сол жастар өзінен сенімділік тапса екен деп ойлаймын, адам өз-өзіне сенсе, кез келген шаруашылық мәселелердің барлығы екінші планға өтеді. Өз ісіңнен, шығарған дүниеңнен алатын бақыт миллиондаған теңгеден артық. Соны ұмытпау керек. Жастарға сондай бақыт тілеймін.

Тілші: Сұхбатыңызға көп рақмет, жұмысыңызға табыс тілейміз!


Раушан АРМАНҚЫЗЫ

Өзгелердің жаңалығы