Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер енгізілді

24 Қыркүйек 2020, 13:55
1568
Бөлісу:
Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер енгізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2015 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстанда ипотекалық қарыз алушыларды қолдау үшін жалғыз тұрғын үйді сақтауға, борыштық жүктемені төмендетуге және ипотекалық қарыз алушылар үшін валюталық тәуекелді болдырмауға бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда.

Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген және жалғыз тұрғын үймен қамтамасыз етілген 50 млн теңгеден аспайтын сомасына ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген. 

Қазақстан Ұлттық банкі бағдарламаның бірінші бөлігін іске асыруға 130 млрд теңге бөлді. Қарыз алушы үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді. 

2020 жылғы 1 қыркүйекте 28,3 мың қарыз алушыға 176,7 млрд теңге сомасына көмек көрсетілді, 123,3 млрд теңге сомасына қарыз алушылардың сыйақы, айыппұл (өсімпұл), комиссиялар бойынша берешегі кешірілді. Банктер бөлген қаражат толық көлемде игерілді және револьверлік тетік ескерілгенде қайта қаржыландырылған қарыздардың саны шамамен 40 мың болады, - делінген хабарламада.

Валюталық ипотекалық қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендету және валюталық бағамдардың ауытқуына тәуелділікті болдырмау мақсатында 2018 жылғы 27 наурыздан бастап жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландыруды көздейтін Бағдарламаның екінші бөлігі іске асырылуда. 

Бағамдық айырманы өтеу үшін банктерге 114,4 млрд теңге бөлінген болатын. Әлеуметтік осал топтарға жататын қарыз алушы (ХӘОТ) үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3% мөлшерінде белгіленеді, бұл қарыз алушының борыштық жүктемесін 2 еседен аса төмендетуге мүмкіндік береді.


Өзгелердің жаңалығы