Ғылымсыз, инновациясыз ауыл шаруашылығын көтере алмаймыз - сенатор

23 Сәуір 2021, 13:15
1554
Бөлісу:
Ғылымсыз, инновациясыз ауыл шаруашылығын көтере алмаймыз - сенатор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев Алматыда өтіп жатқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.

Сенатор жиында аграрлық ғылымды дамытпай, ауыл шаруашылығын ешқашан көтере алмаймыз деген ойын айтып, дамыған елдердің үлгісінен бірнеше мысал келтірді.

Мәселен, табиғаты бізге ұқсас Канада елінде жаздық бидайдың өнімі 1 гектарға 25 центнер, бізде тек 12 центнер. Салыстырып көрсеңіздер, біз технология, инновация бойынша қанша қалып отырғанымызды көруге болады. Екіншіден, бізде 2,7 млн бас сүтті сиыр бар екен. Ал Беларусияда екі есе аз, 1,4 млн бас. Бірақ соған қарамай олар бүкіл ТМД елдерін сүтпен қамтып отыр. Ал біз өзімізді сүтпен қамтамасыз ете алмай отырмыз, - деді ол.

Сонымен қатар ол еліміздегі малдың 60 пайыздайы ауылды елді мекендерде екенін айта келе, бұл дайын биологиялық актив дегенді жеткізді.

Алайда біз сол малға жем-шөп таба алмай, не жайылым таба алмай, не жоғары технологияларды тарта алмай отырмыз. Соның салдарынан біздің биологиялық активіміз малдың 60 пайызынан қалып отыр. Мұның барлығы алдағы уақытта істейтін жұмысымыз. Сондықтан ғылымсыз, инновациясыз ауыл шаруашылығын көтере алмаймыз, - деді Күрішбаев.

Айта кетсек, Алматыда қой шаруашылығын дамытуға үлес қосқан әрі екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.

Конференция мақсаты - екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың өмір жолы негізінде жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыру, «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын дәріптеу, қазақстандық аграрлық білім мен ғылымның әлеуетін дамыту.

Өзгелердің жаңалығы