ІІМ бойжеткенді зорлаушылардан құтқарған ұландық жауынгерді марапаттады

23 Ақпан 2021, 12:50
1117
Бөлісу:
ІІМ бойжеткенді зорлаушылардан құтқарған ұландық жауынгерді марапаттады

Нұр-Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бойжеткенді зорлаушылардан құтқарған Ұлттық ұлан жауынгері қатардағы Артем Калашниковты «Қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады, деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.

Ведомство басшысы атынан марапатты әскери қызметшіге Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әмриев табыс етті. Өз сөзінде ол сын сағатта қайсарлық танытқан Артемға алғысын білдіріп, жауынгердің жедел әрі батыл әрекеттерінің арқасында жас қыздың ары, тіпті, өмірі құтқарылғанын алға тартты. 

Артемнің батыл әрекеті әр қазақстандыққа, әсіресе оның қызметтестеріне үлгі болып табылады. Жауынгер еңбек демалысында жүргеніне қарамастан бір сәтке де азаматтық әрі кәсіби парызы туралы ұмытқан жоқ. Өкінішке орай, Ұлттық ұлан жауынгерлері қызмет барысында мұндай оқиғалармен жиі қақтығысады. Өз өмірлеріне төнген қауіптерге қарамастан жауынгерлер мүдірмей, азаматтарды түрлі жағдайлардан құтқарып жатады. Бұл – олардың қызметтік парызы, Әскери анттарына деген адалдықтың белгісі, - деді Талапкер Қыдырұлы.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы да Артемның ерлігін елеп, оны грамотамен марапаттады.
Естеріңізге сала кетсек, оқиға ақпанның 13 күні Шымкент қаласында орын алған болатын. Үйіне келе жатқан Артем қатты айқайлап көмекке шақырған әйел адамның дауысын естіп, ойланбастан сол жаққа қарай ұмтылады. 

Қазіргі таңда бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екінші күдікті ақпанның 21-і күні жедел-іздестіру шаралары кезінде ұсталып, өз кінәсін мойындап үлгерді. 

Қатардағы Артем Калашников Ұлттық ұланның әскери бөлімдері қамқорлық жасайтын «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі болып табылады. Қазақстан инженерлік-педагогикалық университетін тәмамдаған. 2017 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеп, кейін Ұлттық ұлан қатарына келісімшарт бойынша қызметке орналасқан. Бүгінгі таңда Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде әскери жасақ бастығы лауазымында қызмет етіп, қала көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді.

Жауынгер өзінің бойжеткенге жасаған көмегін ерлік деп санамай, бұл оның қазіргі қызметтегі тікелей міндеті екенін алға тартып отыр.

Өзгелердің жаңалығы