Индустрияландыру: Ақмолада 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

28 Мамыр 2020, 15:42
2551
Бөлісу:
Индустрияландыру: Ақмолада 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылады
Фото: ашық дереккөз

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының үшінші бесжылдығында Ақмола облысында 205 миллиард теңгенің 25 жобасы жүзеге асырылады.

Өткен жылдың соңында Үкімет елімізде Индустриалды-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын бекітті. Оның басты мақсаты – ел экономикасының маңызды бөлігі саналатын өңдеуші кәсіпорындарды дамыту болып отыр.

Соңғы бес жыл ішінде Ақмола облысында 189 миллиард теңгенің 39 жобасы іске асырылды. 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Бағдарлама аясында жаңа өндіріс орындары артып, бірқатар кәсіпорындар қайта жаңғыртылды.

Өңірдегі маңызды ауқымды жобалар ретінде жылына 13,1 млрд теңгеге 180 мың тонна өнім өндіретін "Қазатомпром" күкірт қышқылы зауыты, 20 мың тоннаға дейін ет өндіретін "Capital Projects Ltd" бройлерлік құс фабрикасы, құны 30,6 млрд теңгеге 4,1 тонна өнім өндіретін «Казахалтын Technology» серіктестігінің Ақсу, Бестөбе, Жолымбет кеніштеріндегі алтын өндіру фабрикаларын атар едік, - дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Айдрахманов.

Бағдарламаның екінші бесжылдығында өңдеуші салада дайын өнімдер шығаратын өндіріс орындарын көбейту негізге алынса, Индустрияландырудың 2025 жылға дейінгі үшінші бесжылдығында экспортқа негізделген экономиканы дамытуға басымдық беріледі. Бұл қазақстандық жаңа тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.

Облыста өндірілген өнеркәсіптік өнімнің 50 пайызы Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген кәсіпорындардың үлесінде. Индустрияландыру бағдарламасы экономика саласындағы қордаланған мәселелерді шешудің бірден бір жолы. Биыл бағдарламаның үшінші кезеңі аясында 205,6 млрд теңгенің 25 жобасы жүзеге асырылады. Жаңа өндіріс орындары қосымша жұмыс орындарының артуына жол ашады, - дейді Жасұлан Айдрахманов.

Жалпы облыста алдағы бес жылда бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Олардың қатарында Көкшетауда "JohnDeer" ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсету мен жөндеу сервистік орталығы, "BIOTRON GROUP" компаниясының топырақ құнарлығын арттыратын кешенді биотыңайтқыш өндірісі бойынша инновациялық жобасы, Бурабай ауданындағы жылдық қуаты 5 млн тонна кен өндіруге бағытталған тау-кен –гидрометаллургиялық кешені, Целиноград ауданында жылына 5 мың келі бекіре уылдырығын өндіретін ферма салу сияқты ірі жобалар бар.


Өзгелердің жаңалығы